Мәселе

Өмір бойына сотталсын

Мемлекет басшысы халқына Жолдауында: «…кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатыс­ты жазаны күшейтуді талап етемін» деп нақты айтты. Президенттің бұл мәселеге қайта тоқталуы – қоғам үшін үлкен маңызы бар жайт.

Өкінішке қарай, күн сайын балаларға қарсы жасалған жантүршігерлік қылмыстар туралы жаңалық оқып жан-дүниеміз бен сана-сезіміміз сансыз соққылар алуда. Бұл қылмыстар әлемнің басқа түкпірінде болып жатқан жоқ! Өзіміздің елде, өз балаларымызға қарсы болып жатыр. Халықтың назары мұндай қылмыстарға үйренбеуі керек.

Мәселен, жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2000-ға жуық қылмыс жасалады екен. Яғни, күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Бұл – өте қорқынышты статистика. Сонымен қатар, жыл сайын 4 мыңнан астам бала бейімдеу және оңалту орталықтарына жеткізіледі екен. Жыл сайын 150-ге жуық сәби қараусыз қалғандықтан көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кетеді.

Президенттің бұл мәселеге араласуы – жағдайдың расымен де ушығып кеткенін көрсетеді. Осы депутаттық сауалымды жазып отырған сәтте Ақмола облысындағы мектептердің бірінде 5-сынып оқушысының зорланғаны туралы жаңалықты оқып, төбемнен жай түскендей болды. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар біздің қоғамда жиілеп барады. «Бала біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі» дейміз. Бейкүнә балаға қол көтерген азаматтар, арам ойдың алдында осыны ойланса екен!

Мұндай қылмыс жасағандарға «бостандығын шектеу» деген жаза қолдану тиімсіз екенін көріп, көзіміз жетті. Қылмыскерді бостандыққа жіберіп, оның тағы басқа қылмыс жасауына өзіміз жағдай жасап береміз. Сарыағаштың Жібек Жолы ауылындағы кішкентай Еркежанның өлімі осы сөзіме дәлел бола алады.

Сондай-ақ, ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың көбірек зәбір көретіні де белгілі. Өгей әке-шешеден зорлық-зомбылықтың жиі болуы – әлеуметтік қорғауда жүйелі жұмыстың жоқтығын көрсетеді. Яғни, учаскелік инспекторлардың, кәмелетке толмаған балалармен айналысатын мамандардың жұмысына сын көп. Қоғам да бейжай қарамауы керек. Мәселен, Алматыда өгей анасының қолынан қайтыс болған 7 жасар Каринаның жанұшыра айқайлаған дауысын көршілері естіген, бірақ ешбірі ара түспеген. Кеше ғана Алматы қаласында 44 жастағы әкесі 2 жыл бойы өз қызына көрсеткен зорлығы үшін 20 жылға сотталды. 20 жылға ғана, бұл нонсенс. Мұндай қылмыскерлер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы керек. Бұл – аксиома.

Мектептегі буллинг пен кибербуллинг мәселесі де толастар емес. Кеше ғана Алматы облысындағы 13 жастағы жеткіншек мектептегі әлімжеттіктің себебінен өз-өзіне қолжұмсамақ болғанын естідік. Заң бар, бірақ орындалуы әлсіз. Қоғамдағы бұл қылмыстың бәрі бөтеннің емес, біздің балаларға қарсы жасалып жатыр. AMANAT партиясының фракциясы бұл мәселені өз назарында жіті ұстайтын болады. Осы ретте, біздің фракция Заң жобасына қажетті өзгерістерді енгізіп, тағы да қатаңдататынын жеткіземіз.

Дегенмен Үкімет пен әкімдік тарапынан алдын-­ала жасалатын жұмыстар бар. Нақты айтқанда: ­  1. ­Балалардың терезеден құлау фактілеріне байланысты, әкімдіктер, КСК тарапынан түсіндірме жұмыстары күшейтілуі тиіс. 2. Отбасындағы ішімдікке немесе наркотикалық тәуел­ділікке салынған азаматтардың барлығы қатаң бақылауға алынуы тиіс. Олармен пробациялық жұмыстарды жүйелі деңгейде өткізу маңызды. 3. Бала қауіпсіздігін сақтау­да барлық мемлекеттік орган бірлесіп, жүйелі әрі жылдам жұмыс істеуі қажет.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, Мәжіліс Депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button