Әлеумет

Ерлік ешқашан ұмытылмайды



Елорданың Байқоңыр ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жанындағы «Ұрпаққа аманат» бірлестігі мен «Зияткерлік даму» клубы мүшелерінің қатысуымен Ұлы Жеңіс күніне арналған «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» атты іс-шара өткізілді. Жиында журналист, белгілі қаламгер, «Құрмет» орденінің иегері  Ғалия Балтабаймен кездесу өтті.

Аталмыш іс-шараға тыл ардагерлері Григорий Шишов және Владимир Ли қатысты. Жиынды ұйымдастырушы орталықтың қазақ тілі оқытушысы, Маржан Пірімбетова «Тұтқиыл», «Соғыс», «Майдан», «Отан», «Қорқыныш», «Күдік», «Үміт», «Ерлік», «Жеңіс», «Майдангер», «Ардагер» сөздерінің маңызын ашып, мәнін түсіндірді.

Қаламы қарымды қаламгер Ғалия Балтабай «Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды» атты 25 баспа табақпен жарық көрген көлемді кітабы туралы ақпарат беріп, соғыс ардагерлері туралы әңгімеледі. Сонымен қатар ардагер ақын Григорий Шишов өзінің соғыс, жеңіс тақырыбына арналған авторлық өлеңдерін оқыды. 92 жастағы  тыл ардагері Владимир Ли тылдағы атқарылған еңбек даласындағы қиындықтары туралы әсерлі әңгіме айтты.

Орталықтың қызмет алушылары және «Зиялы ұрпақ» мектебінің ұстаздары мен оқушылары да аталмыш кештен алған әсерлерімен бөлісті. Оқушылар ерлік туралы Қазақстан ақындарының шығармаларын мәнерлеп оқып, көптің ризашылығына бөленді. Кеш соңында отаншылдық рухты насихаттауға бағытталған әндер орындалды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button