Құқық

Тұрғын үй кезегіне қайта қойылды



Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабы 2-тармағына сәйкес, әркімнің өз құқығы мен бостандығын сот арқылы қорғауға құқығы бар. Конституцияның 25-бабының 2-тармағында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалатыны, заңда көрсетілген санаттағы мұқтаж азаматтарға тұрғын үй, заңмен белгіленген талаптарға сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан олардың шама-шарқы көтеретін ақыға берілетіні белгіленген.

Қоғамымыздағы әр адам өзінің тұрғын үйі болуы үшін әрекет жасайды. Әкімшілік орган мен азаматтар арасында туындайтын тұрғын үй даулары әлеуметтік дұрыс шешімді қабылдау тұрғысынан өзекті болып келеді. Осы санат бо­йынша талапкерлердің көбі халықтың әлеуметтік осал тобына жатады. Олар жылдар бойы тұрғын үй алу мәселесін шеше алмайды және өз құқығын қорғай алмайды. Осы санаттағы істер бойынша жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімі мен іс-әрекетіне шағым жасау кезінде азаматтар көбінесе тең емес жағдайда болады және олардың мүмкіндіктері мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейтіні айқын көрінеді. Осындай теңсіздікті болдыр­мау мақсатында Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі – ӘРПК) қабылданып, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. Жаңа кодекс өз мақсатына қол жеткізіп отыр деп нық сеніммен айтуға болады. Мәселен, Астана қаласында мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 30 қарашадағы шешімімен азамат У-дың талап арызы қанағаттандырылды. Сот барысында Тұрғын үй инспекциясының 2022 жылғы 24 қарашадағы бұйрығымен У-дың тұрғын үй алуға мұқтаждар тізімінен алынып тасталуы заңсыз деп танылды. Сот жауапкерге талапкерді 2012 жылғы 19 қазаннан бастап «І және ІІ топтағы мүгедектер» санаты бойынша тұрғын үй алуға мұқтаждар есебіне қайта қоюды міндеттеді. Сот дауды мәні бойынша шешіп, даулы бұйрықты заңсыз деп таныды. Бұған Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 73-бабының ережелері, ӘРПК-нің 10 және 13-баптарының ережелері негіз. Осылайша сот талап қоюшының Ата Заңымызда және арнайы заңда көрсетілген құқығы тиісті дәрежеде қорғалды. Жаңа кодексте сот төрелігін жүзеге асыруда басқа көзқарасты қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа және айтарлықтай ерекшеленетін қағидаттар бар. Мұндай айыр­машылықтардың тиімділігі бүгінде айқын басымдыққа ие болып отыр.

Бақытбек ДӘУІТОВ,

Астана қалалық ­мамандандырылған ­ауданаралық әкімшілік сотының судьясы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button