Басты ақпаратРуханият

Тереңнен тартқан тектілік

Биылғы ақпан, сәуір айы халықаралық деңгейдегі дүбірлі екі оқиғамен есімізде қалды. Дүбірлі және халықаралық дейтініміз мәдениет, ғылым, журналистика саласының өкілдерінен құралған он адамдық топ көршілес Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде шара өткізіп, олжа салып қайттық. Бұл шараға мұрындық болған – ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, «Құрмет» орденінің иегері Бақытжамал Оспанова.

Көпшілікке мәлім, биыл мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетіне шытырман оқиғалы детектив жанрын алғаш әкелген қарымды қаламгер, үлкен жазушы, драматург Кемел Тоқаев­тың туғанына 100 жыл толды.

Жазушының өмір жолы мен адыра қалып сөгілген ақ сауыттай иір тағдыры Қырғызстан, Өзбекстанмен терең байланысып жатқанын, оның шығармашылығында ел жағдайы, қоғамның келешегі туралы кесек-кесек, келелі ойлар тұнып тұрғанын әу бастан бағамдап алған Бақытжамал Қайыр­бекқызы өз ішінен бір шаруаны атқарып тастауға бел буады. Бұл шаруасын жаһанға жария қылып, ешкімді шулатпай-ақ, өзіне етене жақын журналистер мен кітапхана қызметкерлерінен құралған 10 адамнан шығармашылық топ құрып алып, қызу дайындыққа кірісіп, көршілес елдердегі әріптестерімен хабарласып, ойға алған ісінің мерзімін, орнын және жүргізу форматы жөнінде келісімді бекітіп алады.

Мақсат – өмірі мен өнегелі ісі ел есінде терең сақталған танымал жазушы Кемел Тоқаевтың мерейтойын жоғары деңгейде ұйымдастырып, қазақ, қырғыз һәм өзбек халықтарының тарихи, мәдени, туыстық, әдеби байланысын еске алып, ортақ құндылықтарды бөлісіп қайту.

Сонымен, тиісті дайындық жасалып, межелі уақыт тақалып, осы жылдың 16 ақпанында аталмыш делегация қырғыз еліне аттанып кеттік.

Әбден тарихтың сарғайған парақтарынан сары алтын іздеп үйреніп қалған басыма жазушы Кемел Тоқаевтың артына қалдырған сүбелі мұрасымен қатар, қазақтың қазақ болуына мол үлес қосқан, көш бастаған қоңыраулы құба нардай оның арғы ата-баба, тек-тамырлары, бірнеше тарихи тұлғалары елес­теп бара жатты.

Кейбірі Кемел Тоқаевтың Алматы облысы Қаратал ауданы Қалпе ауылында 1923 жылы туғанын сөз қылып отырғанда, одан мың жыл бұрынғы тарихымыз және 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен із қалдырған қаралы оқиға санамда сапырылысып жатты.

Осыдан екі жыл бұрын Кемел ағамыздың табанының табы қалған ауылға менің де жолым түскен. Өйткені ХVІІІ ғасырдың ірі тұлғасы әрі биі, әрі шешен, жауынгер батыр «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары Іле мен Қаратал өзендерінің аралығында жоңғарларға қарсы шайқастарда қолбасшылық дарынымен ерекшеленген, кейін қазақ жері жаудан тазартылған соң, босқын елді атамекеніне қайтаруға да үлес қосқан Кемел ақсақалдың арғы атасы Жолбарыс би Жылқайдарұлы (1671-1761 жж.) бабамыздың 350 жылдығына арнап «Ұлы тұлғалар» атты хабарымның бірнеше шығарылымын арнаған болатынмын.

Қырғыз еліндегі кездесу

Қиялыммен аралас тәтті ойлардың құшағында тербеліп, қырғыз еліне жетіп қалғанымызды да байқамай қалғандаймын.

