Басты ақпаратМәселе

Бастауыш баланың басын қатырмай ма?



Шыны керек, әр пәнді, әрбір жаңа нәрсені үйретуде педагогтың рөлі зор. Сондықтан да қазір жаңартылған жүйе бойынша барлық пәндердің мақсаттары қайта қаралады, яғни балаға жеңіл түрде берілу, қабылдауы қарастырылуда. Әрине, өзгерістер бірден енгізілмейді, ол – кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын процесс. Бұл өзгерістер мен оқу бағдарламалары 2024 жылдан бастап енгізілу үшін дайындалады. Дегенмен, ата-аналар тарапынан бұл өзгерістерге алаңдаушылық бар. Сол себепті осы тақырыпқа орай Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Орта білім мазмұны институтының директоры Сейфулла Шай-Ахметұлы Смайловты сұхбатқа тарттық.

– Сейфулла Шай-Ахметұлы, бастауышта білім беру педагогикасы мен әдістемесі жаңартылған білім жүйесі жағдайында қандай өзгерістерге ұшырады? Неге бастауышта, әсіресе, бірінші сыныпта баланы оқыту өте қиын? Оқу бағдарламалары неге қиындап кетті, неге бұрынғы кеңестік жүйенің жақсы жақтарын педагогика саласына енгізбеске?

– Орта білім беру мазмұнын жаңарту уақыт талабынан туындайды. Бұл – ақпарат, өндіріс салаларын цифрландыру немесе технологияландыру және әртүрлі профильдегі мамандарға нарықтық қажеттілік, сондай-ақ  балалар мен ересектердегі психологияның өзгеруіне және қоғамдағы саясатқа байланысты оқыту тәсілдерінің қажеттіліктеріне мотивация.

Осыған байланысты халық­аралық мектептердің бағдарламалары зерделеніп, бастауыш мектептен бастап білім беру мазмұнын жаңарту туралы шешім қабылданды. Өйткені барлық бағдарламалардың негізгі қағидасы – бұл сыныптан сыныпқа көшуде білім алушылардың әлеуетін арттыру. Сонымен қатар пәнаралық тәсіл, бұл пәннің функционалдығын қамтамасыз етеді. Яғни, болашақта білім мен дағдыларды пайдалану. Сонымен қатар, егер бала әртүрлі себептермен басқа аймақта, елде және т.б. болса, онда ол кез келген білім беру кезеңінде оқуды еркін жалғастыра алады.

Астанада жаңа 2022-2023 оқу жылында 1-сыныпқа

26 366 бала мектеп табалдырығын аттады

– Мектепке дейінгі және мектептегі білім беруді педагогикалық қолдау бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Тәрбие мен оқытудың сабақтастығын сақтау, сондай-ақ мектеп өміріне қиындықсыз көшу үшін мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың білім беру бағдарламаларына орта білім беру мазмұнын жаңартуды және мектеп жасына дейінгі негізгі оқу іс-әрекетін ойын арқылы оқытуды сақтауды ескере отырып, ұйымдастырылған іс-әрекеттің мазмұнына өзгерістер енгізілді.

Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру мұғалімдері мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу, ойлау және қоршаған ортаны тану, танымдық және жеке қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдерге зерттеулер жүргізуде.

– Бастауыш мектеп педагогы ғылым негізін оқытатын пән мұғалімінен әлдеқайда артық. Ол білім беру, жинақтау ғана емес, баланың бүкіл өміріне бағыт бере алатындай бірталай білім мен дағдыларды игеруі тиіс, шығармашыл, белсенді, сондай-ақ балаларды жақсы көруі керек. Осыған алып-­қосарыңыз бар ма?

– Бастауыш мектеп педагогы әртүрлі пәндерді оқыту әдістемесіне маманданған. Осыған байланысты типтік оқу бағдарламасы бастауыш сыныпта оқытудың барлық пәндерін қамтитын өтпелі тақырыптарға негізделген. Осылайша, өтпелі тақырыпты зерттей отырып, оқушылар дүниетанымды, әлемнің жалпы бейнесін, сондай-ақ тіл мен философияны (бастапқы кезеңде) қалыптастырады, ол одан әрі жеке пәндерде сыныптан сыныпқа көшу арқылы егжей-тегжейлі зерттеледі.

Бастауыш сынып мұғалімі баланың одан әрі дамуындағы жолды немесе бағытты таңдау­дың негізін қалаушы деп ойлаймыз.

– Мектепті бастауыштағы мұғаліміне байланысты таңдайтын ата-аналар бар. Іргетасы мықты қаланған кадр өсе келе қандай қиындықты да, кедергілерді де қиналмай жеңе алады. Педагогтардың білімін жетілдіру, ынталандыру бойынша қандай жаңашыл бағыттағы жұмыстар қажет?

– Педагогтардың құзыреттілігін ынталандыру және жетілдіру үшін пәндік білімді тереңдетуден бастап, зерттеу дағдыларын дамытуға дейінгі әртүрлі тақырыптар бойынша біліктілікті арттыру курстары ұсынылады; жеке дағдыларды пысықтау үшін тренажерлер мен түрлі әдіс-тәсілдерді меңгереді. Мысалы, математикалық сауаттылықты, басқару дағдыларын дамыту үшін тапсырмаларды іріктеу және әзірлеу; оқыту мен оқытудың өзіндік практикасына зерттеу жүргізіледі.

