Мәдениет

Біріне бақ, біріне бап жетпеді



Ташкентте әуесқой бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының екі боксшысы, өкінішке қарай, жарыс жолынан шығып қалды.

Алғашқы жекпе-жегінде айқын басымдылықпен жеңіске жеткен Талғат Сырымбетов (60 келі) екінші айналымда өткен жылы Азия чемпионы атанған иорданиялық Мохаммад Абу-Джаджехтен жеңіліп қалды. Алайда бокс мамандары бұл жекпе-жекте қазақ боксшысының жеңгенін айтады, олай болса, біздің боксшыға бір тұтам бақ жетпей қалды деуге болатын шығар. Сондай-ақ 63,5 келі салмақта үміт артқан Санатәлі Төлтаев та екінші кездесуінде Маврикия елінің боксшысынан айласын асыра алмады. Бұл жолы біздің жігіттің бабы жетпегендей көрінді.

Әзірге Ташкент шаршы алаңына шыққан қазақстандықтар арасынан Сағындық Тоғамбай (86 келі), Айбек Оралбай (92 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) алғашқы айқастарында жеңіске жетіп, келесі айналымға өтіп қойды. Кеше күндізгі сессияда Серік Теміржанов (57 келі) бірінші жекпе-жегін өткізіп, Мали боксшысын тізе бүктірді. Ал кешке ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбайлар айқасқа шықты. Нұрбек әзербайжандық боксшысымен, ал Айбек болса, Италия чемпионымен қолғап түйістірді.

Ертең Санжар Тәшкенбай (48 келі), Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмут Сабырхан (54 келі), ­Дулат Бекбауов (67 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрқанат Райыс (75 келі) сынды жігіттеріміз айқасқа шығады.

100-аса елден 600-ге жуық боксшы қатысып жатқан байрақты бәсекеде 13 салмақ бойынша әлем чемпиондары 13-14 мамыр күндері белгілі болады.


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button