Мәдениет

Жүрегін ызғар қарыған



Өткен ғасырдың соңында күллі қазақтың арманы орындалып, қазақ елі тәуелсіздік алды, дегенмен қазақ ұлтының тартқан тауқыметі де аз болған жоқ.

Ашаршылықтан, саяси қуғын-сүргіннен, Екінші дүниежүзілік соғыстан саны аза­йып, шаңырағы қисайған қазаққа желтоқсан оқиғасының ызғары да оңай соққан жоқ. Азуын айға білеген Кеңес Одағының шаңырағын шайқалтқан осы оқиғада қазақтың өрімдей ұл-қыздары асқан ерлік көрсетті. Солардың қатарында болып, қайғылы оқиғаны өз көзімен көргендердің бірі – Баян Әлиқызы.

Баян Бопаева – Үржар ауылының тумасы. 1985 жылы Қызылту орта мектебін бітірген ол 1986 жылы Қаскелең қаласындағы педучилищеге оқуға түседі. «16 желтоқсан күні группаның старостасы, құрбым Салтанат Қаңлыбаева екеуміз кассадан ақша шығарып алуға Алматыға келдік. Күн еңкейген мезгілде жұмысымызды бітіріп сыртқа шыққан едік, алаң жақтан айқай-шу естілді. «Не болып жатыр екен?» деп жұрт жиналған жаққа таман барып, бір жас жігіттен жөн сұрап едік, «қыздар, сендер естімедіңдер ме? Бүгін 18 минуттық пленумда Д.Қонаевты орнынан алып, бірінші хатшылыққа рес­публика халқына мүлде таныс емес, қазақ халқы туралы еш хабары жоқ қайдағы бір кісіні қойыпты, Колбин дей ма, біреу…» деп жауап қайырды. Мұны естігенде біздің де намысымыз оянды да, бейбіт шеруге қосылдық та кеттік» деп еске алды Баян Әлиқызы.

Алаңға жиналған жұрт өзінің орынды талаптарын қойғанмен, естір құлақ болған жоқ. Керісінше, жастардың өзін кінәлап, оларды күштеп таратудың құпия жоспары жасалып жатты. Алаңдағы жастар бір күн тұрса да, одан ештеңе өнбегеннен кейін, 17 желтоқсан жастар алаңға қайта жиналды. Туыстарына «сабаққа барамын» деп үйден шыққан Баян да алаңнан табылды. Қанды жаныштау да осы күні басталды.

– Алаңға тарттық. Келсек, СХИ, КазГУ, Зооветинститут, Нархоз студенттері «Әр ұлттың өз басшысы болуы керек!» деген плакаттар ұстап, «Әр халықтың өз көсемі болуы керек. Қазақстанға қазақ басшы керек!», «Колбин кетсін!» деп ұрандатып тұр екен. Соларға қосылдық та кеттік. Ойымызда еш жамандық жоқ. Брежнев алаңындағы шеру қанды оқиғаға айналады деп мүлде ойлағанымыз жоқ. «Атамекен», «Менің Қазақстаным» әндерін шырқаған жастар бір-бірімізді қолдап, өзара медет бердік. Жігіттер қыздарға қамқорлық танытса, қыздар жігіттерді қолдап, жігерлендіріп тұрды, – деп бір тынып алған Баян Әлиқызы одан былайғы әңгімені былай жалғастырды:

– Ызғырық сүйектен өтеді. Тоңып, бір жағы қарнымыз ашып, жаурап та тұрмыз. Бір уақытта қоршап тұрған солдаттар бізге су шашып, ұлығып тұрған жастарды ұрып-соға бастады. Алаң опыр-топыр болды да кетті, мен арқамнан тиген қатты соққыдан қалпақтай ұштым. Еңбектеп тұра алмай жатқан мені әлдекімдер тұрғызбақ болғанда, пальтомның жағасы жыртылып кетті. Сол кезде папаха киген бір ер адам «қызым, мына жаққа қарай жүгір» деп белгі берді. Салтанат екеуміз солай қарай тұра жүгірдік, артымызда иттер қуып келеді. Біз сол екпінмен 28 панфиловшылар паркінен бір-ақ шықтық. Айналып «Саяхат» автовокзалына барсақ, арт жағында бір есік ашық тұр екен, жығылып-сүрініп ішке еніп едік, іште бір орыс әйел еден жуып жүр екен. «О, Боже» деп қорқып кетті де, дереу селт етіп, «былай жүріңдер» деп ымдады, сүйретіліп сол кісінің еден жуатын саймандары тұратын қуысқа кіріп кеттік. Арқам удай ашып, басым мең-зең, Салтанат та оңбай таяқ жепті, аяғын уқалап отыр. Жылы жер екен, сол жерде ұйықтап қалыппыз.Таңғы 6-ларда апай оятты, «Тынышталды, солдаттар кетіп қалды, менен сұрады, «жоқ, көрмедім» деп айттым» деді. Орыс болған соң оның сөзіне сенген шығар. Бізге орыс апайдың үлкен көмегі тиді. Ол кісі автобусқа билет алып келді, таңғы 7:30-да жолға шықтық.

Жол бойы тексеру. «Студентпіз, сабаққа бара жатырмыз» деп студенттік билетімізді көрсетеміз. Қазақ милиция жігіттері үндемейді, қазақша «абайлаңдар» деп күбірлеп қояды. Ол кезде қазақша сөз айтудың өзі ерлік еді. ­Аман-есен училищеге жеттік, келсек ­абыр-сабыр.

«36 «А» группасының кураторы Майра Валиевна біздің қайда барғанымызды сезді, білем, «Сендер қалаға ақша шешіп алуға бардыңдар, солай айтасыңдар» деді. Бізді банктің сол бір жапырақ чегі құтқарды. 2-3 күннен кейін КГБ-дан адамдар келіп сұрақтың астына алды. Кураторымыз араға түсіп аман қалдық. Содан бері аязы сүйекті, ызғары жүректі қарыған желтоқсан айын еш ұмытқан емеспін. Жадымда шемен болып байланды да қалды.

Бізді қоршаудан шығарып жіберген адамның да кім екенін кейін білдік. Ол генерал М.Қалматаев екен. Кездесудің сәті түспеді. Ол ағамыз да марқұм болып кетіпті. Ал «Саяхат» автовокзалындағы орыс апайды неше рет іздеп бардым, жұмыстан кетіп қалыпты. Сол беті таба алмадым.

Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Күні кешеге дейін алаңда болғанымызды жасырып, елге айтудан қорқып жүрдік. Менің жастармен бірге алаңға шыққанымды ата-анам білген жоқ. Кейін фотомды көріп (алаңда тұрғанда фотоға түсіріп алған ғой) «сен бе?» дегенде, «жоқ» деп жалтарып жүрдім. Әбден қорқып қалғанбыз ғой. Қазір бас қалада бақытты тұрмыс кешіп жатырмын. Жылы жанұям, екі балам бар.

Желтоқсанға әлі толық баға берілген жоқ. Меніңше, желтоқсаншыларға да саяси мәртебе беру керек. Арамызда әлі күнге дейін ақталмаған адамдар да бар. Бұл – тәуелсіз елімізге үлкен сын. Өйткені жастар алаңға Қазақ елінің мүддесін қорғап шыққан жоқ па?! – деп Баян апай терең тыныс алды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button