Елорда тынысы

Жан-жақты ынтымақтастық дамиды



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Чехия Республикасының Премьер-министрі Петр Фиаланы қабылдады.

Президент Петр Фиаланың елімізге жасаған алғашқы ресми сапары екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

«Сіз елімізге үлкен бизнес-делегация алып келдіңіз. Екі ел арасындағы іскерлік байланыс­тар мен ынтымақтастықты ілгерілетуге пайдасы өте зор бизнес форум өтеді» деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Чехия Президенті лауазымына сайланған Петр Павелге құттықтауын жолдады.

Кездесу барысында сауда-­экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, соның ішінде көлік-логистика саласын нығайту перспективаларына баса мән берілді. Президент чех инвесторларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

«Чехия Республикасынан энергетика, машина жасау, көлік, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина өнеркәсібі және фармацевтика секілді экономиканың түрлі салаларына құйылатын инвестицияны құптаймыз. Сондай-ақ елдеріміздің астаналары арасында тікелей әуе қатынасын ашамыз деп сенеміз» деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Петр Фиала Чехияның елімізбен арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін растады. «Чехия Республикасы Қазақстанмен бұрыннан достық қарым-қатынас орнатқан және оны жалғастырамыз деп сенеміз. Осы кездесуіміз белсенді байланыстарға тың серпін береді деп үміттенемін. Қазақстан – біз үшін  өте маңызды серіктес. Қазақстан мен Чехия Республикасының ынтымақтастығы Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынас­тардың аса маңызды тірегінің бірі саналады» деді Чехия Премьер-министрі.

Сонымен қатар кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button