Басты ақпаратҚоғам

Еріктілер ісі ерен



Қазақстан-Солтүстік Ирландия футбол матчынан кейін елорданың ерікті жастары стадионды жинауға көмектесті. Елімізде еріктілер қозғалысына ерекше мән беріледі. Халықаралық волонтерлер форумының Астанада өткені де соның бір айғағы. Сол жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы үш жылда елімізде еріктілер саны үш есеге көбейгенін атап өткен еді. Астанада «Волонтерлікті дамытудың Жол картасы» қабылданған. 30-ға жуық ұйым белсенді жұмыс жүргізеді.

Әлемнің 34 елінің белсенді волонтерлері алғаш рет елордадағы Халықаралық волонтерлер форумында бас қосқан еді. Жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы үш жылда елімізде еріктілер саны үш есе көбейгенін айтты. Бүгінде республика бойынша 680-ге жуық волонтерлік ұйым және 200 мыңнан аса ерікті бар.

Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда да Президент волонтерлік қозғалыстың отаншылдық рухты көтерудегі маңызын айрықша атап: «Мен еріктілер туралы үнемі айтып жүрмін. Себебі еріктілер – ең алдымен, патриот жандар. Олар еліміздің дамуына, оның келбетін жақсартуға зор үлес қосып жатыр. Біз бүкіл қоғам болып еріктілерді қолдауымыз керек, олардың еңбегін бағалап, марапаттап отыру қажет» деді.

Қазақта бұрыннан асар жасап, еш ақысыз бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бүгінгі волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Күні кеше ғана елордада өткен Қазақстан мен Солтүстік Ирландияның ойынынан кейін «Астана Арена» стадионында бөтелке, пластик, түрлі қағазды қалдырған көрер­мен аз болған жоқ. Ал сол қоқыс­ты тазалап, жанкүйер­лерді тазалыққа шақырған елордалық еріктілер болды. «Астана жастары» еріктілерінің бұл ісін Президент айрықша атап өтіп, алғысын білдіргені бар. Иә, жан дүниесінің қалауымен жақсы іске жұмылған жастар жүздеп саналады. Бас қалада қазір 30-ға жуық еріктілер қозғалысы бар. Оларға 40 мыңнан аса адам белсенді түрде қатысады. «Астана жастары» ресурстық орталығы волонтер қозғалысын дамыту бөлімінің басшысы Эльвира Есмұханованың сөзінше, орталық базасында Волонтерлер жылы аясында және 2021-2023 жылдары волонтерлікті дамытудың «Жол картасын» орындау шеңберінде Қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Тұрақты түрде 30 волонтерлік ұйыммен және 20 бастамашыл топпен, 4 ҮЕҰ-мен бірлесе қызмет атқаруда. Штабта 5 мыңнан аса белсенді волонтер бар.

Жастардың белсенділігі байқалады

«Ерікті болғысы келетіндер саны артып келеді. Әсіресе жасөспірімдер тарапынан қызығушылық ерекше байқалады. Бірі шын пейілімен өзгелерге көмектескісі келеді, енді бірі жаңа орта табуға ұмтылады, уақытын тиімді өткізгісі келеді. Жастар event-волонтерлік, әлеуметтік волонтерлік, eco-волонтерлік және адамдарды іздеу секілді бірнеше бағытта жұмылдырылады. Дәлірек айт­қанда, event бағыты халықаралық деңгейдегі жиындарға арналса, кейінгісінде жастар әлеуметтік маңызы бар бастамаларда қызмет етеді. Ал eco бөлімінің еріктілеріне табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғау міндеті тапсырылады. Із-түссіз жоғалған жандарды да табуға көмектеседі» деді Э.Есмұханова.

Аталмыш орталық биыл волонтерлермен бірге 1000-нан аса іс-шара өткізді. Дзюдодан Азия чемпионаты, «Kazakhstan Security System» форумы, «Eurasian Book Fair», Наурыз «Экспо» сияқты халықаралық ауқымдағы іс-шараларға үнемі қатысады. Сондай-ақ Полиция департаменті, ТЖД-мен бірлесіп газдандыру туралы халықты ақпараттандыру, жылыту маусымы мен көктемгі су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шаралары, шомылу маусымындағы мінез-құлық ережелері, халық санағы мәселесі бойынша халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді және есірткі сату туралы мәліметтері бар қабыр­ғаларды бояуға көмектеседі.

