Басты ақпаратҚала мен Сала

Жолдар жөнделеді, көлік қызметі жақсарады



Бүгінде елорданың көше-жол желісін дамыту, қоғамдық көлік жұмысын жақсарту мәселесі өзекті болып отыр. Осыған орай, Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ержан Диханбаев бас шаһардағы жол-көлік жұмысының жай-күйі мен оны жақсарту шаралары туралы баяндады.

Жолдар жөнделіп жатыр

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, қазіргі кезде Астанада жалпы ұзындығы 868,3 шақырымды құрайтын 1 129  көше бар, солардың 90,7 пайызы, яғни 803,7 шақырымы асфальтталғанымен, қалған 9,3 пайызы немесе 64,6 шақырым жолға әлі тас төселмеген.

Сондай-ақ 60 инженерлік құрылым, оның ішінде 8 көлік айрығы, 9 жол өтпесі, 24 автожол және 5 жаяу жүргіншілер көпірі, 4 жерүсті және 9 жерасты жаяу жүргіншілер өткелі бар.

– Биыл 31 жоба жүзеге асырылады, оның 21-і ауыспалы жоба болып табылады. 31 нысанның 4-еуін ағымдағы жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүгінде 6 жаңа нысан бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Ержан Диханбаев.

Қазіргі таңда 3 ірі нысанда, атап айтсақ, Тәуелсіздік көпірінде, Тілендиев және Бейсекова көшелерінің қиылысындағы жол айрығында және Алаш тас жолы бойындағы көпірде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Тұрғын алаптар назардан тыс қалмайды

Жол жөндеу және салу жұмыстары қаланың шет аймақтарында да жүріп жатыр. Бөлінген қаражат есебінен Астана қаласының 5 тұрғын алабында 6 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Астанада жалпы ұзындығы 868,3 шақырымды құрайтын 1 129  көше бар, солардың 90,7 пайызы, яғни 803,7 шақырымы асфальтталған

– Орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары да жүйелі жалғасуда. Бүгінгі күні бөлінген қаражат есебінен жалпы ұзындығы 47,2 шақырымды құрайтын 69 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ұзындығы 27,4 шақырым болатын 44 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал жалпы ұзындығы 15,6 шақырымды құрайтын 16 көшеде қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Сонымен қатар, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шұңқырлы, маршруттық жөндеу жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылы қаладағы 250-ден астам көшеде шұңқырлар жөнделіп, ұзындығы 5,5 шақырым болатын 13 жаяу жүргіншілер жолы қайта қалпына келтірілді.

Бөлінген қаражат есебінен жүргізілген жұмыстарға тоқтала келе, басқарма басшысының орынбасары қаладағы аялдамалар мен пандустардың жағдайын атап өтті.

– Жолаушыларға сапалы қыз­мет көрсету үшін 40 аялдама қайта жабдықталды. Қала аумағында орналасқан 12 аялдамада жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, жыл соңына дейін 4 аялдаманы қалпына келтіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тротуарлардан 207 арба пандус жабдықталды. Осы жылдың соңына дейін тағы 300-ден астам пандус қалпына келтірілетін болады, – деді Ержан Диханбаев.

Қаладағы үш тұрақ аймағы, нақтырақ айтсақ, Мичурин тұрғын алабындағы №43 мектептің маңындағы тұрақ аймағы, №55 мектепке қарама-қарсы орналасқан жердегі және Таха Хусейн көшесіндегі №1 үйдің жанындағы тұрақ аймағы қайта жабдықталды.

Көлік және жол-көлік инфра­құрылымын дамыту басқармасы басшысының айтуынша, бүгінгі таңда елордада көшелер мен кірме жолдарды инертті материалмен толтыру жұмыс­тары да қызу жүріп жатыр. Бас қаладағы 147 учаскеге, атап айтсақ, Байқоңыр ауданындағы 64 көшеге, Сарыарқа ауданындағы 35 көшеге, Алматы ауданындағы 20 көшеге, Есіл ауданындағы 15 көшеге және Нұра ауданындағы 13 көшеге инертті материалдар төгілген.

