Спорт

Чемпиондар аула спортынан шығады

Елордада аула командалары арасындағы «Дені саудың – жаны сау» атты шағын футбол турнирі мәресіне жетті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен жарысты қалалық Полиция департаментінің Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды. Жарысқа 25 аула командасы қатысты.

Жасөспірімдер арасындағы футбол турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде Астана қаласы ПД Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі Ғалия Қымбатқызы жарысқа қатысушыларды жеңісімен құттықтап, денсаулықтың жақсы болуы, зиянды әдеттерден аулақ болудың бірден-бір жолы спортпен айналысу екенін атап өтті.

Астана қаласы Қадыр Мырза Әлі атындағы №88 мектеп-лицейі дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Қайрат Қошанов жарыс жайлы пікірін айтты.

«Осындай жарыстардың жиі өткені жасөспірімдердің бос уақытын пайдалы әрі тиімді өткізуге ықпал етеді. Негізі, чемпиондар осындай аула спортынан шығады деп ойлаймын. Қазіргі кезде есірткіге құмарлық деген проблеманың бар екені жасырын емес. Ал бүгінгі жарысты ұйымдастырушылар есірткі қылмысымен күрес жүргізетін мекеме болғандықтан, олардың қоғамның кеселімен спорт арқылы күрес жүргізіп отырғанына алғысымызды ғана айтамыз. Ал жарыс туралы айтсам, өзім бастап келген мектептің аула командасы ересек балалар арасындағы турнирде жеңімпаз атанды» дейді шәкірттерінің жеңісіне қуанған мұғалім.

«Дені саудың – жаны сау» футбол турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері: жасөспірімдер арасында 1-орын – №64 мектеп-лицейдің аула командасы; 2-орын – №71 мектеп-лицейдің аула командасы; 3-орын – №7 мектеп-гимназия және №74 мектеп-гимназияның аула командалары.

Ал ересек жасөспірімдар арасындағы жарыста №88 мектеп-лицейдің аула командасы топ жарды.

Жүлдегер атанған командаларға диплом, медаль және кубок табыс етілді. Сондай-ақ бірнеше қатысушы түрлі номинация бойынша арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button