Басты ақпаратРуханият

Сыбызғы тарту қуыс қураймен ысқыру емес

Сыбызғы – қазақ халқының қобыз, домбыра сынды төл аспаптарымен қатар аталатын ұлттық үрмелі саз аспабы. Мыңжылдық тарихы бар бұл аспап қурайдан, ағаштан жасалады. Кейде жезден, сүйектен жасалған түрлері де кездеседі. Сыбызғы күйлері, негізінен, ащы күй, қоңыр күй деп екіге бөлінеді. Аспаптың XVII-XIX ғасырларда қазақ даласына кең тарағаны тарихи деректерден мәлім. Бірақ аралықта бұл өнердің де оты өшкіндеп барып қайта жанғаны жасырын емес.

Сыбызғы өнері Қазақ­станның шығыс, оңтүстік, батыс өңірінде сақталғанмен, оның үніндегі қазақы қасиетімізге тән байырғы ұлттық бояуы өшкіндеп, жалаң дыбысқа айналған. Ал көршілес Қытай мен Моңғолия елдерінде сыбызғы өнерінің байырғы дәстүрі мен ежелгі дыбыстық бояуы толық сақталған. Яғни бұл елдегі сыбызғышылар сыбызғы ұңғысының үнін көмейдегі дыбыс күмбірі мен үннің еріндік, езулік өзгерісіне үйлестіре отырып тартатындықтан, сыбызғының үндік бояуы толық, саз иірімі терең әрі тартымды шығады. Тіл, тіс, езудің сәйкестігі де сыбызғы дыбысын түрлендіруде үлкен рөл атқарады. Сыбызғы тартушының көкірек тынысы да саздың үніне әсер етеді. Қытай, Моңғолия қазақтарында сыбызғының мұндай қасиеттерінің толық сақталуына бұл өнердің атадан балаға үзілмей жалғасып келе жатқаны себеп болды. Қазіргі таңда осы күйшілердің жеткізуімен «Шыңжаң халық радиосының» алтын қорына 100-ге жуық сыбызғы күйі жазылып, сақталған. Сонымен қатар Шыңжаң өлкесіндегі кейбір аудандарға «сыбызғы мекені» аты беріліп, сыбызғы зерттеуге және оны жас ұрпаққа насихаттауға қатысты іс-шаралар жыл сайын өтіп тұрады. Танымал сыбызғышы Бейілхан ҚАЛИАКБАРҰЛЫ жақында елордаға келіп, «Астана ақшамы» газетіне «қонақкәде» берген еді.

Бармақ сыбызғы бүгінге жетпей қалды

– Бала күнімізден сыбыз­ғыңыздың сазы құлағымызда қалғанмен, Қытайда жүргенде сізбен жүздесіп, сұхбат алу несіп болмапты. Бүгінде, міне, қазақтың елордасы – Астанада кездесіп отырмыз. Менің есімім де әкеңізбен аттас. Ендеше бүгінгі әңгіменің тиегін Қалиакбардан бастап ағытсақ қайтеді?

– Әкем Қалиакбар да, шешем де өнерге бейім адамдар еді. Әкем жастайынан құрығын майырып жылқы баққан кісі болған. Бала күнімнен сол кісінің қасында жүріп мен де жылқы бақтым. Әкемнің бармағын тісіне тіреп, «бармақ сыбызғыны» сыңсытып тартатын өнері бар-тұғын. Оның ағасы Бөленхан, Бөленханның әкесі Шеттікбай да танымал сыбызғышы болатын. Мен сыбызғы тартуды сол Бөленханнан үйрендім. Арғы атамыз – иісі қазаққа танымал сыбызғышы Ақымжан. Атамыздан бастап есептесек, бізде сыбызғы өнері сегіз атаға жалғасты. Қазақтың бармақпен сыбызғы тартатын өнері бүгінге жеткен жоқ, ешкім тарта алмайды. Мен 1978 жылы радиоға күй жаздырдым. Қытайдағы 10 жылдық «мәдениет төңкерісінен» кейін заман оңалып, халық мұраларын жинай бастады. Сол кезде Алтайдан Тайыр Белгібайұлы деген күйшіні, Қаратаудан мені шақырды. Ол домбыра күйлерін, мен сыбызғы күйлерін тарттым. Осылайша радионың алтын қорына ең алғаш сыбызғы күйін мен бердім.

– Қазір Шыңжаң өңірінде сыбызғы тартатындар көп пе? Қанша шәкірт тәрбиеледіңіз?

– Сыбызғы тартатындар көп. Мен білетін сыбызғышылардың өзі 100-ден асады. Қазіргі сыбызғы тартып жүргендердің дені – біздің шәкірттер. Қазақстаннан барып үйреніп қайтқандар да бар, Еділ Құсайынов та барып сыбызғы тартудың кейбір әдісін үйреніп еді. Бейжің, Шанхайдан келіп сыбызғы үйренген 3 қытай шәкіртім бар. Олар сыбызғы үніндегі ғажайып сазға қатты қызығады. 2012 жылдан 2015 жылға дейін мектеп оқушыларына да музыка сабағының бір тармағы ретінде сыбызғы сабағы өткізілді. Көп жерлерге барып сабақ бердім. Соңғы кездері онлайн-сабақ алатын жастар да көбейді. Осы жолы Ұлытауда өткен Кетбұқа би атындағы II халықаралық «Ақсақ құлан» дәстүрлі күйшілер конкурсына Кенжебек, Ғазез деген екі шәкіртімді ертіп келдім.

