Басты ақпаратМәдениет

Алтыншы маусымы ашылды



Өткен сенбі күні Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының VI маусымы «Боранды бекет» драмасымен ашылды. Әйгілі қаламгер Шыңғыс Айтматовтың шоқтығы биік бұл туындысын Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Шерхан Мұртаза қазақшалаған. Қоюшы режиссері – Ұланмырза Қарыпбаев. Суретші – Алан Саймин.

Шыңғыс Айтматовқа КСРО Мемлекеттік сыйлығы үш рет берілсе, соның соңғысын ол осыдан тура қырық жыл бұрын дәл осы «Боранды бекет» романы үшін алды. Аталмыш туындының премьерасы Әзірбайжан Мәмбетов театрында былтырғы сәуір айында өтіп, сахна саңлағының 90 жылдығына арналды. Бұл бекер емес, себебі Мәмбетов аталған романды сахналаған режиссердің бірі. Театр реформаторының қолтаңбасындағы спектакль «Ғасырдан да ұзақ күн» атауымен Қаллеки театрының репертуарынан жиырма жыл бойы түспей келе жатыр.

Өткен жылы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйым­дастырылған «TeatrALL» ІІ халықаралық театр фестивалі Әзірбайжан Мәмбетовтің мерей­тойына арналды. Оған оның атындағы өнер ошағы «Боранды бекетпен» қатысты. Спектальді сахналаған ­Ұланмыр­за Қарыпбаев сонда Мәмбетов атындағы арнайы сыйлықпен марапатталды. Жас режиссер спектакльде бірнеше сюжеттік линияны қамтыды. Драманың бас кейіпкері Едіге болса, Айт­матовтың тағы бір кейіпкері Қазанғаптың бейнесін ашуға тырысты. Соның ішінде оның аманатына ерекше көңіл бөлген.

Биыл – Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жыл. Соған орай Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры осы маусымда ән дүлдүлі туралы спектакль ұсынбақ. Аталмыш қойылым Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романы желісімен сахналанады. Қоюшы режиссері – Ұланмырза Қарыпбаев. Жаңа туындының премьерасы желтоқсан айына жоспарланып отыр.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button