Елорда тынысы

Алматы ауданында сенбілік ауызбіршілікпен өтті



«Жасыл Астана» көктемгі экологиялық тазалық айлығы аясында Алматы ауданындағы Р.Қошқарбаев даңғылы мен Байтұрсынұлы көшесінің қиылысында орналасқан Президент паркінде ұйымдастырылған дәстүрлі сенбілікке 12 мыңнан астам адам қатысты. Олардың арасында болған қалалық Қоғамдық кеңестің мүшелерімен бірге депутаттар, ауданның белсенді азаматтары аудан аумағына 300-ден астам ағаш отырғызды. 

Алматы ауданы әкімінің орынбасары Мұхамедияр Қожекеннің айтуынша, бұған дейін ауданда өткізілген үш сенбілік барысында бес жүзден астам жасыл желек отырғызылыпты. 

– Жалпықалалық сенбілік аясында аудан аумағында 2 500 ағаш отырғызу көзделіп отыр. Бұл игі іс әр сенбі сайын ұйымдастырылып келеді. Жалпы айлық аясында 10 мыңға жуық жасыл желек отырғызу жоспарымызда бар. Қосымша қоқыс жинау орындары арнайы әзірленген. Ауданның барлық тұрғындары айналаның тазалауны мен көріктенуіне үлестерін қосып жатыр. Сонымен бірге қаладағы №70 мектептің жанында тұрғындардың тілегімен 200-ден астам ағаш, Президент саябағында 300-ге жуық тал-терек, «Городской романс» ықшам ауданындағы саябақта 300-ге жуық және Абылайхан даңғылының бойында 400-дей жасыл желек отырғызылды. Жалпы, аудан тұрғындары сенбілік барысында белсенділік танытуда, – деді Мұхамедияр Қожекенов. 

Қолдарына күрек ұстап, ағаш отырғызуға атсалысқандардың арасында Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы З.Гаипов та болды.  

– Бүгін Астана қаласында үлкен мереке – жалпықалалық сенбілік өтіп жатыр. Бұл іске кейде біз қарапайым өмірде бір мәжбүрлеу секілді қараймыз. Ал шын мәнінде қарасаңыз, осы алаңда дипломатиялық корпустың, Қоғамдық кеңестің, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері жүр. Тіпті жас отбасылар келіп, тал егуге қатысып жатыр.  Мұның астарында үлкен мән-мағына бар. Біріншіден, Президентіміз айтқандай, Астананы көркейту үшін барынша жасыл желекті көбейтуге үлес қосып, экологиялық мәселені шешіп жатырмыз Екінші, жастарды еңбекке баулудамыз. Үшінші, бұл әрбір тұрғынның қалаға деген отынсүйгіштігін көрсетсе керек. Сол себепті барша астаналықтардың, тұрғындардың бойында елордаға деген жанашырлық қасиет болса, қаламыз көркейе берер еді, – деді З.Гаипов. 

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бас қаланы көріктендіру ісі  көпшіліктің белсене атсалысуымен атқарылғаны анық. Белсенділік танытқандардың бірі Қоғамдық кеңестің мүшесі Төлеген Қуанышев.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, бүгін міне Қоғамдық кеңес мүшелері қаламызды көғалдандыруға шықтық. Ауа райы да керемет. Қолымызға күрек алып, тал егіп жатырмыз. Бұл бір жағынан қимыл-қозғалыс, мұның денсаулығымызға пайдасы зор. Сонымен бірге осы біз отырғызған ағаштар кейін аудан тұрғындарына сая болып, бірнеше жылдан кейін бұл жер Алматы ауданының ғана емес, барша қала қонаақтарының келіп демалатын орнынан айналады деген ойдамын.  Осындай іс-шаралардың көп болғанын қалаймыз. Қаламыз жасылданып, көркейе берсін деген ниеттеміз, – деді Төлеген Қуанышев.  


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button