Құқық

Жемқорлыққа жол жоқ

«Астана-Энерго» АҚ өткен жиында мекеменің перспективалы жобары талқыланып, жемқорлық сынды заңға жат қылмыстың қоғамға әсері сөз болды.

Жиын модераторы, акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Нұрлан Күпешов Астана қаласының тұрғындарын жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ететін негізгі бастамалармен таныстырды.

Елордалық жемқорлыққа қарсы департаменттің алдын алу басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Монолбаев сөз алып:

– Жемқорлықпен күресте заңдарды жетілдіріп, мемлекеттік қызметтің сапасына мониторинг жүргізіп, көлеңкелі экономикаға тосқауыл қою маңызды. Біздің департамент бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде. Мәселен, жыл басынан бері 8 антикоррупциялық мониторинг пен 4 сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмысы жүргізіліп, соның нәтижесінде 68 ұсыныс қабылданып, оның 65-і орындалды, – деді.

Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті екінші жедел басқармасының бастығы Сәкен Мұшағалиевтің сөзінше, қоғамда жемқорлыққа төзімсіздік мәдениетін қалыптастырып, жемқорлыққа қарсы дағды моделін қалыптастыру керек.

Жемқорлық елдің экономикалық өркендеуіне ғана емес, жалпы қоғамның рухани, саяси-әлеуметтік өміріне кері әсер етеді.

«Астана-Энерго» АҚ-тың комплаенс қызметкері Бақтияр Гарифуллин сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң нормаларын сақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.

Еркін форматтағы кездесудің аяғы сұрақ-жауапқа алмасып, қызметкерлер көкейіндегі түрлі сұрақтың түйіні тарқатылды.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button