Қазақ тілі мемлекеттік тіліміз екені баршаға аян. Біздің ұлттық асыл қазынамызқазақ тілінің кіршіксіз таза болуына, шұбарланбауына атсалысуымыз керек. Сондықтан қазақ сөздерін әлдекімдердің көңіл күйіне қарап өзгерте беруге болмайды.

Кемел ТОҚАЕВ,

Қазақ әдебиеті»,  14 желтоқсан, 1968 ж.)

Сонымен, А.Осмонов атындағы Қырғыз Республикасы Ұлттық кітапханасының Абай залында мемлекет және қоғам қайраткері, шытырман оқиғалы детектив жанрының қазақ елінде негізін салушы, қарымды қаламгер, драматург Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Түркі әлемі детектив жанрының дарабозы» атты жазушыны еске алу кеші басталып кетті. Арнайы безендірілген кітап көрмесі де ұйымдастырылды.

Кеште сөз тізгінін ұстап отыр­ған Бақыт Жағыпарұлы екі елдің достығы, туыстығы жөнінде сөз айтып, ақын Талант Арынғали арнау жырмен ашты. Бірінші сөзді Ұлттық кітапхананың басшысы Бақытжамал Қайырбекқызы терең толғаныспен бастады.

Қасіретті кезең естелігі

Әйгілі жазушы Кемел Тоқаев­тың балалық шағы, оның ең қасіретті де өкінішті күндері осы Бішкек қаласында басталғанын тілге тиек етті. Сонау 1931 жылдары қолдан ұйымдастырылған ашаршылық қазақ халқының жартысынан көбін алып кеткені мәлім. Сол кезде қасіреттен қан жұтып, зардап шеккен көптеген қазақ отбасылары жан сақтау мақсатында Қытай асса, Кемелдің әкесі Тоқа 1933 жылдары Отан мен ағайын-туыстан алыстап кетпеу үшін жат жаққа барудан бас тартып, көрші қырғыз еліне аттанған екен. Ол кезде Фрунзе – бүгінгі Бішкек қаласына келіп, бір орыстың шағын кепешігіне орналасып, шаруашылығында қара жұмыс істеуге келіседі. Қожайынның есімі – Яков, ақсақал оны «Жақып» деп атап кетеді. Ауыр тұрмыс, күнкөрістің ауыртпалығы әсерінен Тоқа ақсақалдың бәйбішесі Тәфуза сал ауруына ұшырап, төсек тартып жатып қалады. Бірде ақсақал еңбек ақысына алған ескі етікті нанға айырбастауға қала базарына кетеді. Базарға жеткенде ілесе шыққан ұлдары Қасым мен Кемелден көз жазып қалады. Осы кезде көшеде иесіз жүрген жетім балаларды жинайтын милиция патрульдері Қасым мен Кемелді ұстап алып, отбасы, әке-шешеміз бар дегеніне қарамай, балалар үйіне күштеп апарып өткізіп жібереді.

Үйінде кішкентай қызымен қалған ауру ана төсек тартып жатқанда, пеш түбінде жылынып отырған сәби аяғы тайып, лаулап жанып жатқан отқа түсіп жана бастайды. Тұруға қауқары жоқ ана сәбиіне көмек қолын соза да алмай, жүрегі мына сұмдыққа шыдамай, сол жерде жан тәсілім етеді.

Бақытжамал Қайырбекқызы әңгімесінің осы тұсына келгенде, залда сөз тыңдап отырған бірталай кісінің көңілі босап, жанарын аяушылық жасы үйіріп жатыр еді.

Өзекті өртеп, қабырғаны қайыстырып жіберетіндей удай ащы сөз әрі қарай жалғаса берді.

