ӘлеуметБасты ақпарат

Еңбекті қанау – елдікке сын

2022 жылы ел көлемінде 40-қа жуық еңбек дауы орын алып, оның 5-еуі қарсылық акциясына ұласты. Кәсіпкерлер арасында жасөспірімдер мен жастарды сынақ мерзімімен жұмысқа қабылдап, алайда не тұрақты жұмысқа алмай, не тиісті еңбекақысын төлемейтін жағдайлар орын алуда. Мұндай еңбек дауларын қалай шешуге болады? Осы сұрақтарға жауап іздедік.

ЖАНЖАЛДЫҢ БАСЫ – ЖАЛАҚЫ

Мемлекет еңбек нарығында жұмыс күшін реттеп, әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешуі керек. Қазіргі өткір әлеуметтік мәселе – инфляциялық үдеріске жауап беріп, кезең-кезеңімен жұмысшылардың жалақысын көтеру. Елдегі негізгі еңбек дау­лары осыған қатысты орын алуда.

– Жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келіспеушіліктердің пайда болу себебі көп. Көп жағдайда жалақының төмен болуы немесе басқа төлемдерді дұрыс есептемеу, өндірістік жарақат үшін өтемақы қарастыр­мау, демалыс күндері жұмысқа «мәжбүрлі» шығару, себепсіз еңбек шартын бұзу салдарынан еңбек даулары туындайды. Кәсіподақ өкілдері әлеуметтік әріптес­термен бірлесіп, еңбек дауын шешуде келіссөз процестеріне қатысып жүр. Еңбек дауының басым бөлігі кәсіподағы жоқ кәсіпорындарда орын алады, – деді Кәсіподақ федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев.

Жасыратыны жоқ, алпауыт елдер арасында санкциялық соғыс күшейіп, соның салдарынан ұзақ жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыстар үзіліп, қымбатшылық белең алды. Тек шикізат сататын мемлекет ретінде мұндай құбылысқа дайын болмай шықтық. Қазір нарықтағы баға мен ел азаматтарының табысы мүлде үйлеспейді. Былтыр орын алған 5 қарсылық акциясының негізгі мәні осында.

Қалалық орта сапасы және бақылау басқарма басшысының орынбасары Ерлан Исмағұловтан елордада еңбек даулары қалай шешілетінін білдік.

– Еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық комиссия жүйе­лі жұмыс жүргізеді. Комиссияға қалалық прокуратура, Мемлекеттік кірістер департаменті, кәсіподақ ұйымдары, Жұмыс берушілер Ұлттық Конфедерациясының өкілі мүше ретінде тұрақты қатысады. Жыл басынан бес рет комиссия отырысы өтіп, жалақы және әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті өтеу, өндірістік жарақаттануды азайтуды реттеу мәселесі қаралды. Астанадағы кәсіпорын мен жұмысшылар арасында әлеуметтік шиеленіс пен жанжалды жағдайдың алдын алу, сондай-ақ жалақы бойынша берешегі бар компаниялар туралы мониторинг жүргізіледі, – деді салаға жауапты басшы Ерлан Исмағұлов.

Еңбек дауларының себеп-салдарын қарағанда, жұмыс берушінің жалақыны кешіктіру немесе жұмысшы жалақы мөлшеріне қанағаттанбау, көп жағдайда жұмыс беруші мен қызметкер арасында келісімшарттың болмауы себеп болады. Құрылыс саласында еңбек шартына отырмай жұмыс істеп жүрген адам қаншама?! Олар жалақыны қолма-қол алып, көлеңкелі экономиканың үлесі артуына үлес қосады.

Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділовтің сөзінше, құрылыс­тағы еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек жағдайын бақылау, өндірістік жарақат деңгейін төмендету мақсатында жұмыс тобы құрылып, бірқатар құрылыс объектісінде мониторинг жүргізді. Мердігер компания жұмыс ауқымын игеруде қосалқы құрылыс ұйымын тартады. Қосалқы компаниялар жалдамалы жұмысшы тартып, олармен келісімге отырмайды. Егер жазатайым оқиға туындаса, онда бас мердігер жауапкершіліктен бас тартып, әлеуметтік мәселені шешуден жалтарады. Бірқатар құрылыс компаниясының жұмысшылары еңбек келісім шартын жасауға өздері ыңғай білдірмей отырғаны анықталды. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта отбасын асырау үшін қолма-қол ақша алу тиімді.

ЖАСТАРДЫ ЕҢБЕККЕ БАУЛУ МАҢЫЗДЫ

Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) мәліметінше, әлемде 250 миллион жасөспірім еңбекпен шұғылданады. Дамыған және дамушы елдерде бала еңбегі маңызды рөлге ие. Әсіресе кедей елдерде балаларды тегін жұмыс күші ретінде тартады. Халық­аралық норма бойынша 14-16 жастағы балалар аптасына 24, ал 16-18 жастағы жеткіншектер 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек.

«Бала құқығы» туралы заңға сәйкес, кез келген 14 жасқа толған бала ата-анасының рұқсатымен, оқудан тыс уақытта жұмыс істей алады. Алайда жұмыс баланың физиологиялық және психоәлеуметтік дамуына кері әсер етпеуі керек.

Жалпы ішкі өнім бойынша әлемде 12-орындағы Кореяның өсіп-өркендеуі халқының еңбексүйгіштігімен тікелей байланысты. Корей қоғамында еңбек мәдениеті қалыптасуында жастарды еңбек етуге баулу және еңбексүйгіштікке тәрбие­леу жүргізілді. Біздің елде де жастарды еңбекқор етіп тәрбиелеу – маңызды міндет. Бұл жолда жастардың еңбек етуін қолдап, адал еңбегіне сай еңбекақысын беру маңызды. Алайда жастардың еңбегін қанау фактілері туралы естіп, біліп жүрміз. Жасөспірімдер мен жастардың еңбегін қанау, бұл – жастарды еңбек етуден жирендіретін құбылыс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қоғамда еңбек адамы бірінші орында тұруы керек. Өйткені барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлікте.

– Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес, жұмыс беруші жұмыс­керге сынақ мерзімін белгілеуге құқылы. Сынақ мерзімі еңбек шартында көрсетілген жұмыс басталған күннен басталып, жұмыскердің жұмыс өтіліне қосылады және үш айдан ­аспауы керек. Кодекстің 37-бабына сәйкес, сынақ мерзімі кезеңінде жұмысшы теріс нәтиже берсе, онда жұмыс беруші еңбек шартын бұзу туралы хабарлама береді. Еңбек шарты тоқтаған жағдайда компания басшысы үш жұмыс күнінде қызметкердің тиісті еңбекақысын өтейді. Егер талап орындамаса, онда қызметкер еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға жүгінуге құқылы, – дейді Ерлан Исмағұлов.

Жасыратыны жоқ, қалалы жерде мектептің жоғары сынып оқушылары, колледж және университет студенттері бос уақытында көлік жуу орталықтарында, мейрамханаларда және тағы басқа кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыс істейді. Сондай жастың бірі – Азамат Бейсенбаев. Ол сол жағалаудағы мейрамханаға бармен болып бір айға жуық уақыт жұмыс істейді. Өз қолым өзіме жетті, үйдегілерге көмектесетін болдым деп жүргенде менеджер талапға сай келмейсін деген уәж айтады. Ақыры не тиісті жалақысын алмайды. Сөйтіп, сағы сынып, келешекте елден кетемін деген шешім қабылдайды. Мұндай жағдайға тап болған жастар не істеуі керек? Бұл сұрақты Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділовке қойдық.

Сарапшылар еңбек даулары орын алмас үшін балалар өзінің құқығын білгені дұрыс дейді. Қазір балалар түгіл ересектер конституциялық құқығын ­қолдана бермейтіні белгілі.

