Спорт

Ұлттық мерекеге арналған турнир

Астана қаласындағы «Алау» мұз сарайында Республика күніне арналған ұлдар мен қыздар арасында семсерлесуден «Астана қылышы» республикалық турнирі өтті.

Республикалық жарыстың жүлделерін еліміздегі 100-ге жуық үздік семсерлесуші сарапқа салды.

Жарыстың ашылу салтанатында Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев пен Астана қаласы семсерлесу федерациясының президенті Ержан Нүсіпбеков қатысып, жарысқа қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, сайыста сәттілік тіледі.

«Астана қаласында дәстүрге айналған семсерлесуден республикалық турнирдің ауқымы кеңейіп, «Астана қылышы» турнирі аталып, биыл он бірінші рет өткізіліп отыр. Бұл жарысқа жылдан-жылға жастардың көптеп қатысуы қуантады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлудеміз. Бүгінгі жарыс алдымыздағы ұлттық мерекеміз – Республика күніне орайластырып ұйымдастырылды. Бұл дегеніміз – қаламыздағы өтіп жатқан ауқымды шаралар – бұқаралық спортты дамытудағы үлкен қадам. Осы орайда, бүгінгі жарысты ұйымдастырушыларға еліміздің спорт саласын дамытуға қосқан үлесі үшін зор алғысымды білдіремін. Спортшыларға жеңіс тілеймін. Шын мықтылар топ жарсын. «Астана қылышы» республикалық турниріне қош келдіңіздер!» деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев дәстүрлі турнирдің ашылу салтанатында.

Семсерлесушілер жеке және командалық есепте күш сынасты. Жарыс қарудың қылыш, қанжар және найза секілді үш түрі бойынша өтті.

«Астана қылышы» турнирі елімізде семсерлесуді кеңінен насихаттау және қазақстандықтардың өскелең ұрпағын зияткерлік күрестің осы түріне тарту, сондай-ақ турнирге қатысатын еліміздің жас спортшыларының спорттық шеберлік деңгейін арттыру және де Қазақстан Респуб­ликасының спорттық қатынастарын нығайту және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілді. Сондай-ақ бұл жарыс қараша айының басында Шымкентте өтетін кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты алдындағы дайындық жарысы болып отыр.

«Астана қылышы» турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері 16 қазанда белгілі болады. Үздік семсерлесушілер Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы тағайындаған медальдармен, тиісті дәрежедегі дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button