…Кешігіп жеткен Тоқа мен Яков мына қасіретті көзімен көреді. Тоқа ақсақал кемпірінің басын құшақтап кешірім сұрағаннан басқаға шамасы да келмейді. Яков пешке су шашып өшіріп, жанып кеткен қыздың өлі денесін алып шығады. Екеулеп мәйіттерді жерлеп, жоғалған балаларын іздеуге кіріседі. Еш хабарсыз кеткен балаларын таба алмаған ақсақал, егер үйіне келген жағдайда, көмек қолын созуды өтініп, түнде белгісіз жаққа жол тартады. Сол кеткеннен ол кісі оралмапты.

Тағдырдың қатал сынына ұшырап, отбасынан түгелдей ажыраған әкенің, ата-анасы, қарындасынан айырылған жас ­балалардың сол уақыттағы қасіретін көз алдыңызға елес­тетіп көріңіз. Жетімдер үйінде бір айдан астам тұрғаннан кейін үлкені Қасым түнделетіп қашып шығып, ата-анасына жол тартады. Болған жағдайды Яковтан естіп жүрегі қан жылап, балалар үйіне қайта оралып, досына бар жағдайды толық баяндайды.

Сонда Қасым жан жүрегі езіліп отырып досына былай деп егілген екен: «Біз енді жарық дүниеде Кемел екеуміз ғана қалдық. Егер маған бірдеңе болса, Кемел туған-туыссыз, қолдаусыз жалғыз өзі қалады».

Бұл әңгімені көрпе астында Кемел тыңдап, көз жасын төгіп жатқан еді. Солай көңілсіз күндер өтіп, он сегізге толған Қасым алғашқылардың бірі болып майданға алынады. Жапанда жалғыз қалған қос тұлдыр жетім интернат жанындағы сәкіде үнсіз тұнжырап, жұлым-жұлымы шыққан аяқ киімдеріне тесіле қарап, зіл-батпан үнсіздік басып, бір-бірімен енді көріспейтінін түйсінгендей, ешқашан бірін-бірі көре алмайтынын сезгендей ауыр қоштасады. Кемел интернатта орта білімге қол жеткізеді. Бір жарым жылдан соң өзінің де соғысқа баратын кезегі келеді. Өкінішке қарай, Қасым Ұлы Отан соғысының ұрыс даласында 1942 жылдың ақпанында қаза табады.

Баяндамашы әңгімесінің осы тұсына келгенде айналама көз тастадым, қазақ-қырғыз бауырлас тыңдарманның барлығы сілтідей тынып, неткен ауыр тағдыр деп іштей тынып, тыңдай түсті.

Сол кезде Кемел соңғы тірегі, жалғыз ағасы Қасымнан да ­айырылып, нағыз тас жетім болып қалады. Он сегізден жаңа асқан жас ұлан сержанттар даяр­лайтын қысқа мерзімді курсқа жіберіліп, одан соң Фрунзе жаяу әскер училищесін тәмамдап, Сталинград майданы құрамына кіретін әскери бөлімге 226-атқыштар дивизиясының бөлімше командирі лауазымына жіберіледі. Қан майданда үш айдан кейін жараланып, әскери госпитальға түседі. Емделіп болар-болмастан соғысқа қайта жіберуін өтініп, 7-гвардиялық танк полкіне кіреді. 1-Украина, 2-Белорус майданында Польшаны қорғауға қатысады. Осы майданда оң аяғынан ауыр жараланып, сүйегі мылжаланып, дәрігерлер оң аяқты кесуге ұйғарады. Есін жиған сарбаз аяғын кескен соң өмір сүрудің маңызсыз екенін айтып, лажы келсе, кеспеуін өтінеді. Дәрігерлер келісім беріп, оны Гомельдегі госпитальға аттандырады. Белоруссияда әскери-медициналық комиссияның шешімімен соғысқа жарамсыз деп тауып, Омбыдағы әскери госпитальға жіберіледі. Ұрыстағы ерлігі мен батырлығы үшін 1944 жылдың аяғында екі рет Отан соғысы орденімен, басқа да көптеген медальмен марапатталады деп сөзін аяқтады баяндамашы. Міне, келешек жазушының азапқа толы өмір жолы осылай өрбіген екен.

