Құқық

Жолаушылар құқығын қалай қорғаймыз?



Қоғамдық көліктерде тасымалдаушылар тарапынан санитария және гигиена саласындағы заң бұзушылықтарға куә болған жағдайда не істеу керек? Бұл мақалада теміржол, әуе және су көлігі жолаушыларына осы сұрақпен қалай, қайда дұрыс өтінім немесе шағым беру керегін қарастырамыз.

Мұндай жағдайда кез келген азамат ҚР Денсау­лық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Көліктегі санитария­лық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне немесе заң бұзушылықтың анықталған жеріне байланысты осы департаменттің қарамағындағы тиісті бөлімшелік басқармаға өтініш бере алады.

2023 жылы департаментке және бөлімшелік басқармаларға 423 жолданым түсті, оның ішінде 50-ге жуық жолданым кәсіпкерлердің қызметін дұрыс атқармауы, көлік объектілерінің санитариялық жағдайының нашарлығы, улану жағдайлары және басқа да санитариялық-­гигиеналық талаптардың бұзылуына байланысты болды. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен БАҚ-ты мониторингілеу барысында теміржол және әуе жолаушылар көлігінің санитариялық жағдайының төмендігіне қатысты 60-қа жуық посттар мен комментарийлер жария­ланғаны анықталды. Департамент оларға тиісті жауаптар берді, оның ішінде жазба авторларына ресми түрде жолданым беру ұсынылды, сондай-ақ осы материалдар негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне тасымалдаудың қауіпсіз жағдайын қамтамасыз ету үшін ұсынымдық сипаттағы хаттар жолданды.

Нақты фактілер бо­йынша жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін келіп түскен жолданымдар мұқият зерделенеді, барлық тексеру парағы қарастырылып, жолданым себебіне қатысты тармақтар ғана таңдалады. Тексеру жүргізу туралы акт шығарылады, онымен кәсіпкер танысуы керек. Егер жолданым расталса, онда оны қарау қорытындысы бойынша әкімшіліктің бұл іске ден қою шаралары қабылданады.

Субъектілерге (объектілерге) қатысты жоспардан тыс тексерулер қатаң және ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда міндетті тіркеуден өткізіліп, жолданымда дәлелді негіздер мен растайтын дәлелдемелер болған кезде бақылау, қадағалау субъектісін алдын ала хабардар етпей жүргізіледі. Басқа жағдайда тексеру жүргізу нысанасын көрсете отырып, оның басталуына кемінде бір тәулік қалғанда хабардар етіп жүргізілетінін есте ұстаған жөн. Жолданымдар анонимді болған жағдайда жоспардан тыс тексерулер жүргізілмейтінін ерекше атап өтеміз. Сондай-ақ 2024 жылдың басынан бастап шағын, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий аяқталғанына назар аудартамыз.

Ал жолданым беру реті мынадай:

  1. Дәлел ретінде тасымалдаушы тарапынан заң бұзушылықтар фактісін (фото (күні мен уақыты көрсетілген сутаңбасы бар тиімдірек) не бейнежазба (жазбада күні мен уақытын жариялау) тіркеп, тасымалдаушының атауын, байланыс деректерін нақтылап, билетін сақтау керек.
  2. Жолданымды egov.kz порталы арқылы электрондық тәсілмен «Электрондық өтініштер» қыз­метін таңдау арқылы не тікелей eotinish.kz ресурсында, сондай-ақ сканерленген түрде dsekt@dsm.gov.kz электрондық пош­тасына немесе тікелей департамент кеңсесіне қағазбен, әлде поштамен Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Қарасай батыр көшесі, 2А мекенжайына не департаменттің қарамағындағы тиісті бөлімшелік басқармасына жіберуге болады.
  3. Жолданымда тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), ЖСН (бар болса), пошталық мекенжайы, әкімшілік органның атауы, жолданымның мәні (жоғарыда аталған дәлелдемелерді қоса бере отырып), жолданым жіберілген күні, өтініш берушінің немесе оның өкілінің қолы, сондай-ақ ҚР заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер көрсетілуі қажет.
  4. ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) 76-бабына сәйкес жолданымды қарау мерзімі жолданым келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күнді құрайды (белгіленген тәртіпте ұзарту мүмкіндігімен). Жолданымды әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қарау кезінде жолданым беруші қосымша мәліметтерді, ақпаратты, оның ішінде жолданымды жан-жақты және толық қарау үшін маңызы бар материалдарды ұсынуға құқылы.

Заң бұзу фактілері расталмаған жағдайда белгіленген талаптарға сәйкес өтініш берушінің сөзін тыңдау арқылы ескертулер мен ұсыныс­тарды кейіннен талқылай отырып, алдын ала жауап жіберіледі. Әкімшілік рәсім шеңберінде қабылданған шешім және дәлелді жауаппен келіспеген жағдайда, ӘРПК талаптарына сәйкес өтініш беруші лауазымды тұлғалардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) және әкімшілік мемлекеттік органның қабылдаған шешімдеріне шағымдана алады. Шағымды әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік актінің қабылданғаны немесе әкімшілік іс-әрекеттің (әрекетсіздіктің) жасалғаны туралы белгілі болған күннен бастап 3 айдан кешіктірмей әкімшілік органға әкімшілік актісі, әкімшілік іс-әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасалатын лауазымды тұлғаға қатысты беруге болады, дәлелдер қанағаттандырылмаған жағдайда 3 жұмыс күні ішінде шағым жоғары тұрған әкімшілік органға (лауазымды тұлғаға) жіберіледі.

Шағымның нысаны мен мазмұны бойынша ӘРПК-нің 93-бабына сәйкес мынадай талаптарды сақтау қажет:

  1. Шағым жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) түрде беріледі.
  2. Шағымда мыналар көрсетіледі:

1) шағымды қарайтын органның атауы;

2) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке бас­ты куәландыратын құжатта көрсетілсе), ЖСН (бар болса), пошталық ­мекенжайы;

3) нақты тұрғылықты мекенжайы;

4) әкімшілік актісі, әкімшілік әрекеті (әрекетсіздігі) дауланатын әкімшілік органның, лауазымды тұлғаның атауы;

5) әкімшілік рәсімге қатысушы өзінің талаптары мен дәлелдемелеріне негізделетін мән-жайлар;

6) шағым берілген күн;

7) әкімшілік рәсімге қатысушының қолы;

8) шағымға қоса берілетін құжаттардың тізбесі;

9) ҚР заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер.

ӘРПК-нің 99-бабына сәйкес шағымды қарау мерзімі шағым түскен күннен бастап 20 жұмыс күнін құрайды (ұзарту мүмкіндігінсіз). Егер заңда басқаша көзделмесе, сотқа жүгінуге сотқа дейінгі тәртіппен не жоғары тұрған әкімшілік органның (лауазымды тұлғаның) болмауы себебінен шағымданғаннан кейін жол беріледі.

Осылайша, көліктерде халықтың санитария­лық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заң бұзушылықтарға куә болған азаматтардың өтінім немесе шағыммен дұрыс және уақытылы жүгінуі белсенді азаматтық ұстанымды білдіріп қана қоймай, сонымен қатар жолаушылардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

 Денис ПАНЧЕНКО,

Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары – әдеп жөніндегі уәкіл

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button