Басты ақпаратЕл тынысы

Алтынға бергісіз күміс



Польшада шахматтан әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанып, айшықты жеңіске жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл – еліміздің шахмат тарихындағы айтулы оқиға. Байрақты бәсекеде қыздарымыз асқан шеберліктің және жеңіске деген шексіз ерік-жігердің үлгісін көрсетті» деп атап өтті өзінің құттықтауында.

Қазақстандық арулар ақтық сында ғана Грузия құрамасына жол берсе, Франция үшінші, АҚШ құрамасы төртінші орыннан көрінді.

Шахматтан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында ­Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанды. Бұл тәуелсіз еліміздің ­тарихындағы айшықты жеңіс болды. Ел намысын абыроймен қорғаған ­қазақстандық шахматшыларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ­құттықтады.

Кеше Астана әуежайында Польшада өткен әлем чем­пионатында жүлдегер болған қазақстандық шахматшы қыздарды жанкүйерлері мен жақындары қарсы алды.

Ел тәуелсіздігінің тарихында тұңғыш рет шахматтан әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген команда мүшелерін Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, басқармаға қарасты Спорттың олимпиадалық емес түрлерін дамыту бойынша дирекциясы және №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылары сән-салтанатпен күтіп алды. Сондай-ақ шахматшы қыздардың жанкүйерлері, ата-аналары, жақындары мен достары да болды.

«Біз бар күшімізді салдық. Жарыс өте тартысты өтті. Бірінші орынға таластық, алайда ақтық сында Грузия құрамасына жол беріп қойдық, нәтижесінде күміс жүлдегер атандық. Қазақстан тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатында екінші орынға ие болдық. Өте қуаныштымыз. Қазақ елі қуанды деп ойлаймын, өзіміз де қатты қуанып тұрмыз» деді әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған астаналық шахматшы Әмина Қайырбекова.

Айта кету керек, финалда қазақстандық шахматшылар Грузия құрамасына жол берді. Ақтық кезеңнің алғашқы матчында Қазақстан – 1,5-2,5, екінші матчында 0,5-3,5 есебімен жеңіліп қалды.

Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Бибісара Асау­баева, Ксения Балабаева, Алуа Нұрманова, Әсел Серікбай, Меруерт Камалиденова мен Әмина Қайырбекова өнер көрсетті. Әлем чемпионының күміс жүлдегері атанған құрама сапындағы Меруерт Камалиденова мен Әмина Қайырбекова – Астана шахмат мектебінің өкілдері.

Әлем чемпионатының қола медалін Франция құрамасы иеленді. Олар үшінші орын үшін ойында АҚШ шахматшыларынан айласын асырды.

Еске салсақ, шахматтан 2023 жылғы командалық әлем чемпионаты Польша­ның Быдгощ қаласында өтті. Жарыста әлемдегі үздік 12 команда бақ сынады. Турнир 2007 жылдан бері ұйымдас­тырылып келеді. Бірақ біздің шахматшылар бұған дейінгі жарыстарда ширек финалдан аса алмаған болатын.

 Қанат БАЙҰЗАҚОВ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button