Басты ақпаратҚала мен Сала

«Ақылды қала» әуреге салмайды



«Ақылды» қала» тұжырымдамасының басты мақсатының бірі қала тұрғын­дары мен билік буындары арасындағы байланысты арттыру болып отыр. Бүгінгі таңда Астанада барлық сала қызметін автоматтандыру жұмыстары қызу жүргізілуде.

Өркениет көшіндегі елдер цифрландыруға басымдық беріп, «ақылды» қала концепциясын дамытуда. Тіпті төртінші өнеркәсіптік революцияның модераторы саналатын «ақылды» қалалардың фундаментін қалап жатқан елдер бар. Біз осы бағыттағы бастамаларды және елордадағы цифрландыру бағытындағы игілікті істерді Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Мейрамбек ӘШІРБЕКОВТЕН білдік.

– Әлемнің озық елдері тәжірибесінен «ақылды» қалалар адамның өмір сүру сапасын жақсартып, қолайлы жағдай тудыратынын білеміз. Smart city-ге қандай қалаларды жатқызамыз, олардың басты ерекшелігі неде?

– Бүгінгі таңда «ақылды» қала тұжырымдамасы өте кең таралды. Бұл концепция бо­йынша әлемнің 2500 қаласы дамудың жаңа жолына түсті. Әлемдік тәжірибеде «ақылды» қалаларды құрудың екі негізгі тәсілі бар.

Біріншісі – «ақылды» қаланы жаңадан құру. Олар: Масдар сити (БАӘ), Нью Сонгдо (Оңтүстік Корея), Тяньцзинь (ҚХР).

Екіншісі – қалыптасқан қалалық жүйеге «ақылды» технологияларды кезең-кезеңімен енгізу. Бұл қатарға Амстердам (Нидерланды), Лондон (Ұлы­британия), Стокгольм (Швеция), Фуджисава (Жапония) және т. б. қосуға болады.

Көбінесе «ақылды» қаланы қалыптастыру халыққа қызмет көрсету, көлік желісін басқару, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, денсаулық сақтау мен білім беру және т. б. секторға тиімді технологияларды енгізуді көздейді. Вена технологиялық университетінің аймақтық ғылым орталығы (2007 ж.) жүргізген зерттеуге сәйкес, «ақылды» қала дамудың келесі бағытын қамтуы керек:

  1. «Ақылды» орта (табиғи ресурстар);
  2. «Ақылды» адамдар (әлеуметтік және адами капитал);
  3. «Ақылды» өмір салты (өмір сапасы);
  4. «Ақылды» экономика (бәсекеге қабілеттілік);
  5. «Ақылды» ұтқырлық (көлік және АКТ);
  6. «Ақылды» басқару (азамат­тардың қатысуы).

Осыған сүйеніп әлемнің же­текші мегаполистерінде «ақылды» қала технологиясын енгізуге басымдық береді. Бұл технологияға мыналарды жатқызуға болады:

– тұрақта қалған көліктер санын тіркейтін және бос орындардың қай жерде бар екендігі туралы мәліметтерді қолданбаға жіберетін сингапурлық смарт тұрақтардың желісі;

– Нью-Йорк көшелерін интеллектуалды жарықтандыру және жол қозғалысын басқарудағы смарт технологиялар, арнайы сенсорлармен жабдықталған BigBelly смарт қоқыс жәшіктері және олар үшін қоқыс таситын көлікті жіберу уақыты келгенде хабардар ету;

– суды «ақылды» суару жүйесі, Барселонадағы ауа сапасы мен қалалық шу деңгейін бақылауға арналған сенсорлар желісі;

– Dubai Polis мобильді қосымшасы, ол арқылы азаматтар айып­пұл төлеп, заң бұзушылықтар туралы хабарлай алады;

– Копенгагендегі қалалық деректер алмасу базасы және тағы басқалары.

– Астанадағы «ақылды» қаланың қандай элементтерін атай аласыз?

– 2017 жылы Қазақстанда Smart city тұжырымдамасы әзірленді. Үйден шыққан астаналық азамат Astra Bus мобильді қосымшасы арқылы жұмысқа немесе басқа жерге баратын бағытын алдын ала жоспарлай алады. Көліктерге орнатылған GPS трекерлерінің арқасында автобустың қозғалысын және олардың бағытын бақылауға болады. Осындай технологиялар төтенше жағдайлар қызметінің арнайы көліктеріне де енгізілді. Бұл мұқтаж адамдарға ең жылдам және қауіпсіз жолды құруға мүмкіндік береді.