Іле-шала көпшілікке «Хабар» телеарнасы түсірген Кемел Тоқаев­қа арналған «Өнегелі өмір» атты деректі фильмі ұсынылды.

Ендігі сөз кезегін кемелтанушы Бақытғали Айжігітов алып, ­Кемел Тоқаевтың шығармашылық қырына тоқталды.

Елге оралғаннан кейін ­Кемел Тоқаев С.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) университеттің тарих-филология факультеті журналистика бөлімін тәмамдайды. Университетте оқи жүріп, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде қызмет атқарады. Оқуын аяқтаған соң, «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жауапты хатшы, редколлегия мүшесі болып қызмет атқарады.

1960 жылдың мамыр айынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Жаршысына» қызметке ауысады. Алғашқыда хатшы, соңынан 11 жыл бойы жауапты редактор қызметін атқарады.

1980-84 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болады. «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Соңғы соққы», «Солдат алысқа кетті», «Ұясынан безген құс» романдары жарық көрген және қайта басылып шыққан.

Жазушының жоғарыда айтылған тауқыметті өмір жолын ұққан адамдар дәл осы кітаптарды терең ынтызарлықпен оқитыны күмәнсіз.

Жиынның соңында Қазақстанның мәдени мұрасын басқа елдерде насихаттау мақсатында ҚР Ұлттық кітапханасының айырбас-резервтік қорынан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген 260 дана кітап Қырғыз Республикасының Ұлттық кітапханасына сыйға тартылды.

Ташкенттегі жылы жүздесу

Сәуір айының 6 жұлдызы. Дәл осы құрамдағы шығармашылық топ өзбек еліне келдік. Бірінші кезекте Шайхантауыр зиратында мәңгілікке дамылдаған Төле би бабамыздың басына барып зиярат жасап, құран бағыштап, содан соң қонақ үйге келіп жайғастық.

Ә.Науаи атындағы кітапханаға ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған кең көлемді кітап көрмесі қойыл­ды. Бұл жолы да сөз тізгінін ақын Бақыт Жағыпарұлы алып, «Түркі әлемінің детектив жанрының дарабозы» атты іс-шара басталып кетті.

Жиында Таланттың талғамды жыр толғамдары, Бақытжамал Қайырбекқызының тұшымды баяндамасы, кемелтанушы ақсақалдың өмірлік естеліктері айтылып, тәлімді бейнеролик көрсетіліп, жиналған қауымды тамсантып отырды.

Мұнда Кемел Тоқаевтың өзбек авторы, сыншы, Өзбекстан мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Назым Ниязи 1980 жылы Ташкентте кездескені туралы нақты дерек келтірілді. Сол кезде Низами атындағы педагогика институтында жазушымен кездесу өтеді, онда ол өзінің өмірі мен шығармашылығы туралы, өзімен бірге болған майдандас жауынгерлер туралы баяндайды. Сондай-ақ, автордың шақыруымен Кемел Тоқаев Ташкентте тұратын қазақ диаспорасымен кездесіп, әңгімелеседі.

Бұл іс-шара Алматы қаласындағы Өзбекстан Республикасының бас консулы Аброр Джахангирұлы Фатхуллаевтың, Ә.Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасының директоры Умида Әлімжанқызы Тешабаеваның, Өзбекстан Рес­публикасы Президенті Әкімшілігі және Сыртқы істер министрлігі жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің біздің бастамамызды қолдауы мен тікелей көмегінің арқасында мүмкін болғаны да елге паш етілді.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қазақ тіліне аударылып, «Әлемдік әдебиет кітапханасы» сериясында көрнекті өзбек ақыны, гуманист, философ, мемлекет қайраткері Әлішер Науаидің кітабы жарық көргенін өзбек елінің оқырмандары естіп, іштері жылып қалды. Қазақ-өзбек халқы арасындағы өзге де мәдени байланыстары туралы біраз дүние ортаға салынды. Өзбекстан Ұлттық кітапханасының қорына «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарыққа шыққан кітапхананың айырбастау-резервтік қорынан 128 дана кітап сыйға тартылды.