«Мәселен, «Адреса заботы» жобасы аясында «Астана жастары» волонтерлері жалғызбасты 40 зейнеткердің жеке ауласын тазалауға қол ұшын созды. Кәсіпорындар мен волонтерлік ұйымдар қар тазалау бойынша 20 акция ұйым­дастырды. Оған 2 мыңнан аса волонтер мен кәсіпорын қызметкері жұмылдырылды. Бүгінде волонтерлік ұйымдармен бірлесіп «BizBirgemiz», «Қауіпсіз қала», «Қамқорлық мекенжайлары», «Ардагерлерді ардақтайық», «Taza Alem» секілді мыңға жуық акция өткізілді. Мұқтаж жандарға азық-түлік себеттерін тарату, киім-кешек және жиһазбен қамтамасыз ету, оқыту және тағы басқа да көмек түрлері көрсетілді. «Taza Alem» экологиялық жобасы да қарқынды жүзеге асып келеді. Бүгінде волонтерлер аталмыш акция аясында өзен жағасын, Ақбұлақтың сағаларын тазартты» деді волонтер қозғалысын дамыту бөлімінің басшысы.

Волонтерлік жас талғамайды

Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласу үшін әдетте 14-17 жас аралығындағы жастар ниет білдіретін көрінеді. Себебі бұл – олардың білуге, көруге, жаңа ортамен араласып, бос уақытты тиімді пайдалануға ұмтылатын кезеңі. Десе де жұртқа жәрдем беру, көпке көмек көрсету жас таңдамайды. Қазір еріктілердің сапын түзегендердің басым бөлігі – 29 бен 54 жас аралығындағы азаматтар. Бұл волонтерлік тек жастардың ісі деген таптаурын түсінікті ығыстырып шығарды. Сондай жандардың қатарында БҰҰ-дағы Қазақстаннан шыққан алғашқы халықаралық волонтер Телжан Жүнісбеков бар. Қайырымды жанның басты ұстанымы – «Кең болсаң, кем болмайсың». «Волонтерлік қозғалыстың пайдасы қандай, жастарға берері не?» деген сауалды белгілі еріктіге қойған едік.

– Волонтерлік жеткіншектердің бойындағы жалқаулықтан арылуға көмектеседі, өзгелерге көмек көрсетуден азаматтың адамгершілік сезімі оянады. Олар тегін жұмыс істесе де, қоғамның дамуына әсер етіп отыр. Ерікті болу адамның сана-сезімін кеңейтеді, адам көпшіл, жанашыр болады. Өз басым Африка елдерінде жұмыс істеп, көп жанның алғысына бөлендім. Ерікті үшін одан асқан марапат жоқ, – деді Т.Жүнісбеков.

Ерекше мектептен өтеді

Жақында Астанада Орталық Азия елдеріне ортақ кеңсе –  Халықаралық волонтерлер орталығы ашылды. Мұнда әрбір ерікті өз бастамасын жүзеге асыра алады. Ал «жастарға бұл қызметтің қыр-сырын үйрететін, тәрбиелеп, оқытатын мекеме бар ма?» деген сұрағымызға Астана қаласының Жастар саясаты басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров жауап беріп, қазір «Волонтерлер мектебі» жұмыс істеп тұрғанын айтты. Мұнда түрлі саланың мамандары шақырылып, конфликтология, психология сабақтарын оқытып, қаланың көрікті жерлерінің тарихы туралы, өзге елдердің азаматтарының менталитетін зерттеу бойынша дәрістер өтіп қана қоймай, алғашқы медициналық көмек көрсетудің жолдарына дейін үйретеді екен. Мұның бәрі волонтерлерге қиындықтардың алдын алуға ықпал етеді. «Еріктілер мектебі» жобасы жақында бастау алады. Толық ақпаратты «Астана жастары» ЖРО білуге болады.

«Екі жылдан аса уақыт еріктілер қатарындамын. Мен үшін бұл өмірімнің бір бөлшегі. Шарапатқа мұқтаж адамға демеу болып, қариялардың батасын алу арқылы ынтам артып, алға қарай жүруге ұмтылдым. Әрине, волонтерлік ұйымдардың болашақта қаржылық жағынан тәуелсіз болғанын қалаймын. Себебі кей ұйымдар үшін демеу­шілік қаражат тарту қиынға соғады» деді өз сөзінде елордалық ерікті Нұргүл Мұратбай.

Еріктілердің жобаларын қолдау мақсатында қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасымен үш жыл қатарынан «Волонтерлік бастамаларды қолдауға бағытталған шағын грант» жобасы іске асырылуда. 2022 жылы 98 қатысушы арасынан топ жарған 20 жеңімпаз анықталып, оларға 350 мың теңге көлемінде шағын гранттар берілді. Жоба биыл да жалғасын табады.

Р.S: Астананың айшықты келбетін адамгершілікке негізделген жанашыр істер жақсарта түсуде. Сан ғасыр бойы сабақтасып келе жатқан жомарттықтың тіні осылайша біріккен бірлікке, ұйыған ұйымшылдыққа ұласып, кейінгі буынның ізгілік отын лаулатып, жалғастырып келе жатқаны қуантады.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button