Ел тынысы

Зорлыққа қарсы ортақ іс-қимыл



Астанада «Өңірдегі гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл: тиімді және орнықты бірлескен шешімдерді іздеу жолдары» деген тақырыппен БҰҰ-ның қолдауымен халықаралық конференция өтті. Осы жиында Қазақстанның Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогындағы төрағалығы аяқталып, 2023 жылғы жұмыстардың қорытындысы жасалды.

Конференцияда  сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов елімізде әйелдерге зорлық-зомбылық жасаудың алдын алу бағытында қандай іс-шаралар қабылданып жатқаны туралы кеңінен ақпарат берді.  «Бір жыл ішінде жемісті жұмыс істелді. Жоғары трибуналардан инновациялар мен технологияларды дамытудың, жаһандық аспектідегі бейбітшілік пен қауіпсіздіктің, климаттың өзгеруінің, терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі әйелдер мен жастардың рөлінің өзекті мәселелері көтерілді. Бұл – өте маңызды тақырыптар. Бүгінгі күн тәртібінде ешкімді бейжай қалдыра алмайтын маңызды мәселе – гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы тұру» деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы гендерлік зорлық-зомбылық ауқымды сипатқа ие екеніне тоқталды. «Бұл – бүкіл әлемдегі жаһандық проблемалардың бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, әлемдегі әрбір үшінші әйел физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа тап болған. Осы қоғам дертімен күресу үшін әлемнің 155 елінде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңдар қабылдады» деді ол. Қазақстанда соңғы жылдары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес аясында жазалар үнемі қатаңдатылуда. «Бүгін біз, заң шығарушылар, одан әрі қарай жүрдік. Депутаттар осы саладағы заңнамалық новеллалардың жаңа пакетін әзірлеуге кірісті. Біріншіден, біз тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қылмыс­тық жауапкершілікке тартуды жоспарлап отырмыз» деп сөзін түйіндеді Мәжіліс спикері.

Басқосуда баяндама жасаған Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Қазақстан гендерлік теңдікті қамтамасыз етуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. «Парламенттегі әйелдер өкілдігінде тұрақты ілгерілеушілік бар. Бүгінде депутаттардың 30 пайызы – әйелдер. Бұл әйелдердің құқығын қорғайтын заңнамасын барынша күшейтуге зор мүмкіндік деп ойлаймын. Ендеше осы күшейтіліп жатқан барлық заңнамалық базаны жергілікті жерлерде орындалуын қадағалау да – негізгі міндет. Сенат депутаттары да бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде. «Өңір» депутаттық тобы және жергілікті мәслихаттармен жұмыстар жеткілікті деңгейде жасалып жатыр. Яғни, бұл жұмыс елдің кез келген тармақтарында, барлық деңгейде атқарылуы тиіс. Егемендік жылдары Үкіметте үш-ақ әйел министр болса, елде бірде-бір әйел облыс әкімі жоқ. Қазақстандағы әйелдер ешқашан Премьер-министр, Жоғарғы сот, Ұлттық банк төрағасы, Бас прокурор қызметтерін атқармаған, құқық қорғау органдарында басшылық қызметтерде болмаған. Бұл мәселе де адамды қынжылтады. Бұл да гендерлік мәселелерді, айтылып жатқан зорлық-зомбылық мәселелерін шұғыл және пәрменді шешуге әсер етпей қоймайды» деді ол.

Сенатор әйелдердің құқықтарын қорғауда БАҚ-тардың рөліне қатысты ұтымды ұсыныс айтты. «Бүгінгі таңда әйелдердің құқықтарын қорғау бағытында еліміздің жалпы ұлттық дәстүрлерді пайдалана отырып, отбасы институттарын күшейте отырып, рухани алаң жасау міндеті тұр. Бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдарының маңыздылығы аса жоғары. БАҚ-та осы гендерлік мәселелерді, зорлық-зомбылықтың алдын алуды кеңінен насихаттау да үлкен рөл атқарады. Әйелдердің рөлін күшейту мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, тұрақты жұмыс істейтін диалог тек саяси емес, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани алаңын ұйымдастырудың аса маңызды деп ойлаймын» деді ол.

Өзбекстанның Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Т.Нарбаева гендерлік зорлық-зомбылықпен күрестегі Өзбекстанның тәжірибесімен бөлісті. Биыл онда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы заңнама қайта қаралған. Орталық Азиядағы гендерлік зорлық-зомбылықты заңнамалық деңгейде қылмыс деп таныған бірінші ел Қырғызстан болды. Бұл туралы Қырғызстанның Жогорку Кенеш төрағасының орынбасары Ж.Исаева айтты.

Талқылауға Қазақстан және Өзбекстан парламенттерінің спикерлері, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан парламентшілері, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты. Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогына төрағалық Қырғыз Республикасына өтті.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button