Ел тынысы

Мемлекеттік тілді меңгеру – стратегиялық бағыт



Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясына қатыстық. Сессияда Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ел алдында тұрған ауқымды міндеттер үдесінен шығу үшін береке-бірліктің мән-мағынасына кеңінен тоқталды.

– Әрбір азамат өз болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстыр­ғанда ғана халқымыз біртұтас ел болып тұра алатындығын тілге тиек етті. Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайтынын, әрі елімізде мұндай ұстанымға сай бөлектенуге жол берілмейтініне екпін түсіре баяндады.

Тілші-ғалым ретінде, маған Президентіміздің мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы айтқандары ерекше әсер етті. «Әрқайсымыз – Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақтың перзентіміз. Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді» деген Мемлекет басшысы, қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, әрі мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керектігіне назар аудартты.

Сонымен бірге, елімізде мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажеттігін қадап айтты. Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл міндетін атқаратынын астын сызып жеткізді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды» дегенін жалпы жұртшылық жылы қабылдады десем, артық айтпаған болар едім. Басты құндылығымыз – елдегі ықыласты ынтымақты, бекем бірлікті, тәтті татулықты ту етіп, Әділетті Қазақстан құруға аянбай атсалысу әрқайсымыздың азаматтық парымыз деп санаймын.

Кәрімбек

ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

академик, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі,

Астана қалалық

Қоғамдық кеңесінің мүшесі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button