– Қиын баланың да, ерекше баланың да бабын тауып, білімге жетелейтін тәжірибелі ұстаздар методикасын насихаттау бізде неге кемшін?

– Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды оқыту мәселесі Қазақстанда ғана емес, әлемдік кеңістікте де педагогикада ерекше орын алады.

Инклюзивті білім беруді енгізу процесі – бұл бірқатар қолдауды қажет ететін кешенді тәсіл:

– мемлекеттік құры­лымдар-инклюзивті білім беру мәселелері бойынша ҚР заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу; білім беру мекемесінде оқыту мен тәрбиелеу үшін кең спектрлі жағдайлар жасау;

– ата-аналар жұртшылығы – мемлекеттік органдарға өңірлерде және елде инклюзивті білім беруді іске асыруға жәрдемдесу;

– отбасылар – ерекше қажет­тіліктері бар баласының денсаулығы мен болашағы үшін жауапкершілікті түсіну, қабылдау және шешім қабылдау;

– білім беру органдары – балалардың барлық санаттары үшін олардың психофизикалық ерекшеліктерін ескере отырып, типтік оқу бағдарламаларында вариативті компоненттерді әзірлеу; инклюзивті білім беру бойынша педагогтардың біліктілігін арттыру курстарын өткізу.

– үкіметтік емес ұйымдар – елімізде инклюзивті білім беруді дамыту үшін түрлі технологиялар мен құралдарды ұсыну.

Құрылымдардың біріне тиісті назар аудармау тәсілдің тұтас­тығын және балалардың осы санатын қамтуды тиімді ұйым­дастыруды бұзады.

– Белгілі жазушы Ж.Аймауытов «Тәрбиеге әсер ететін нәрсе – өскен орта, ата-ана тәрбиесі. Соңғысы күшті болмаса, бара-бара адамды замандас жолдастың азғырып, не түрлі жаман мінезді жұқтыратыны белгілі. Отбасының жылуын көрмеген, ата-ананың махаббатына бөленбеген бала жаны қатыгезденіп, қылмыстық жолға бейімделетінін мұғалімдерге түсіндіру артық болар» дейді. Бұл сөз ата-анаға үлкен жүк артады.

«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, іргетасы берік үй оңайлықпен құламайды, яғни жастайынан берілген тәрбиені қоршаған орта түбегейлі өзгерте алмайды.

Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады, біріншісі – ата-ана, екіншісі – ұстазы, үшіншісі – құрдасы» деп айтып кеткен екен Абай атамыз.

Ойлы ұстаз – бала жанының зергері. Еркені райға көндіру, жалқауды еңбек етуге үйрету, ұшып-қонба жеңілтекке сабырлы болудың сырын ұқтыру ұстаз шеберлігін талап етеді.

Жас шыбық иілгіш келеді, жас адам да сондай, жақсыға да жаманға да бейім.

Біздің үйдегі, түздегі іс-әрекетіміз балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы-жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор.

– Бастауышта баланың басын қатыратын көп пәндерді оқытудың қаншалықты қажеттілігі бар, ата-аналар тілегі ескеріле ме?

– Бастауыш сыныптарда оқу пәндері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы №348 бұйрығымен бекітілген Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес оқытылады.

Бастауыш білім берудің мақсаты мынадай кең ауқымды дағдылар негіздерін меңгерген білім алушы тұлғасының үйлесімді қалыптасуы мен дамуына қолайлы білім беру кеңістігін жасау болып табылады:

1) білімді функционалдықпен және шығармашылықпен қолдана білу;

2) сын тұрғысынан ойлау;

3) зерттеу жұмыстарын жүргізе білу;

4) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана білу;

5) коммуникацияның түрлі тәсілдерін, оның ішінде тілдік дағдыларды меңгеру;

6) топпен және жеке жұмыс істеу дағдылары.

Сонымен қатар бастауыш білім берудің мазмұны оқыту нәтижелеріне бағдарланады және мынадай аспектілерді ескере отырып айқындалады:

1) заманауи қоғамның динамикалық сұраныстарына сәйкес болуы;

2) сын тұрғысынан, шығармашыл және позитивті ойлауды дамыту қажеттілігі;

3) оқу пәндері мазмұнының ықпалдасуын күшейте түсудің орындылығы;

4) оқытудың, тәрбие мен дамытудың біртұтастығын қамтамасыз ету.

Сондықтан бастауыш сыныптарда білім беру мақсатына сай оқу пәндері оқытылады.

Зерттеу шеңберінде білім беру ұйымдарының білім алушыларын жан-жақты дамытуға бағытталған денсаулық сақтау, тиімді білім беру процесін іске асыру жөніндегі халықаралық тәжірибе зерделенді.

2022-2023 оқу жылынан бастап мынадай өзгерістер енгізілгенін хабарлаймыз: «Бастауыш сыныптарға 1-сынып оқушысына үш тілді бірден меңгеру қиын екенін көрдік. Бұл тиімсіз. Мәселе – дидактика мен физиологияда. Осы мәселе бойынша шешім қабылдап, қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысы тек  қазақ тілінде «Әліппе», «Ана тілі» пәндерін оқитын болады. Алдымен өз тілінде оқып және жазып үлгереді. Екінші сыныпта «Орыс тілі», үшінші сыныпта «Ағылшын тілі» енгізіледі.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button