150 жыл - Ахмет БайтұрсынұлыРуханият

Қазақ ұлттық ренессансы



Әдебиет пен театр өнері айрықша да­мыды. Қазақ ұлттық Ренессансында да Ахмет Байтұрсынұлы еңбегі арқасында қазақ тіл білімінің өмірге келгенін білеміз. Соның нәтижесінде алғашқы ұлттық әліпби, емле ережелері жасалды. Ахаң бастаған Алаш зиялылары қазақ тілінің тазалығы және сақталуы үшін аянбай күрескенін білеміз.

Үшіншіден, Ренессанс­тың басты белгілері саналатын білім мен ғылымның қазақ даласына кеңінен таралуына, қалыптасуына Ахаң тікелей атсалысқаны баршамызға мәлім. Оның ана тілінде білім беруді насихаттауы және тікелей соның мазмұнын жасауы, тіл білімі, әдебиеттану және әдістеме сияқты ұлттық ғылымдардың негізін қалауы, сондай-ақ ғылыми мектеп қалыптастыруы нағыз ұлттық жаңғыру болды.

Төртіншіден, «Қырық мысал», «Маса» поэзиялық жинақтары арқылы гуманистік идеяларды, атап айтқанда, тұтас халық пен жеке адамның болмысы мен бейнесін адамгершіл мұраттар негізінде көрсетті. Бұл ретте Абайдың ұлы гуманизмін Ахмет Байтұрсынұлына ықпал еткен идеялық-көркемдік фактор екенін атауға тиіспіз.

Бесіншіден, ол халықтың мәдени деңгейі артып, басқа халықтармен мәдениет жағынан теңескенде ғана рухани бостандық пен саяси азаттық болатындығын еңбектерінде жиі жазды. Бұл да Ренессанстың үлкен ерекшеліктерінің бірі.

Қазақ ұлттық Ренессансын қалыптастыр­ған тұлғалардың көпшілігі әмбе­бап тұлғалар еді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханнан бастап жас буын өкілдері Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, Мұхтар Әуезовке дейін ұлт-азаттық қозғалысына қатысып, әсіресе, мәдени күрес­те туған халқы үшін тарихи үлкен дәуірлік жұмыс­тар атқарған қаламгер қайраткерлердің табиғи дарыны жан-жақты болғанын баршамыз жақсы білеміз

 

Әрі қаламгер, әрі қайраткер тұлғалардың өмірлік мұраты олардың жазғандарынан айқын көрініс табатыны сияқты, Ахаңның да азаматтық болмысы оның шығармаларында баяндалды дейміз. Қайраткер ақын:

Адамдық диқаншысы қырға шықтым,

Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім, – дейді әйгілі өлеңі «Адамдық диқаншысында». Жалпы осы өлеңнің атауы сияқты оның мазмұны да Ахаңның ренессанстық тұлға ретіндегі автопортреті. Сондай-ақ: «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі», «Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет қыламын деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай кірісіп істей берсе – ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы», «Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар: адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер». деген және тағы да басқа қаншама сөздері оның зор адамгершіл тұлғасын аңғартады. Егер Ахаң ұлтын соншалықты сүймесе және ондай перзенттік махаббат телегей білім, зор жігер және қажырлы қайратқа сүйенбесе, дүрбелең кезеңде туған елі мен халқы үшін өмірін қатерлі тәуекелге тікпес еді. Ұлт мұраты үшін әлдеқайда күшті, зорлықшыл үкіметке қарсы күреске шыққандардың барлығы да үлкен тәуекелшіл тұлғалар. Осы тәуекелдің арқасында Ахаң сияқты реформатор тұлғалар – халқының даму бағытын тың арнаға бұрып, жаңаша тарих жасағандар. Бұл – әлем тарихындағы барлық Ренессанстарға тән құбылыс.

ХХ ғасыр басындағы Қазақ ұлттық Ренессансының гуманизмі – отаршыл Ресей империясының антигуманизміне деген қарсы реакция. Бұл жөнінде Ахаңның саяси және рухани серігі М.Дулатов: «Бізді ұлтшыл қылған – кемдікте, қорлықта жүргеніміз көрінгеннен соққы жегеніміз еді» деп жазған еді.

