Қала мен Сала

Дизайн-код – бірыңғай сәулет стилі



Елорданың дизайн-кодына сәйкес келмейтін және заңсыз ілінген жарнамалар Астанада жетіп артылады. Бүгінде әсем шаһардың көркін бұзатын және көшелерде ілуге рұқсат етілмеген, стандартқа қайшы осындай жарнамаларды алып тастау жұмысы қызу ­жүріп жатыр.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан әрі дамыту жөнінде жиын өткізгенде, соңғы жылдардағы жетістіктермен қатар, қала тіршілігіне қатысты қордаланып қалған, шұғыл шешуді қажет ететін өткір мәселелерді ортаға сала отырып, көшелер мен ғимараттарды безендіруде гармония жоқ екенін сынға алған болатын. Президент тапсыр­масы негізінде 2019 жылы Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы елорданың дизайн-кодын әзірледі. Бұл құжатты Астана қаласының мәслихаты 2019 жылғы желтоқсанда бекітті.

Жалпы дизайн-код – қала өркендеуінің негізгі бөлшегінің бірі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – қаланы, қала көшелерін, орамдарды, қоғамдық аймақтарды безен­дірудің бірыңғай сәулет стилі. Ол қала мекемелерінің маңдайшаларына, жарнамаларға, абаттандыру элементтеріне, навигацияға және ақпаратқа тікелей қатысты.

Бұл ретте, жасыратыны жоқ, көптеген кәсіпкер ­витриналарға әртүрлі баннер мен стикер жабыстырады. Қаланың көрнекі келбетін бұзатын мұндай көрініс­терге жол бермеу керек. Астана қаласы Урбанистика орталығының жетекшісі ­Е.Базыкеннің айтуынша, қаладағы сыртқы жарнамаларды ретке келтіру және біртұтас және тартымды қалалық ортаны құру мақсатында әзірленген дизайн-код кәсіпкерлердің жұмысын біршама жеңілдетті.

– Бас қаладағы кәсіпкерлер енді жарнама жасайтын кезде көп ойланып, уақыт кетірмейді. Астананың дизайн-кодын ашса болғаны, құрылысқа керек материал­дар мен түстердің дайын нұсқалары шыға келеді. Сыртқы жарнаманы ретке келтірудің бұл әдісі біртұтас және тартымды шаһар құруға көмектеседі, – деді жетекші.

Қала аудандарында дизайн-кодқа сәйкес келмейтін көшелерді тексеру жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, Бауыржан Момышұлы даңғылындағы «Ақ шаңырақ» тұрғын үй кешенінде, Республика даңғылының бойындағы тұрғын үйлердің, Түркістан көшесінде орналасқан «Көркем-2» ТК мен Кенесары көшесіндегі «Эдем Палас» ТК-нің астыңғы қабатында орналасқан сауда орындарының сыртқы келбеті тексерілуде.

Мамандардың мәлім­деуінше, сыртқы жарнамалардың көлемі мен пропорциясы қалалық ортадағы тепе-теңдікті бұзбау үшін ғимараттар мен қоршаған ортаның масштабына сәйкес келуі керек. Сондай-ақ қала көшелерінде жайлы атмосфера мен қауіпсіздік сезімін қалыптастыру үшін витриналардың ашық және жарық болғаны жөн.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button