«Ақылды» қаланың басты критерийінің бірі – тұрғындар мен билік арасындағы байланысты арттыру. Соның жарқын мысалы – iKomek 109 байланыс орталығы.

Қазір елордада барлық процесті автоматтандыру жұмыс­тары жүргізілуде. Мәселен, пәтер алған тұрғын бұдан былай коммуналдық қызметтермен келісімшарт жасасу үшін кезекте тұрмайды. Онлайн режимінде 130-дан астам қызметті ұсынатын iQala порталында ЭСҚ арқылы өтініш беруі жеткілікті. Айтпақшы, енді тіпті өтініш берудің де қажеті болмайды, жаңа жылжымайтын мүлік сатып алған астаналықтарға келісім жасау туралы ұсынысы бар SMS автоматты түрде келеді.

Денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы қызметтерді оңтайландыру – «ақылды» қала тұжырымдамасы жұмысының басым бағытының бірі. Әрбір тұрғынның өзінің онлайн-медициналық картасы бар, дәрігердің қабылдауына онлайн жазылады, сонымен қатар қашықтан кеңес ала алады. «Ақылды» қалалардың бұл артықшылығы ұлттық деңгейге дейін кеңейді.

Ал елордалық мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары бір порталда үлгерімін қада­ғалап, мұғаліммен тілдесіп, сабағын онлайн бақылап, үй тап­сырмасын жүктей алады.

Бірқатар елордалық мектептер де оқу орнына Face-ID арқылы кіруді енгізді. Мұндай мектептердегі қауіпсіздік деңгейі бірден 85 пайызға дейін көтеріліп, бөгде адамдардың мектепке кіруіне 90 пайызға дейін тосқауыл қойылды.

– Астананың қай саласында смарт технологиялар бірінші болып енгізілді?

– Қауіпсіздік пен жайлылық – «ақылды» қаланы дамытудың басым критерийі. Бұл ретте, жол қозғалысы ерекше назар аударуды қажет етеді. Тек 2022 жылдың басында ғана автокөлік саны 30 мыңға өсті. Динамика өсуде және жолдағы туындайтын міндеттерге «Сергек» бейнебақылау жүйесі көмектеседі. Жоба аясында Астанада 13 мыңнан астам камера біріктірілді. Нәтижесінде қала қауіпсіз болды.

Жол-көлік оқиғаларының саны 36 пайызға, өлім-жітім 50 пайызға, ал жарақат алу деңгейі 24 пайызға дейін төмендеді. Сондай-ақ қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейінің 71 пайызға дейін төмендегенін атап өткім келеді.

Жобаны жүзеге асыру көлік жүргізу мәдениетін арттыруға, қалалық көлікті басқару сапасын арттыруға, құқық бұзу­шылықтың алдын алу және азаматтарға жедел көмек көрсету бойынша полиция қызметінің тиімділігіне әсер етті.

– «Ақылды» қаланың басты артықшылығы неде?

– Менің ойымша, «ақылды» қаланың басты артықшылығы – ыңғайлылығында, энергияны, уақытты, қаржыны үнемдеу мақсатында автоматтандыру процесін жеңілдету.

«Ақылды» қала – бұл жайлы, қауіпсіз және өмір сүруге ыңғайлы жер. Барлық процес­тер бақыланады, оңтайландырылады, нәтижесінде адам және жалпы қоғам ең жақсы нәтижеге қол жеткізеді.

Smart city – ресурстарды ұтымды және дұрыс жұмсайтын үнемді мегаполис. «Ақылды» қала стандарттарының басты артықшылығы – қаланың барлық процестерін басқарудың принципті жаңа мүмкіндіктері бар зияткерлік кеңістікке айналуы.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыс аяқталды. Бұл бағдарламада Smart city бастамасы белгіленіп, тиісті тұжырымдама қабылданған қалалардың ішінде бірінші болып Астана болды. Яғни Астана қаласының әкімдігі ел бойынша бірінші болып елорданы «ақылды» қалаға айналдыру міндетін айқындады. Олар:

Біріншісі – қауіпсіздік мәселесі.

Екіншісі – қалалық қызметтердің тиімділігі, көліктің қолжетімділігі.

Үшіншісі – қала тұрғындарына көрсетілетін қызметтердің сапасы мен ыңғайлылығы.

Бұл жобалар «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында дамыту жалғаса беретін болады. Қазір 2022-2024 жылға арналған орнықты және «Цифрлық елорда» тұжырымдамасы әзірленуде.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button