Басты ақпаратЕл тынысы

Мемлекеттік тіл – біріктіретін күш

Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл бақыт ел үшін, деген ұстаным –  Қазақстан халқының ең басты құндылығы. Қазақ еліндегі ұлттар мен ұлыстардың тағдыры да, болашағы да біртұтас. Сондықтан да Қазақстан халқының бірлігі күні қастерлі де мерейлі мереке саналады. Кеше елорда төрінде өткен «Болашағы біртұтас ұлт» атты дөңгелек үстел сол бірлік пен берекенің шынайылығын айшықтады.

Астана қаласы әкімдігі «Руханият» мекемесінің бастамасымен 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай «Болашағы біртұтас ұлт» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Достық үйіндегі «Мәміле» қазақ тілінен пікірлесу клубына қатысатын өзге ұлт өкілдеріне арналған іс-шара мемлекеттік тілден сабақ ретінде өткізілді. Елордадағы 15 этникалық мәдени бірлестік өкілдері «Мемлекеттік тіл – қазақстандықтарды біріктіретін күш» деген тақырып аясында қазақ тілінен білім деңгейін көрсетті.

«Руханият» КММ басшысы Әділ Орынбасарұлының айтуынша, «Мәміле» клубы Мемлекет басшысының сындарлы саясатын қолдай отырып, әрбір ұлттық-мәдени орталықтардың бірлесе қызмет атқарып, әрбір ұлттың салт-дәстүрлерін жаңғырту, мәдениеті мен әдебиетін дамытуда толық жағдай жасалуына  септігін тигізіп отыр.

– 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың белгісіндей – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Бүгінгі тақырып шеңберіндегі  дөңгелек үстелдің басты мақсатының өзі – Қазақстан халықтарының бірлігін нығайту, өзге ұлт өкілдерінің этностық ерекшеліктерін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымында үйлесімді түрде біртұтастықта тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау. Мемлекеттік тіл – қазақ тілін дәріптеуге атсалысу, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын біліп, көңілге тоқу, ауызекі сөйлеу дағдыларынан бастап әдеби тілде сөйлеу деңгейіне дейін қалыптастыруға мұрындық болуға үлкен ықпал жасап отырмыз, – дейді ол.

«Руханият» мекемесінің оқытушысы Сағым Барлықбайқызы «Мәміле» клубына ай сайын келіп, өзге ұлт өкілдеріне сабақ береді. Оның айтуынша, өзге ұлттардың, соның ішінде мәдени бірлестіктер жетекшілерінің қазақ тілін үйренуге деген ынта-ықыласы артып келеді.

– Бұл азаматтар мемлекеттік тілді үйренуге қатты қызығушылық танытып, әр сабаққа асыға келеді. Елордадағы Достық үйінде бас қосқан өзге ұлт өкілдеріне 2019 жылдан бері сабақ беріп, ана тілімізді үйретіп келемін. Мемлекеттік мереке қарсаңында бұл айдағы ерекшелік – сабақ достық мерекесіне  арналды. Президентіміздің Жолдауында айтылатын «Біртұтас ұлт» сөзін ала отырып, бүгінгі жиын тақырыбын «Болашағы біртұтас ұлт» деп қойдық. Соның аясында сабақ өткізіп, қазақ тілінің мәртебесін көтеруді көздедік. Пікірлесу клубындағы сабақтар барысында әдетте қазақша әндер айтамыз, өлеңдер оқимыз, бейнежазбалар түсіреміз. Алғыс айту күнінде этнос өкілдері өздерінің алғысын қазақша айтады. Сұрап қарасаңыз, бұл кісілер Абайдың және қазақтың басқа да танымал ақындарының өлеңдерін жатқа оқи алады. Көбіне оларға тілмен қоса қызықтыру үшін қазақтың салт-дәстүрлерін үйретемін, – дейді С.Барлықбайқызы.

Мемлекеттік әнұран айтудан басталған іс-шара одан әрі мектептегі сабақ секілді жалғасты. Сағым апай әр оқушы – өзге ұлт өкіліне сөз беріп, оларға қазақша мәтінді оқуды өтінді. Одан әрі сол мәтіндегі әрбір сөздің орысша аудармасы түсіндірілді. Сонымен қатар олар қағазда көрсетілген көп нүктенің орнына қажетті сөздерді қою, сөздерге тиісті қосымшаны жалғау сияқты тапсырмаларды орындап, «Қазақстан туының түсі қандай?», «Тудағы күннің астында не бейнеленген?» деген секілді сұрақтарға жауап берді.

– Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Біз көп этностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық, – деді өз сөзінде «Тан» татар-башқұрт мәдени орталығы ҚБ әдіскері Райля Даутова.

Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Достық үйі арасындағы меморандум аясында өзге ұлт өкілдеріне тегін тіл үйрету жұмысы жолға қойылған. Бұл туралы дөңгелек үстелге арнайы келген аталған басқарманың тіл саясатын үйлестіру бөлімінің басшысы Нұрзила Қасқатаева атап айтты. Жиын барысында әр этнос өкілі «Руханият» мекемесі атынан олардың мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін «Алғыс хатпен» марапатталды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button