БілімЖаңалықтарҚоғам

ЖҮЗ ОН ЖЫЛ БІЛІМ НӘРІН СЕПКЕН



Елордада тарихы ғасырдан асқан білім ордасы сирек. Тіпті жоқ десе де болады. Біз білетін бір ғана оқу орны бар. Ол – ХХ ғасырдың басында, яғни 1907 жылы қазақ-татар медресесі болып ашылған Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы.

989

Биыл аталған оқу ордасына 110 жыл толды. Бір ғасырдан астам уақыт. Талай тарихтың көзі тірі куәгері. Мектеп тарихы ежелгі Қараөткелдің өткенімен сабақтасып жатыр. Одан бір-бірін бөліп қарай алмайсыз. Алғаш қазақ-татар медресесі болып жеткіншектерге есігін ашқан мектепке 1909 жылы Қазан қаласынан арнайы шақырумен Ғалымжан Құрмашев деген ұстаз келіп, оқу бағдарламасына негізгі пәндерді енгізеді. Сол жылы оқуға 78 оқушы қабылданған. 1911 жылдан бастап қыздар да білім ала бастайды. Арасында сабақтың тоқтап қалған кездері де кездес­кен. Мәселен, 1918 жылы оқу ғимараты Колчак армиясының әскери госпиталі болған. Келер жылы Кеңес үкіметінің көмегімен қайта ашылады. Сол жылдары оқу орны жанынан мұғалімдер дайындайтын курс жұмыс істейді. 1930 жылы білім ордасы кеңейіп, жеті жылдыққа айналады. 1940 жылы мектепке әйгілі халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Біз мұны неге тізбектеп отырмыз? Көпшілік оның тарихынан хабарсыз да болуы мүмкін. Сондықтан оның жүріп өткен жолынан кішкене болса да оқырманға сыр суыртпақтағымыз келді.

Міне, осындай неше түрлі өткелекті бас­тан кешкен мектеп кеңес дәуірі кезінде тың орталығы саналған Ақмоладағы қа­зақ балалары білім алатын алтын ұя атанды. Осындай тарихы терең оқу ордасынан та­лай тарландар түлеп ұшты. Айталық, қо­ғам және мемлекет қайраткері Қасым Тәу­кенов, химия ғылымдарының докторы, профессор Жұмагүл Баярстанова, көр­некті ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Нәзира Ахматуллина, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Айтбай Бұлашев, журналист Дүкеш Бәйімбетов, композитор Мұхаметқали Тінәлин, С.Сейфуллин музейінің алғашқы директоры Роза Асылбекова, ұстаз Оспан Сүлейменов, белгілі кәсіпкерлер Марат Нәбиев және Есенжол Бекішев секілді көп­теген елге танылған азаматтар қанаттанды.4354323

Кеңес заманында ұлттық мектептерді жаппай жабу саясаты жүргізілгені мәлім. Әсіресе, ол өзге жұрт тығыз орналасқан солтүстік өңірлерде қарқынды өріс алды. Көптеген қазақ ауылдарында ұлттық мектептер жабылып, барлық балалар орыс тілінде білім алуға тура келді. Сондай сұрқия саясат қаладағы жалғыз қазақ мектебін де шарпымай өтпеді. Сол кезде оған ұлтжанды азаматтар өре түрегеліп, қарсылық көрсетті. Жүрегі «халқым» деп соққан зиялылар мен ұстаздар бала санын толтыру үшін әрбір үйді жағалап, ерлікпен пара-пар жұмыс істеді. Бүгінде соның бәрі ертегі секілді. Ал, негізі, болған оқиға. Сол бір қиын жылдары білім ордасында Гүлшара Айдашева, Халима Әубәкірова, Майшарап Қадырова, Қорлан Айтжанова, Темкен Қасенов, Сағат Сарбаев, Отызбай Сүйіндіков секілді көптеген ұлағатты ұстаздар қызмет атқарып, жеткіншектерге сапалы білім мен ұлттық тәрбиенің дәнін еге білді.

1999 жылы оқу ордасына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ат басын бұрып, мұғалімдер және оқушылармен пікір алмасып, оқу-тәрбие бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді.

Бүгінде Жамбыл бабамыз атындағы гимназияның жеткен биігін термелесек сан жетпейді. Елордадағы ең үздік мектептердің бірегейі. Онда оқитын оқушылар өз білім ордаларын мақтан тұтады. Ата-аналар да балаларын сонда оқытқанды қалап тұрады. Өйткені онда ғасырдан астам қалыптасқан әдемі дәстүрдің ізі өшпеген.898989

Қазіргі таңда оқу ордасын тәжірибелі маман, майталман мұғалім Базаркүл Сыздықова басқарады. Мектепте 1700-ден астам оқушы білім алады. Директордың айтуынша, биыл 11-сыныпты 105 оқушы тәмамдамақ. Соның 5-еуі – «Алтын белгіге», 1-еуі үздік аттестатқа үміткерлер қатарынан.

– Біздің мектептің оқушылары өте дарынды. Оқуға да, өнерге де, спортқа да алғыр. Білім бәйгелерінен ешқашан қанжығамыз бос қайтып көрген емес. Биылдың өзінде қаншама байқауға қатысып, алдыңғы орыннан көріндік. Соның бәрі балалар мен мұғалімдердің еңбегі деп айтар едім. Бұған дұрыс бағыт беріп отырған ата-аналарды да қосуға болады. Елімізді айтпағанда, шет елге барып мемлекетіміздің абыройын асқақтатып оралған озаттарымыз жетерлік. Айталық, Бразилияда болған халықаралық «MOSTRATEC» ғылыми жобалар байқауында екі оқушымыз 2-орынды, тағы да осы елде өткен ғылыми олимпиа­дада төрт жеткіншегіміз күміс және қола медальді жеңіп алды. Оңтүстік Кореядағы «Жас ғалым» ғылыми жобалар жарысында екі баламыз үшінші орынды иеленсе, Грузияда болған «IYIPO-2016» білім сайысынан екінші жүлдемен оралдық. Мәскеудегі «Математика және жобалау» атты халықаралық ғылыми жобалар са­йысынан да ІІ орынды иелендік. Енді айта берсе, қол жеткізген жетістіктеріміз көп. Соның бәрі алтын ұямыздың 110 жылдық мерейтойына тамаша тарту болды, – деп қуана жеткізді Базаркүл Сағындыққызы.

876879

Біз де ғасырдан астам тарихы бар оқу ордасына толайым табыстар тілейміз!

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button