Басты ақпаратЕл тынысы

Жол жүрісі туралы заң: не өзгереді?



Мәжіліс «Жол жүрісі туралы» заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске көлік құралдарының жекелеген түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бо­йынша заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.

Мопедтер – көлік құралы

Негізгі заңда шағын электр­лі және көлік құралдарының жекелеген түрлерінің қозғалысын бақылау ұсынылады. Бұл мопедтерді пайдалану мен қозғалыс ережелерін реттеуге көмектеседі. Осыған байланысты қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден төмен мопедтер автокөлік құралына жатқызылады. Олар тіркеуден өтіп, мемлекеттік нөмірді алуы қажет. Сонымен қатар заң жобаларын пысықтау кезінде елге әкелінген мопедтердің көптігіне қатысты тәуекелдер де ескерілді. Осы жұмысты ұйымдастыру кезінде жаппай ажиотажға жол бермеу үшін оларды тіркеудің жаңа талаптары заңға қол қойылған соң 6 айдан кейін күшіне енеді. Бұл уақыт мұндай мопедтерді «заңдастыру» үшін беріледі.

Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізіледі. Мопедтерді басқару үшін азаматтар уәкілетті органда міндетті тіркеуден және жыл сайынғы техникалық байқаудан өтеді. Сонымен қатар азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды рәсімдеуі қажет. Тағы бір маңызды талап – «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алу. Ол «А», «В» және «С» санатындағы жүргізушілерге қосымша дайындықсыз автоматты түрде беріледі. Сондай-ақ жүргізуші куәлігіне қатысты мәселелерді шешуге 6 ай уақыт беріледі. Бұл ретте мопед жүргізушілері де автокөлік жүргізушілері сияқты жауапкершілікке тартылады. Бұрын жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін олар басқа жол қозғалысына қатысушылар сияқты ӘҚБтК-нің 615-бабына сәйкес 2 АЕК мөлшерінде айыппұлмен жазаланатын. Енді ереже қабылданғаннан кейін автокөлік жүргізушілері секілді мопед жүргізушілеріне де барлық жауапкершілік жүктеледі. Мәселен, тыйым салынған бағдаршамнан өткені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 599-бабында көзделген 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Қазір мас күйінде мопед жүргізу ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Оған сәйкес қоғамдық орындарға мас күйінде шыққандарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ереже қабылданғаннан кейін мопед жүргізушілері ӘҚБтК-нің 608-бабы – жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы бойынша жауапкершілікке тартылады. Бұл бап бойынша 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру қарастырылған.

7 жылға дейін құжат ала алмайды

Заң қабылданғаннан кейін жүргізуші куәлігі жоқ және оны алмай тұрып көлік құралын басқарған, оның ішінде алкоголь немесе есірткі қолданған, мас күйінде жауапкершілікке тартылған тұлғалар 7 жылға дейін емтихан тапсыруға жіберілмейді. Қазіргі таңда олар әкімшілік жазаны өтеп, емтиханды оңай тапсырып, жүргізуші куәлігін ала алады. Осыған ұқсас айыптар бойынша жауапқа тартылған жүргізушілер 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Орташа және максималды жылдамдық енгізіледі

Негізгі заңда «орташа жылдамдықты» енгізу мен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жылдамдықты шектеуді бақылаудың жаңа тәртібі көзделген. Ол аттестатталған бақылау-өлшеу құралдары мен аспаптары орнатылған жолдардың түзу учаскелерінде және қала сыртындағы айналма жолдар жоқ жерлерде автоматты түрде есептеледі. Бүгінде республика бойынша 94 қондырғы орнатылған. Түзетулер мұндай жолдарда жүргізушілердің жылдамдықты азайтып, оның салдарынан болатын апаттардың санын азайтады. Бұл ретте «орташа жылдамдықты» асырғаны үшін жауапкершіліктің жаңа түрі енгізілмейді. Қолданыс­тағы ӘҚБтК-нің 592-бабында белгіленген жылдамдықты 10-нан 20 км/сағ асырғаны үшін 10 АЕК айыппұл түріндегі жаза қарастырылған. Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске көлік құралдарында белгіленген жылдамдықты 60 км/сағ және одан да асырғаны үшін 40 АЕК көлемінде айыппұл түріндегі қатаң әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.

Техникалық байқауға талап күшейеді

Көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізумен айналысатын ұйымдардың жұмыс тәртібі хабарлама жіберуден рұқсат беруге ауыстырылады. Енді олар өз қызметін бастаған кезде құжаттар пакетін ұсынуы және тиісті материалдық-техникалық базасы болуы қажет болады. Тексеру процедурасының өзіне және оны бақылауға қойылатын талаптар да артады. Осы өзгерістер техникалық ақаулары бар көліктер де жол қозғалысына жіберіле беретін формальды техникалық байқауларды жою үшін енгізіліп отыр. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғалары, соның ішінде өлім-жітімнің көбеюі мен пайдаланылған газдардағы зиянды заттар деңгейінің жоғарылауына әкеп соғады. Соңғысы – елді мекендерде аурулар мен улануларға себеп болатын газдың жоғары ластану факторының бірі.

Емтиханға өз бетінше дайындалмайды

«Жол жүрісі туралы» заңда көлік жүргізушілерін оқытуға қатысты түсіндірмелер енгізілген. Енді оларды оқыту арнайы білім беру ұйымдарында ғана жүзеге асырылады, яғни өз бетінше оқыту алынып тас­талды. Сонымен қатар оқу және емтихан тапсыру кезінде нұсқаушылар көлік жүргізушісі болады. Ал қалаларда оқыту келісілген бағыттар бойынша және көлік жүргізуді үйрететін маманның (нұсқаушының) қатысуымен жүргізілуге тиіс.


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button