Қала мен Сала

Тәлімгерлер қолдау білдірді



Астана қаласының әкімдігінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті жанындағы «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органының отырысы өтті. Отырысты Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов жүргізді.

Қазір мемлекетіміз үшін кәсіби деңгейі жоғары мамандар дайындау қандай өзекті болса, жас мамандарға қолдау көрсету де дәл сондай маңызға ие. Бұл тұрғыда алдыңғы толқынның кейінгі толқынға ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар сілтеуі де артықтық етпейді. Осыған орай мемлекеттік қызметтің беделін нығайтып, мемлекеттік қызметшінің имиджі мен болмысын қалыптастыру мақсатында Тәлімгерлер кеңесі құрылған еді.

Міне бүгін сол Тәлімгерлер кеңесі мүшелерінің алдына ақыл-кеңесін тыңдап, батасын алу үшін қызметке жаңадан тағайындалған Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова мен Астана қаласы Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов келді.

Елорданың қоғамдық денсау­лық саласы – өте күрделі сала. Мұнда шешімін таба алмай, қордаланып қалған түйінді түйткілдер мен алда жүйелі де мақсатты түрде атқарылатын сан-салалы істер аз емес. Қазір қалада 12 мемлекеттік, 29 жекеменшік аурухана мен емхана бар. Осы мекемелердің жұмысындағы істелген істер мен орын алған кемшіліктер бұрын осы салада орынбасар болған жаңа басшыға етене таныс. Енді соларды шешудің жолы қандай? Міне осы және басқа да мәселелерді Әлия Шайзадақызы ортаға салды.

Ал бұған дейін Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары болған Нұрлан Талғатұлы да Астана қаласы Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы лауазымындағы өзінің жаңа қызметінің жай-жапсарын баяндап, алда атқарылар жұмыстардың легіне тоқталды.

Қалалық мемлекеттік органдарға тағайындалатын бірінші басшылардың өмірбаяны мен жұмыс-жоспарын тыңдағаннан кейін Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Астана қаласы бойын­ша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әли Көмекбаев, Тәлімгерлер кеңесі мүшелері Қайыржан Тоқышов, Мұхтар Еркетаев, Дәулеткерей ­Рахматуллин ұсыныс-пікірлері мен ақыл кеңестерін айтып, олардың басшылық қызметтегі жұмысына сәттілік тіледі.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button