– Біз ірі сауда орындарындағы жас сатушылар мен тұрғындарға ақпараттық парақшалар таратып, өз құқығы мен міндетін білуге шақырып, құқықтық түсіндірме жұмысын жүргіземіз. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, қорғау біздің назарымыздан түспейді. Астана қаласының білім ­қыз­меткерлері кәсіподағының өкілдері жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру сабағын дәстүрлі өткізіп келеді. Жасөспірімдерге жұмыс беруші мен жұмысшының құқығы мен міндеті, кәсіподақтың еңбек қатынастарын реттеудегі қызметі туралы түсіндіреді, – деп жауап берді елордалық кәсіподақтың төрағасы.

ҚОҒАМ ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Қоғам өкілдерінен еңбек қатынастарындағы заңдылықтарды қаншалықты білетіні туралы сұрадық.

Мақсат ДҮЙСЕНОВ, Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы еңбек қарым-қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы:

– Жұмыскерлердің еңбек құқығы бұзылған жағдайда біздің басқарамаға жүгіне алады. Өтініш беруші жұмыстан шығару туралы бұйрықты заңсыз, негізсіз екенін дәлелдейтін құжатты ұсынады. Еңбек шартының бұзылуы заң аясында болғаны немесе болмағанын тексеріс нәтижесінде анықтаймыз. Енді жұмыс беруші жастарды болсын, ересектерді болсын жұмысқа алған кезде еңбек шартын жасауы керек. Егер шарт жасалмаған жағдайда заңға сәйкес жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Еркінжан БӨКЕЙХАН, Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназия директоры:

– Қазір мектеп оқушыларын жұмысқа тарту заңмен қудаланады. Сөзсіз, жасөспірімдерді еркінен тыс жұмысқа жегу заң аясында жазалануы керек. Бұған еш қарсылығым жоқ. Алайда ата-анасының рұқсатымен денсаулығына нұқсан келтірмейтін, оқуына бөгет болмайтын жұмыстардан баланы шектеу дұрыс емес. Өйткені бала еңбек арқылы өмірді таниды, көзқарасы қалыптасады. Білім беру орындарында «еңбек» сабағының басты мақсаты – оқушыларды әртүрлі шаруаға икемді болуына, істің көзін табуына үйретеді. Сондықтан, оқығанын, көргенін іс жүзінде жасап көргені дұрыс. Қандай жағдай болмасын, баланың еңбекке ерте араласып, жауапкершілікті сезініп өскені жақсы. Кейде жасөспірімдердің еңбегін қанайтын жағдайлар кездеседі. Заң салтанат құрған, әділетті елде мұндай келеңсіз жағдайларды алдын алу маңызды.

Самат АЙТЖАН, ата-ана, Астана қаласының тұрғыны:

– Біздің балалалық шағымыз 90 жылдарға тура келіп, дала еңбегімен өмірді таныдық. Ұл-қыздарымды да еңбекпен тәрбиелегенді дұрыс санаймын. Үлкен ұлым 10-сыныпты бітірді. Менің рұқсатыммен көлік жуу орталығында жазда жұмыс істеді. Сөйтіп, ақшаны мандай термен табу керектігін түсініп, еңбектің құнын білді. Әрі өзі тапқан қаржыға мектепке керектісін сатып алды.

Құдайберген СӘРСЕНБАЕВ, 24 жаста:

– 11 сыныпты оқып жүргенімде анамнан рұқсат алып, бармен болып жұмыс істедім. Бұл жұмысты колледжде оқыған жылдары да жалғастырдым. Осылайша анама салмақ салғым келмей, еңбекке ерте араласып, жауапкершілікті сезінуді, сапалы орындауды үйрендім. Қазір елордадағы мейрамханада менеджер болып жұмыс істеймін. Шүкір, табысым өзіме де, жақындарыма да жетеді.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button