Байырғы үні бұзылып барады

– Сыбызғыны өздеріңіз жасайсыздар ма? Оның түрлеріне де тоқтала кетсеңіз.

– Иә, өзіміз жасаймыз. Сыбызғы жасалуы оңай, тартуы қиын аспап қой. Бұрын шоңай қурайдан жасап тартса, кейін ағаштан, металдан да жасайтын болды. Ең алғашқы сыбызғылар жалғыз тесікті болса, кейін дыбыс қажетіне қарай 2, 3, 4 тесікті сыбызғылар жасалды. 7 тесікті сыбызғы да кездеседі. Бірақ нотаға бейімдейміз деп сыбыз­ғыға 7 тесік салу оның дыбыстық ­бояуын бұзатынын ескерген жөн. Қазақстандағы сыбызғышылардың көбі жалаң дыбыспен тартады, көмейден өрлеп шығатын қоңыр дыбысты қоса алмайды. Қуыс қурайдан шыққан үннің бәрі сыбызғы сазы бола бермейді. Мен өзім 4 тесікті сыбызғы тартамын. Мұның үні сазды, әуезді, көкіректен келген үнмен қосылып, шымырлап шығады.

– «Аққабаның толқыны» мен «Ертіс толқыны» кімнің күйі? Халық арасында «бұл – Жылқышының күйі» деген сөз де айтылады. Өйткені «Жылқышы Ақтайұлы атақты сыбызғышы болған, Алтайдағы 12 өзенге арнап 12 күй шығарыпты, «Әттең, Сарыбел» күйімен жау айдап бара жатқан жылқыны кері қайтарған» деген тарихи әңгімелер ел ішінде көп айтылады.

– Бұл күйдің екеуін де халық күйі деп тартып жүрміз. Мен сыбызғы үйренген Бөленхан да бұл күйлерді халық күйі деп тартатын. Жылқышы туралы білмейді екенмін. «Жылқышының күйі» деген күйді өз басым естімеппін. Мүмкін сыбызғы тартқан да шығар, оны әлі де зерттеп, зерделеу керек. Жалпы сыбызғы тарту Алтай бетінде өз заманында кең етек алған. Әйгілі күйшілер Қайрақбай да, Байжігіт те сыбызғышы болған. Ақымжан Тарбағатайда Әсет ақынмен кездесіп, сыбызғы тартқан деген дерек бар. Біздің жалғап жүргеніміз – сол Ақымжан мектебі.

Сыбызғы үйренуге де табандылық керек

– Астанаға алғаш келуіңіз бе? Қазақтың орда тіккен орталық қаласы ұнады ма?

– Бас қалаға осымен екінші рет келіп тұрмын. Жыл сайын жаңарған келбетін көріп, таңғалып қайтамын. Мұндағы ағайындардың ыстық ықыласына дән ризамын. Қазақтың өнері деп құрақ ұшқан өзің сияқты тілшілерге және осы жолғы сапарымызға дәнекер болған қазақтың күй өнерін жинау, зерттеу жұмысына ерен еңбек сіңіріп жүрген күйші Ардаби Мәулетұлына үлкен ризашылық білдіремін. Арнайы шақырған Ұлытау облысының азаматтарына алғысым шексіз. Сапарымыз өте табысты болды. ҚР Ұлттық музейінде «Сыбызғының сырлы үні» атты шеберлік сағаты өтті. Сонымен қатар Ұлттық музейдің рухани мұра қорына үш сыбызғышы 100-ге таяу күй жаздырдық. Осы сапарымызда қазақтың дәулескер күйшісі Секен Тұрысбеков те біздің сыбызғы күйлеріне айрықша ықылас танытып, сүйінішін білдірді. Бұл да бізге үлкен медеу.

– Атажұртқа келіп, осы жақ­тағы жастарға сыбызғы үйрету ойыңыз жоқ па?

– Оны бірінші дәм, екінші бұйрық біледі. «Дәм айдаса қалмайсың» дейді ғой қазақ. Бала-шағамның алды осы жаққа келіп болды. Екі елдің саясаты жақсы болса, көшіп келуге еш қиындық жоқ. Бабадан қалған өнер деп ұлықтап жатса, білгенімді жастарға үйретуге әзірмін. «Кел, ұрпақтарға үйрет, оған жағдай жасаймыз» деген азаматтар да болды. Оның бәрін уақыт көрсетеді. Бұл жақта да шәкірттерім бар, Талғат Мұқыш деген азамат сыбызғы тарту өнерін жақсы меңгерген.

– Өзіңіздің қанша күйіңіз бар? Жалпы қанша күй тартасыз? ­Сыбызғы үйреніп жүрген жастарға қандай кеңес айтасыз?

– Мен сыбызғыда 60 күй тартамын. Өзім шығарған «Боғда бұлттары», «Көлге түскен сағым», «Қайран шешем» сынды 10 күйім бар. Жұмағазы деген ұлым да мықты сыбызғышы болды. Баба өнері балаға жалғасты деген осы.

Сыбызғы тарту деген қуыс қураймен ысқыра беру емес. Ол тіл, тіс, ерін, езу, көмекей және көкіректен келетін көп үннің жиынтығы ғой. Осы үндерді үйлестіріп, әсем саз етіп шығару ұзақ машықтануды, қажыр танытуды қажет етеді. Қазақша айтқанда, бұл өнер де қонады. Ал қонған өнерді бабында ұстау адамына байланысты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button