Келесі кезекте сөз алған ­Ә.Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасының директоры Умида Әлімжанқызы Тешабаева келген қонақтарға алғысын айта отырып, Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейлі жылымен құттықтап, әкелген сыйлықтарды Ташкент қаласындағы студенттер қауымы және қазақ диаспора өкілдері де оқитынын айтып, ризашылығын білдірді. Ұлттық кітапханада біз болған екі сағат көлемінде келіп жатқан қазақ жастары, студенттер мен мектеп оқушыларының санында есеп болмады.

Келесі сөз кезегі маған берілгенде, жиналған көпшілікті қарт тарихтың терең қойнауында бұққан рухани дүниелерден хабардар еттім.

Майдангер досы не дейді?

Ұлы бабалардан бастау алған тектіліктің тізбегі Кемел Тоқаевқа қарай бет ала берген. Ол кісінің: «Күндіз – Отанға, түнде әдебиетке қызмет етемін» деп айтқанындай, хабар жасау барысында бізге де көп мәлімет, нақты дерек табуға тура келеді. Сол әдетпен өмірдің ащы-тұщысын бірге көріп, бүгінде жүз жасап отырған Кемел ақсақалдың майдангер досы Ізгілік Дабаев ақсақалмен сұхбаттасқаным бар еді. Сол кезде қарт жауынгер бір күрсініп алып, былай деп әңгіме өрбіткен:

«Кемел Тоқаевпен соғыста танк бригадасында бірге болдым. Кемел өте ақылды, сауатты, адал адам болатын. Кейін ауыр жарақат алып, госпитальда жатты. Жаралы аяғын дәрігерлер кеспек болғанда, Елезаров дейтін профессор аман алып қалған. Бізде Сызғанов атындағы институт бар, оның басшысы Сызғанов дейтін академик жігіт еді, сол дәрігердің емінен соң Кемелдің аяғы жазылып, ақсаңдамай түзу басып кетті. Ал Кемелмен соғыстан кейін Жоғарғы Кеңесте бірге қызмет істедім. Адамгершілік қасиеті мол, адал адам болатын. Кемелдің тік сөйлейтін мінезі бар еді, былық-шылыққа жаны қас болды, сосын қорқуды, сасуды білмейтін, бетке бір-ақ айтады, ойын бүкпесіз, ашық жеткізетін. «Турасын айтқан туғанына да жақпайды» дейді ғой. Кейде таяқ та жеді содан. Келіншегі Тұрар жайдары, келбетті, қазақтың сырбаз бәйбішесі болатын. Кемел бәріміз бір асханадан тамақ ішеміз. Екеуміздің де үй-күй, түгіміз жоқ. Бірде жұмыс орнымыз саяжай берді бізге. Содан оны қолға алып, тірлік қылғалы жүргенімізде, бір күні Кемел жағдайы жоқ бір кісіге жерін сыйға беріп жіберді. Соғыстан кейін қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған көрнекті қаламгерге айналды. Тілі жақсы, шиеленісті оқиғаларды суреттеудің шебері, ішінде артық сөз жоқ, түсінікті жазады.

Қаламгер парақорлар, жем­қорлар, ниеті бұзық қылмыскерлерге мүлде жол бермеу үшін газеттердің атқаратын рөлінің де ерекше екенін баса айтқан. Міне, өмірдің қаншама қиыншылығын басынан өткерсе де, мойымай, сынбай, халқына адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен қаламгерге алғыстан басқа айтарың жоқ. Жаның жәннатта болып, нұрың пейіште шалқысын» деген еді қарт майдангер.

Қойшығұл (Қошан) ­МҰСТАФАҰЛЫ,

журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button