Денсаулық

Емханадағы Жедел жәрдемнің ерекшелігі неде?



Астанада жедел жәрдем қызметін жыл басынан бері емханаларда ашылған шұғыл медициналық көмек бөлімшелері де көрсетіп келеді. Бұл стационарлардағы дәрігерлер жүктемесін азайту және шұғыл көмекті барынша қолжетімді ету үшін қолға алынған еді. Қазір осындай шұғыл медициналық көмек бөлімшелері барлық емханада жұмыс істеп тұр. Оның ерекшелігі – орталық жедел жәрдем қызметінің бағыттауымен тек күндізгі уақытта науқастардың шақыр­туына барып немесе өздері келгендерді қабылдап, шұғыл медициналық көмек көрсетуінде. Сондай бөлімшелердің бірі – Есіл ауданындағы №9 қалалық емханада ашылған. 

Тіркелген тұрғындар саны өзіне тиесілі шектен асатын бұл емханада келімді-кетімді науқастар саны тым көп. Бірінші қабатта бірнеше кабинетті алып отырған шұғыл медициналық көмек бөлімшесінің аға дәрігері Еркебұлан Боранбаев мұнда жедел жәрдем арқылы жеткізілетін науқастарға арналған бөлек кіру есігін көрсетті. Оларды фельдшер қабылдап алып, тіркейді. Дәрігер толық қарап болғаннан кейін науқастың жағдайы­на қарай алғашқы көмек көрсетіп, әрі қарай тиісті салалық дәрігерлерге жолдамамен жібереді.

– 103 қызметіне қоңырау шалған науқастардың жағдайы аса ауыр болмаса және біздің емхананың қызмет көрсету аумағында тұратын болса орталық жедел жәрдем мамандары оларды бізге электронды түрде бағыттайды. Яғни, бөлімше диспетчеріне түскен хабарлама бойынша бір фельдшер өзіміздің көлікпен сол ауру адамның үйіне барады. Жедел жәрдем көмегіне жүгінетін науқастар денсаулық жағдайына қарай төрт санатқа бөлінеді. Өмірге және денсаулыққа қаупі бар тізімге алғашқы 3 санаты жатады. 4-санаттағы науқастар, яғни өміріне аса қауіп төнбей, созылмалы аурулары асқынған немесе жедел өткір ауруларға тап болған тұрғындар тікелей емханаға барып, медициналық көмек ала алады, – дейді бөлімше басшысы.

Бөлімше жұмыс күндері таңғы сағат 08:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Үш фельдшер, аға дәрігер, диспетчер және көлік жүргізушісін қосқанда негізі бөлімшеге қарасты 6 адам бар. Дегенмен шұғыл көмек керек болғанда жағдайда емхананың травматолог,  хирург, невропатолог, кардиолог және т.б дәрігерлерінің көмегіне жүгіне алады. Қиын жағдайда келгенде, науқастарға стационарда кезек күтудің қажеті жоқ. Фильтр кабинетте жоғары дене қызуы, мұрыннан су ағу сынды маусымдық ЖРВИ, өзге де инфекция белгілерімен келгендер қаралады, ал қалған нау­қастарды шұғыл медициналық көмек бөлімі қабылдайды.

– Бізге жеңіл жарақат алғандар, бір жерін соғып алғандар, терісін сырып алғандар, қан қысымы көтерілгендер, бронх демікпесі, жүйке жүйесі аурулары, көз аурулары, құлақ аурулары, аллергия­лық аурулар және остеохондрозы бар науқастар келеді. Жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша келгендерді ЭКГ-ге түсіреміз, қан құрамындағы қант мөлшерін тексереміз, клиникасына қарай одан әрі қажет болса кардиологтың кеңесін ала алады. Егер жағдайы аса ауыр болмаса алғашқы көмекті осы жерде көрсетіп, дәрілерін тағайындағаннан кейін  15-20 минуттай бақылаймыз, сол аралықта науқастың жағдайы жақсармаса және ЭКГ нәтижесінде патологиялық өзгеріс­тер болса, онда өзімізге жедел жәрдем шақыртып, тиісті ауруханаға жібереміз. Бірақ көбіне бізге келген науқастар ондай жағдайға жетпей, осы жерден көмегін алып, үйлеріне қайтады. Қандай ауру түрлері, қандай жарақаттар болмасын бөлімше қызметкерлері алғашқы көмек беруге дайын және көлігіміз де, құралдарымыз да соған сай жабдықталған, – дейді Е. Боранбаев.

