Басты ақпаратҚала мен Сала

Жылу тұтыну мәселесі талқыланды



Астана қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасында көппәтерлі тұрғын үйлердің жылуды тұтыну мәселелеріне қатысты дөңгелек үстел өтті. Елорда Астана қаласы мәслихатының депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының, Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра, Сарыарқа аудандары әкімі аппараттарының мамандары, «Астана-Теплотранзит» АҚ, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, қауымдастықтар мен сервистік компаниялардың басқарушылары қатысқан отырыста энергия тиімділігі мен жылудың біркелкі бөлінуін арттыру және жылыту шығынын азайту сынды өзекті мәселелер талқыланды.

Тұрғындарды тол­­­ғандырған проблема бо­йынша дөңгелек үстел аясында өкілдер көппәтерлі тұрғын үйлердің ішінде инженерлік жүйе­лерді қалай дұрыс пайдалану керектігі туралы өз ұсыныстарын білдірді. Сервистік компания басқарушысы Г.Әбдірова бүгінде жылыту маусымының аяқталуға жақын қалғанын айта келе, биылғы маусым аяқталысымен келер жылдың жылыту кезеңіне дайындық басталатынын, осыған орай, ең алдымен, қандай ережелер бойынша әрекет етуіміз керектігін түсіну үшін атқарылатын жұмысты нақты анықтап алудың маңызды екенін атап өтті.

– Қазіргі таңда коммуналдық төлемдер бойынша мәселе өте өткір тұр. Барлық жолақ­тағы сандар өскен. Әсіресе түбіртектегі «жылыту» деген сөздің бойындағы соманың соңғы айда шарықтағанына тұрғындар түсінбей қалды. Бұл ретте алдымен мәселенің анық-қанығына көз жеткізу керек деп ойлаймын. Шындығына келсек, қазіргі таңда біз осыдан 20-30 жыл бұрын қабылданған қағидалар бо­йынша өмір сүріп келеміз. Арада қаншама уақыт өтсе де, өткен шақта қалып қойғандаймыз. Бұл салада қордаланған мәселе көп. Қағазбастылықтан әлі де арыла алмай келеміз. Осының бәрінен шығудың бірден-бір жолы – сандық платформаларға көшу, қағазбастылықтан бас тарту және тұтынушы үшін ашықтықты арттыру, – деді Г.Әбдірова.

Бұдан әрі ол қаладағы көп­қабатты тұрғын үйлерді қысқа дайындау кезінде әр қатысушының жауапкершілігін нақтылау және саралау қажеттігін, сондықтан аудан әкімдіктері, «Астана-­Теплотранзит», сервистік компаниялар және меншік иелері бірлестіктерінің өкілдері өздерінің жұмыс учаскелері үшін тиісті дәрежеде жауап беруі керектігін алға тартты. Көптеген үй инженерлік желілер арқылы апатты жағдайда қабылданады, тіпті ескі жүйеде жұмыс істейтін үйлер бар, автоматика немесе жылу алмастырғыштар жоқ. Осыған орай, сервистік компания басқарушысы ескіден арылып, жаңа жүйеге – сандық платформаға көшетін уақыт келгенін атап өтті.

Сервистік компания өкілі Станислав Подолянюктің айтуынша, көппәтерлі тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші компанияларға қойылатын талап өз деңгейінде емес.

– Бізге алдымен сервистік компанияларға қойылатын талапты күшейту қажет, олардың немқұрайдылығына байланысты жылу жеткізуші де, оны тұтынушы да, яғни біздің тұрғындар жиі зардап шегеді. Жылу инженерлері мамандарының құзыреті мен білімін қатаң тексеру керек. Біздің тұтынушылар қабілетсіз және сауатсыз инженерлерден зардап шекпеуі үшін сертификатталған мамандарды тарту, жалпы қызметкерлерді біліктілігі бойынша іріктеу ісіне ерекше мән берілуі тиіс. Сондай-ақ жылу пунктін беру тәжірибесін енгізу, яғни нысанды қабылдау кезінде толық тексеру жүргізу және қызмет көрсетуге қабылдау кезінде қорытынды жасау маңызды. Бүгінде бұл салада есеп жоқтың қасы. Сондықтан жылу пункттерін беру практикасын енгізе отырып, МИБ-тің төрағалары ауысқан кезде инженерлік желілердің жай-күйі туралы толық қорытынды беруді қолға алуымыз керек. Әрбір МИБ-те жылу шаруашылығын бақылайтын және үй инженерлерін жабдыққа жібермейтін жауапты маман болуы тиіс. Ал сервистік компания өз тұрғындарына адал қорытынды беруге, жоғары кернеулі шкафтарға және басқа жабдықтарға тиісті рұқсаттарға ие болуға міндетті, өйткені бұл бұзылған жағдайда тұтынушылар өз қаражатынан қалпына келтіреді, – деді сервистік компания өкілі.

