Мәдениет

Бүркітшілер бәсекесі



Астана қаласы маңындағы Тасбұлақ елді мекеніне Қытай, Моңғолия, Қырғызстан және елдегі 14 облыстың бүркітшілері жиналды. Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы халықаралық турнирде құсбегілер бүркіт, қаршыға және ителгіні қоянға салудан сынға түсті.

Бекзат өнердің таңғажайып күшін Тасбұлақта көрдік. Қатысу­шылардың жасы әркелкі. Ең жасы 15-те болса, ең егдесі – 70-те. Олардың бүркітпен тілдесіп, жарысқа дайындау тәсілі де әртүрлі. Тіпті бүркіттің томағасын сыпырып, аңға салғандағы әрекеті де өзгеше.

Алдымен жарысқа қаршыға баптағандар түсті. Бұл сында Түркістан облысының атынан қатысқан Таң Төлемырзаның қаршығасы топ жарды. Ителгі бойынша бірінші орынды астаналық құсбегі Диас Күнтуған алды.

– Бес жасымнан бастап қыран баптаймын. Қазір 15 жастамын. Ителгімнің есімі – «Қаракөз». Өткенде ұлттық спорт түрлерінің VІ фестивалінде 1-орын алған еді. Бұл – екінші жарысы. Тағы да 1-орын алдық. Күнтуған атамның атына берілген турнирде топ жарғаным үшін қуаныштымын, – деді Диас.

Осымен 6-рет өткен бүркітшілер бәсекесінде Атырау облысынан келген Арман Қошқаров дараланды. Арман бұған дейін Азия чемпионатының жеңімпазы атанған-тұғын.

 

Нұрлан Молдахонов,

Қырғызстаннан келген құсбегі:

– Бішкектен 3 бүркітші келдік. Осымен екінші рет қатысып отыр­мыз. Жарыстың деңгейі жоғары болды. Қазақ пен қырғызға саятшылық өнер ортақ. Сондықтан Қазақ елінде өтетін турнирлерге қатысуға мән береміз.

 


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button