Мәдениет

Сахнада – «Күлбике»



Күлбике туралы ертегіні білмейтін жан кемде-кем. Бала қиялын ұшырып, биік адамгершілік пен еңбекқорлыққа үндейтін ертегіні бүкіл әлемнің театрлары сахналағаны секілді елордалық мәдениет ошақтары да жарыса қойғанын білеміз. Әрқайсысы ертегіні өзіндік бояуымен, ерекшеліктерімен көрсетті. Соның бірі – 15 қыркүйекте «Астана Операда» Раймондо Ребектің хореографиясындағы «Күлбике» таңғажайып балеті ұсынылмақ.

Бұл балет труппасының жазғы үзілістен кейінгі XI театр маусымындағы алғашқы өнер көрсетуі. Сахнада балет әртістерімен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы дирижер Абзал Мұхитдиннің жетекшілігінде театр­дың симфониялық оркестрі өнер көрсетеді.

30 қыркүйекте Г.Левенсхольдтің «Сильфида» романтикалық балетінің премьерасын ұсынамыз. Бұл барлық қазақстандық өнерсүйер қауым үшін үлкен жаңалық болмақ. Сондай-ақ осы күзде көрермен көптен күткен Л.Бетховеннің «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетін біздің театр сахнасында жаңартылған хореографияда тамашалай алады және жұртшылықты осы маусымда репертуарлық қойылымдар, дәстүрге айналған гала-кештер күтеді, – деп атап өтті «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова.

Спектакльде С.Прокофьевтің кемеңгер музыкасы Джимми Дюрант, Билли Рэй Сайрус, Луи ­Армстронгтың әуендерімен үйлесімді үндеседі. Айта кетейік, «Күлбике» балеті аттас көне ертегі желісі бойынша құрылғанымен, ол заманауи көрерменнің талғамына сай келеді. Өйткені, қоюшы ­хореограф Р.Ребек өз командасымен бірге қазіргі заманға лайықталған мүлде жаңа туынды жасап шығарды.

Жалпы, бұл қойылымда балет хореографиясы поп-би және брейк-данс элементтері бар неоклассика стилінде болмақ.

Маусымашардағы Күлбике партиясын балеттің жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева ұсынса, ханзаданың рөлін Ғалымжан Нұрмұхамет сомдайды. Мейірімді періштенің рөлінде Сұлтанбек Ғұмар, өгей шеше кейпінде Әсел Шайкенова көрінсе,  түшкіргіш – Мөлдір Шәкімова, өгей әпкесі, тәтті құмар жанды Әнел Есқалиева көрсетеді.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button