Елорда тынысы

Ұлттық құндылық ұлағаты



Астанадағы «Қазанат» ­ипподромында ұлттық спорт түрлерінен VI фестивальдің ашылу салтанаты өтті. Атаулы шараға Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, елорда мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов қатысты.

Фестиваль аясында алдағы 5 күнде 1300-ден астам адам 11 спорт түрінен сайысқа түседі. Соның ішінде көкпар, асық ату, тоғызқұмалақ, жекпе-жек, жамбы ату, теңге ілу және тағы да басқа ұлттық ойын түрінен күш сынасады.

Шараны ашқан Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов елімізде ұлттық спорт түрлері мемлекет қолдауымен қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Төл мәдениетімізді дәріптеп, ұлттық спортты дамыту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әрдайым ерекше назарында. Оның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы Президентіміз күні кеше Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан еді. Ұлттық спорт түрлері – бұл біздің тарихымыздың және қазақ халқының өзіндік ерекшелігінің айнасы. Оны дамыта отырып, рухани мұрамызды болашақ ұрпақтың игілі үшін сақтап қаламыз, – деді Е.Қошанов.

Мәжіліс спикері алдағы жылы Қазақстанда Мемлекет басшысының қолдауымен өтетін V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәні мен маңызына тоқталды. Бірнеше мемлекеттің спортшылары бас қосатын халықаралық жарыста қазіргі Қазақстанның әлеуетін танытуға мүмкіндік беріледі.

Іс-шара аясындағы айтулы оқиғаның бірі – «Joryq» ат спорты федерациясы осымен екі жыл қатарынан өткізіп отырған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесі. Еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы ат басын бұрған 20 команда 14 күнде елордадан Түркістанға дейінгі 1300 шақырым қашықтықты жүріп өтеді.

– Бәйге-марафон Amanat партиясының қолдауымен былтыр тұңғыш рет өткізілген еді. Бұл болашақта ұлттық ат спорты түрлерінің дамуына айрықша әсер ететін маңызды әрі ауқымды оқиға болды. Дүбірлі дода еліміздің барлық өңірін біріктірді. Шабандоздар сайын сахараны атпен шарлап, туған жердің сырына қанығады. Спорттық жетістіктерден бөлек, бұл бәйге этнотуризмді дамытуға және халқымыздың мәдени мұрасын насихаттауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Фестивальді ұйымдастыруға ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Amanat партиясы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, Ұлттық спорт қауымдастығы, Туризм мен спортты қолдау қоры ұйытқы болды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button