Еркебұлан Серікұлы мен оның қарамағындағы медицина мамандары – негізінен осы емханада бұрыннан істеп келе жатқан қызметкерлер. Бөлімшеге күніне 7-8 шақырту түседі, одан бөлек өз аяғымен келетіндерден күніне 40-45 адамдай қабылдайды. Олардың арасында түрлі дене жарақатын алып келетін 17 жасқа дейінгі балаларға бөлімше жанындағы балалар травмотологы ем-дом жасайды.

– Бөлімше ашылғалы бері осында істеймін. Өзім 12 жылдық тәжірибем бар дәрігермін. Шұғыл көмек көрсету бөлімшесіне келген балалардың жарақатын таңу, жараны тігу, сынығына гипс салу сынды қызметтер көрсетеміз. Жалпы емханаға және жедел жәрдемге келетіндерді қосқанда бізге күніне 60-70 бала қаралады. Көбі – спортпен шұғылданып жүргенде жарақат алған, футбол ойнап жүріп, көшеде, мектепте жүріп құлаған, тізесін ауыртып алған, тобығы шығып кеткен, аяғын, қолын сындырған балалар. Біздің қызметтің мақсаты – қаладағы №2 қалалық ауруханаға түсетін жүктемені азайту, – дейді травмотолог дәрігер Айбек Нұрахметов.

Шұғыл жәрдем қызметіне келген науқастар үшін бөлімшеде «Көк батырма» қызметі жұмыс істейді. Яғни, салалық мамандар көмегі қажет болғанда олар фельдшер кабинетінде орнатылған батыр­маларды басып, сол жерге емхананың тиісті дәрігерлерін дереу шақырта алады. Сол сияқты емханаға қабылдауға келген пациенттердің де сол кезде жағдайы күрт нашарласа, терапевтер де осындай батырманы басу  арқылы шұғыл жәрдем бөлімшесі мамандарының көмегіне жүгіне алады. Қоңырау түскен бойда бөлімше дәрігері құстай ұшып, тиісті кабинеттегі науқасқа көмекке келеді.

Жедел жәрдем қызметінің негізгі күші – фельдшерлер. Олардың деңгейі медбикеден жоғары, дәрігерден сәл төмен. Оның артықшылығы қажет жағдайда науқасқа дәрілер жазып беріп, дәрігерлік тағайындау жасауға, ұсынымдар беруге құқылы екендігі. Сондықтан пациенттің үйіне барған әрбір фельдшердің науқас­тың жағдайын дөп басып, емдік процедура жасауға, көзі жеткенде дәрі-дәрмек тағайындай алады, науқасты ауруханаға апару, апармау туралы шешім қабылдауға деңгейі жетеді. Бұл бөлімшеде қазіргі таңда үш фельдшердің ішінде біреуі – аға фельшер Нұргүл Әмренованың бұл саладағы еңбек өтілі 30 жылдан асады. Екіншісі – бөлімшеге келетіндер үшін түрлі емдік процедураларды атқаратын Нұргүл Шайхстанова енді оқу бітіріп келген жас маман. Үшіншісі шақыртуларға баратын фельдшер сол сәтте науқастардың қоңырауына байланысты олардың үйіне кеткен.

Бөлімше мамандары үнемі білім жетілдіріп, екі жылда бір рет семинар тренингтер ересек және балалар жүрек-өкпе реанимациясы, сынықтар кезіндегі алғашқы көмек өтіп, сертификат алып отырады. Тіпті жедел жәрдем көлігін жүргізушінің де «базалық жүрек-өкпе массаж» жасап, алғашқы көмек көрсету дайындығынан өткендігі туралы сертификаты бар. Қауырт кездерде аяқ астынан қиын жағдай туындаса, ол да алғашқы көмек көрсетуге қабілетті.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button