Отаршылдық антигуманизмнің бастапқы кезеңінде қазақ сан рет көтеріліске шығып, халықтың абыройы мен намысын қарудың күшімен қайтармақ болғанын да тарихтан жақсы білеміз. Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы және тағы да қаншама жүздеген көтерілістер жеңіліс тапты. Алаш зиялылары осындай оқиғалардан қорытынды шығарып, ХХ ғасыр басында саяси және мәдени күресті таңдады. Бұл сол кездегі тарихи мүмкіндіктер шегіндегі ең дұрыс таңдау болатын.

Тарихи деректерден Алаш қозғалысына тыйым салынған уақыттан соң тағы да туған халқының амандығы мен тағдыры үшін Ахмет Байтұрсынұлының төңкерістік комитет құрамына енгенін білеміз. Осы кезде ол кешегі империалистік мазмұндағы сияқ­ты тағы да большевиктік антигуманизмді көрді. Бұл қазақ сияқты халықтарға әлі де шекесінен қарайтын, сонымен бірге таптық платформадағы антигуманизм еді. Билікке жаңадан келген большевиктердің осындай антигуманизмі Ахаңның «Төңкеріс және қырғыздар», «Ленинге хат», «Қазақ қалам қайраткерлері жайынан» еңбектерінде жан-жақты баяндалды. Айталық, орыс тілінде жазылған «Төңкеріс және қырғыздар» мақаласында қазақтың жағдайын баяндай келе: «Олар бірінші төңкерісті қаншалықты шаттықпен қарсы алса, екінші төңкерісті соншалықты үреймен қарсы алды… Бірінші төңкерістің дұрыс түсіністікпен, қуанышпен қарсы алынуы, ол қырғыздарды патша үкіметінің езгісі мен зорлығынан құтқарса, екіншіден, олардың мәңгілік арманы – өзін-өзі басқаруға деген үмітін күшейтті… Қазан төңкерісі өзінің ­сыртқы әрекеттері арқылы оларға қорқыныш билетті» деп жазды. Большевиктік антигуманизмді айыптау, оның жоғарыда аталған еңбектерінде тікелей жалғасын тапты. Мысалы, «Ленинге хатында»: «…жергілікті коммунист жолдастар қазақтарды ешнәрсе түсінбейді деп ойлайды, құйтырқы саясатқа салып, еңбекші қазақ халқына олардың тұрмысын кеңестер негізінде құруына туысқандық көмек көрсетуді ұсынбай, қайта оларға әр түрлі қулықпен өз үстемдігін танытып отыр» десе, «Қазақ қалам қайраткерлері жайынан» мақаласында: «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық, зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілту, ауырын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес; кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни халқына жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес» деп ұлт зиялыларының шынайы азаматтық болмысын дәл сипаттайды.

Қазақ ұлттық Ренессансын қалыптастырған тұлғалардың көпшілігі әмбебап тұлғалар еді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханнан бастап жас буын өкілдері Мағжан Жұмабаев, ­Қошке Кемеңгерұлы, Мұхтар Әуезов­ке дейін ұлт-азаттық қозғалысына қатысып, әсіресе, мәдени күресте туған халқы үшін тарихи үлкен дәуірлік жұмыстар атқарған қаламгер қайраткерлердің табиғи дарыны жан-жақты болғанын баршамыз жақсы білеміз.

ХХ ғасыр басындағы Алаш әдебиетінің өзіне дейінгі де, өзінен кейінгі де әдебиеттен үлкен айыр­машылықтарының бірі – ондағы көркемдік әдіс­тердің, соған орай әдеби ағымдар мен бағыттардың алуандығы. Мұндай әдеби құбылыс қазақ ойының өмір шындығын бейнелеудегі алуан көркемдік және идеялық тәжірибелерін аңғартса керек. Адамды, қоғамды әр қырынан ғана емес, әртүрлі көркемдік әдістер арқылы бейнелеу ұлттық сөз өнердің өскенін көрсетеді. Осы кезеңде туып қалыптасқан сентиментализм, символизм, натурализм һәм дәуірдің ең басты көркемдік әдістері болған романтизм мен реализм және олардың ішкі ағымдары әдебиет өкілдерінің өмірді әртүрлі ракурста, әртүрлі көркемдік шешімдер арқылы танығанын паш етеді. Осы кезеңде жарық көрген жалпы адам құқығына, әйел теңдігіне арналған өлең, поэма, әңгіме, повесть, роман жанрларының пайда болуы да қазақ қоғамындағы гуманистік идеяның өрістеуімен тікелей байланысты екенін айтуға тиіспіз.