Әлеуметтік нысандарға өтетін жолдар да жөнделуде. Бұл ретте Астанадағы тұрақ аймақтары мен тротуарларды жайластыра отырып, алдағы уақытта әлеуметтік нысандарға 7 кірме жол салу көзделіп отыр.

Көпірлер көркейіп келеді

Биыл қаладағы 32 көлік құрылысына, оның ішінде 8 үлкен көпірге, 6 шағын көпірге, 3 жаяу жүргіншілер көпіріне, 2 жол өтпесіне, 7 көлік айры­ғына және 6 жерасты жаяу жүр­гіншілер жолына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Қазіргі кезде Беласар көпірінде, Мәңгілік ел даңғылы – Сарайшық көшелерінің қиылысындағы жол айрығында, М3 көпірі мен «Можайский» көпірінде және жасыл аралдағы көпірде көпірлердің металл құрылымын сыр­лау, деформациялық жіктерді жөндеу, доңғалақ ойықтарын орнату, бүлінген жерлерді гранит плиткамен қаптау секілді басқа да жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

10 мың ақылы автотұрақ ашылады

Елордада «Астана қаласының ақылы тұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы 2018 жылдан бастап іске асырылып келеді. Оған «Астана тұрақ кеңістігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты екенін айта келе, қоғамдық кеңес отырысында басқарма басшысының орынбасары осы шарт аясында елордада жаңа ақылы автотұрақтардың ашылатынын атап өтті.

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты аясында қалада 10 мың ақылы тұрақ орындарын іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде 7 500 автотұрақ орны іске қосылды. Жобаның мақсаты – жол бойында көлікпен аялдау ережелерінің бұзылуын азайту, ақылы тұрақ аймақтарында көлік құралдарының барлық түрлерінің қозғалыс жылдамдығын және тұрақ орындарының айналымын арттыру. Сонымен қатар, автотұраққа қоймайтын көліктердің санын қысқарту және тұрғындарды қоғамдық көлікті пайдалануға ынталандыру, – деді Ержан Диханбаев.

Қоғамдық көліктер көбейді

Елордада қоғамдық көліктердің саны арта түсті. Қалаға жаңа автобустар әкелінуде.

– Бүгінгі таңда елордада 6 автобус паркі бар. Олардың 1-і – коммуналдық және 5-і жекеменшік парк. Қоғамдық көліктер 91 бағытта қатынайды. Оның 63-і қала ішінде, қалған 28 автобус қала маңына жүреді. Күн сайын желіде 850-ге жуық автобус қызмет көрсетеді. 2022-2023 жылдары қоғамдық көлік қызметін жетілдіре түсу мақсатында 4 жаңа бағытта автобустар іске қосылды. Олар  №121, №327, №328 және №329 бағытында жүреді. Сонымен қатар, 44 бағыттағы автобустардың қозғалыс кестесі өзгертілді, Bus Lane 2 учаскесі енгізілді және қала маршруттарының жұмыс кестесі де ұлғайтылды, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Жасыратыны жоқ, соңғы кезде елорданың қоғамдық көлігі жылжымалы құрамның тапшылығын сезінуде. Қалалықтар санының жоспардағыдан тыс өсуі қосымша автобустарға деген қажеттілікті туындатып отыр.

– Бұл мәселені шешу үшін 2023 жылы 400 бірлік автобус сатып алынады, оның 125-і қалаға әкелінсе, 320 автобусты коммуналдық автопарк және 80 автобусты жеке парктер сатып алады. Елордада халық санының өсуін ескере отырып, жыл сайын 100 автобус сатып алу қажет. Автобустарды сатып алу аясында 6 жаңа маршрут іске қосылады. 95 автобустың қозғалыс кестесі ұлғайып, 55 ескі автобус жаңартылады, – деді Ержан Диханбаев.

Жалпы, елордалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы жолаушылар тасымалы сервисін жақсарту және елорда қонақтары мен тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button