ПИК төрағаларының көбінің техникалық білімі жоқ екенін жасырмаған сервистік компания өкілі керек кезде шаруашылыққа жауапты адамды таппай қалатынын айтты. Осыдан 30 жыл бұрын қабылданған құжатқа ешкімнің ешқандай шағымы жоқ, бірақ қазіргідей дамыған заманда уақыт көшінен қалмау қажет-ақ. Бұл ретте Станислав Подолянюк сандық платформаға жақындауды қолдайтынын жеткізді. Одан әрі «Астана-­теплотранзит» АҚ инженері Сергей Кодак сөз алып, жылу энергиясын шамадан тыс тұтынудың негізгі мәселелеріне тоқталды.

– Жылу энергиясын шамадан тыс тұтынудың үлкен проблемалары көбінесе жылу тұтыну жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуінен туындайды. Көпқабатты тұрғын үйлердің жоғары қабатында тұратындар көбіне қыс мезгілінде де терезелерін ашып қояды, ал төменгі қабаттағылар футболкамен жүре алмайтынын, пәтерлері үнемі салқын болғандықтан, жылы киініп жүруге мәжбүр екенін айтып жиі шағымданады. Осындай жағдай бізде көп кездеседі. Бұл дегеніміз жалпы үй жүйесі дұрыс жұмыс істемейді дегенмен саяды. Атап айтқанда, жылыту жүйесінің жұмысы теңгерімсіз, өйткені жылыту жүйесін іске қосу кезінде іске қосу-жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізілмеген. Тек жылу тораптарын және жылу жүйелерін жуу, сығымдау ғана жүзеге асады. Жылыту жүйе­сінің жабдық элементтерінің дұрыс жұмыс істемеуі жалпы жылу энергиясының артық шығынын және соның салдарынан жылыту құнының қымбаттауына әкеледі. Тұрғын үйлердің ішіндегі жылудың біркелкі бөлінбеуі және инженерлік жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуі тұтынушыларға және жылыту шығындарына қосымша жүктеме тудырады, – деді инженер.

Қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілі Гүлвира Әбетова­ның мәлімдеуінше, желтоқсан айында көппәтерлі тұрғын үйлерге жылуды бірдей тарату бойынша қанатқақты жоба басталды. Оған Ш.Иманбаева көшесіндегі 10 үй, М.Ғабдуллин көшесіндегі 12 үй және Есіл ауданындағы бірнеше үй таңдалып алынды. Қазір жобадан тек 1 үй сәтті өткен.

Дөңгелек үстел отырысы барысында қатысушылар жылыту маусымына дайындық паспортын алу қадамдарын цифрландыру және дайындық паспорты әр үй бойынша ескертулер мен бұзушылықтарды бақылау үшін тексеру актілерімен бірге еркін қолжетімді болуы керектігін еске салды. Сонымен бірге сервистік компаниялардың, аудан әкімдіктерінің, «Астана-Теплотранзит» және меншік иелері бірлестіктері жауапкершілігінің шекараларын нақты белгілеуді, журналдарда және атқарушы құжаттамада сервистік компаниялардың жұмысын бақылау және есепке алуды, жылу пункттеріне рұқсат беру бойынша біліктілік талаптарын қабылдауды дұрыс жолға қою керек. Тұтынушылар қаладағы қызмет көрсетушілердің сәйкестігін еркін таңдап, білуі үшін біліктілік талаптарына сәйкес келетін компаниялардың тізілімі жасалса жөн болатынын сөз етті.

Тұтынушылардың көбі жы­лудың уақытылы берілуін ғана талап етеді, ал оны үнемдеу туралы ойлайтындар некен-­саяқ. Бұл ретте тұрғын үйлер ішіндегі жылудың біркелкі бөлінбеуі және инженерлік жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуі тұтынушыларға қосымша салмақ түсіріп, жылу шығындарын тудыратынын да естен шығармаған жөн.

Жиналғандар жылу бағасына қатысты басқа да ұсыныстарын ортаға салды. Олардың барлығы қалалық мәслихаттың қарауына жіберіледі.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button