Мәдениет

«Жұлдызды гид» жалғасты



Ұлттық музейде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Жұлдызды гид» жобасы жалғасты. Бұл жолы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының актері, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Олжас Дәлелхан экскурсия жүргізді.

Аталмыш жоба 2015 жылы басталды. Оған сол уақыттан бастап танымал әртістер мен әншілер, өнер иелері қатысып келе жатыр. Жобаның мақсаты – экскурсия жүргізуші қызметінің ерекшелігін таныстыру, кең аудиторияға музей экспозициясындағы жәдігерлерді, тарихи-мәдени мұраны насихаттау.

Олжас Дәлелхан экскурсияны «XIII-XX ғғ. Қазақстан тарихы» залы бойынша жүргізді. Бір атап өтерлігі, биыл Ұлттық музейдің ашылғанына 10 жыл толады. Ал бұл залды жасақтау мәселесі музейдің ғылыми кеңесінде талқыланып, суретші, этнограф-қ­арутанушы Қалиолла Ахметжан, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев сынды ғалымдар өз ескертулері мен ұсыныстарын жеткізді. Нәтижесінде «Тарих тұғырындағы ұлы тұлғалар» – Қожа Ахмет Яссауи, Әбу Насыр әл-Фараби, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Қаныш Сәтбаев, «XIX-XX ғғ. өнеркәсіп және қалалар», «Қазақ хандығының өркендеуі», «Қазақ қоғамындағы батырлар институты», «Қазақ халқының рухани мәдениеті (жыраулар), «Билер институты», «Қазақ хандығының патша өкіметіне қосылуы және ұлт-азаттық көтерілістер», «XX ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысы және ұлттық автономиялар», «Кеңес өкіметінің орнауы. Қырғыз (Қазақ) автономиясының құрылуы. Индустрияландыру)», «Кеңес өкіметінің қуғын-сүргін саясаты. Гулаг: Алжир, Карлаг (1937-1938 жж.)», «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941-1945 жж.)», «1946-1991 жылдардағы Қазақстан: ғылым, мәдениет, спорт», «1946-1991 жылдардағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі: саясат, полигон, тың игеру, Арал мәселесі, Желтоқсан оқиғасы» секілді экспозициялар құрылды.

Олжас Дәлелханның еншісіне сол ғасырлардағы ел тарихы мен ірі оқиғаларды таныстыру бұйырды. Экскурсиядан кейін актермен музей кітапханасында кездесу ұйымдастырылды. Онда өмірлік ұстанымы мен көзқарасы, актер болудың қызығы мен қиындығы туралы сұрақтар қойылды. Іс-шара соңында Ұлттық музей директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева «Жұлдызды гид» шоу-жобасының жыл бойы жалғасатынын жеткізіп, актерге ұжым атынан алғыс айтты.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button