«Ревизормен» ашылады
![](https://astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2023/09/60f99e6f794ad206865406-e1693596272929-780x470.jpg)
Еліміз үшін маңызды оқиғалар ортасынан табылып, үнемі өз үнін қосып келе жатқан елорданың төл перзенті – Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры ұжымы тәуелсіз мемлекетіміздің кемелденуіне ықпал етер игі бастамалардың әр кез басы-қасынан табылып келеді.
Мемлекеттік жоспарға сай талантты шығармашылық ұжым театрымыздың тағылымы мол, мазмұндық мәні бай репертуарымен өз көрерменін жан-жақты таныстыруда. Жаңа маусымда өнер ұжымы өз көрерменімен сағына қауышатындығын қуана хабарлаймыз!
Астана қалалық «Жастар» театры жаңа ХVІІ театр маусымын 21 қыркүйек күні, сағат 19:00-де Н.Гогольдің «Ревизор» қойылымымен ашпақ.
Көптеген режиссер мен актер шығармашылығының қиялына ерік берген Н.Гогольдің «Ревизоры» «Жастар» театрының сахнасында өзгеше екпінмен, ерекше шабытпен, қайталанусыз бағытпен театр әлеміне жол тартты.
Мұнда бірде-бір жағымды кейіпкер жоқ. Олардың бітім-болмысы көзбояушылықтан, жағымпаздықтан тұрады. Қойылым қоғамымыздағы осы тектес келеңсіздіктерді заманауи пайымдап, аяусыз әжуалайды.
Қойылым режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрқанат Жақыпбай.