Ұлттық Ренессанс тұсында алғашқы жаңа әдеби, публицистикалық жанрлар қалыптасты. Сөз өнерінің өскендігін байқататын әдеби сын пайда болды. Қазақ баспасөзі, қазақ театрының негізі де осы кезеңде қаланды. Алғашқы тарихи мақалалар жазылды. Кеңес дәуірінде жарық көрген тарихи кітаптардың авторлары да Алаш қозғалысына қатысқан Мұхаметжан Тынышбаев, Санжар Асфендияров сияқ­ты қайраткерлер болды. Математика, медицина, физика, геометрия, география, биология, химия, тағы да қаншама ғылым салалары Алаш зиялыларының ойы мен еңбегінің жемісі екені бүгіндері бағалануда.

Ұлттық ғылымның туып, қалыптасуы – сол халық үшін қашанда аса ерекше құбылыс. Ол – халықтың есейгенін, ақыл-ойының жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін айқын көрсететін мысал. Білімі мен ғылымы бар халық әлемдегі заттар мен құбылыстардың сырлары мен құпияларын тани бастайды, оның өмірі мейлінше жеңілдеп білімінің арқасында жаңа кәсіптер мен мамандықтарды игереді. Оны өміріне жарата бастайды. Бұл – үлкен прогрессивті қадам. Жүздеген жылдар бойы таза аграрлық ұлт болып келген қазақтың халықтық санасы ұлттық Ренессанс кезеңінде айрықша өсті. Алаш қозғалысын қалып­тастырған зиялылар Мәскеу, Петербор, Ыстанбұл, Каир, Варшава, Қазан, тағы да басқа ондаған қалалардың жоғары оқу орындарында білім алды. Олар тарихымыз­да жоғары білім алған ең алғашқы кәсіби мамандар еді. Алған білімі мен білігін халықтың қажетіне риясыз барынша арнау сияқты саналы әрекет Алаш зиялыларының барлығына тән азаматтық, қайраткерлік кредо іспетті болды.

Ренессанстық белгі ретінде қазақ баласының жалпы әлемдік кеңістікті тануы да осы кезеңнен басталады. Бұл үдеріс ең алдымен қалыптаса бастаған жазба әдебиетінен көрінді. Атап айтқанда, публицистикалық мақалаларда, ғылыми еңбектерде, ал ­әдебиетте аудармалар арқылы аңғарылады. Ұлт-азаттық көтеріліс қайраткерлері Жапония, Германия, Америка, тағы да басқа мемлекеттер жөнінде танымдық еңбектер жазды. Олардың мақсаты өнерге, білімге, кәсіпке бет қойған жұрттарды қазаққа үлгі ету еді. Көркем әдебиетке келсек, Алаш көсемдері Ә.Бөкей­хан, А.Байтұрсынұлынан бастап барлығы дерлік аудармамен шұғылданды. Осы кезеңде орыс әдебиетін айтпағанның өзінде Будда, В.Шекспир, Гете, Шиллер, В.Гюго, Мопассан, А.Дюма, Р.Тагор, Дж.Лондон және тағы да басқа шетел классиктері қазақ тіліне аударылды. Алаш зиялыларының публицистикалық, танымдық, ғылыми еңбектерімен танысу барысында олардың дүние жүзінің тарихынан мол мағлұматы болғанын және сол дәуірдегі саяси, қоғамдық, мәдени оқиғалардан жақсы хабардар екенін анық аңғаруға боларлық.

Қазақ ұлттық Ренессансы қоғамдық ой мен мәдениеттің жаңа дәуірін бастады. Оның тууы мен қалыптасуындағы Ахмет Байтұрсынұлының, жалпы Алаш зиялыларының тарихи рөлі алдағы уақытта байыптала беретініне сенім мол. Себебі қазақ тарихындағы осынау аса ауқымды үдерістің себебі мен сипатын қаншалықты танысақ, біз соншалықты сол дәуірдің және соны жасаған тұлғалардың қайраткерлік және шығармашылық ерекшеліктерін толық тани алмақпыз.

Ербол ТІЛЕШОВ, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-

практикалық орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button