Басты ақпаратМәселе

Кезегін күтіп қандас жүр



Соңғы кездері виза мәселесі Қытайдағы қандастарды әбден әбігерге салды. Олардың Қазақстанның Үрімжі қаласындағы виза-паспорт орнының алдында айлап кезек күтіп, виза ала алмай жүргеніне талай уақыт болды.

Көршілес ҚХР-дың Шыңжаң өлкесінде 2 миллионға жуық қандасымыз тұрады. Заманның жақсы кезінде екі ел халқының «ауылы аралас, қойы қоралас» болғанмен, 2017 жылдан кейінгі жағдайға байланысты қандастарымыздың қазақ еліне сапарлай келуі пышақпен кескендей сап тыйылды. Өткен жылдың соңынан бастап бұл жағдай біртіндеп оңалып, қандастардың Қазақстанға сапарлай келуіне жол ашылғанмен, енді Қазақстанның визасын ала алмай қиналуда.

«Бұған Үрімжідегі виза-паспорт орнының виза беру жұмысын дұрыс жүргізбей, аптасына үш-төрт күн жұмыс істеп (оның өзінде түске дейін ғана қабылдайды), электронды жолмен кезек алу жұмысына делдалдардың араласып кеткені себеп болып отыр» дейді виза ала алмай тарыққан қандастар.

Қазақстанның Үрімжідегі виза-паспорт орны 2014 жылдан бастап «Кезек» деп аталатын визаға электронды жолмен кезек алу сайтын іске қосқан болатын. Қандастарымыз сол сайттан үйінде отырып кезек алып, кезегі келгенде виза-паспорт орнына құжатын тапсырып, виза ашатын. Бірақ соңғы кездері осы сайттың жұмысы өзгеріп, қарапайым халық кезек ала алмайтын күйге жетті. Атап айтқанда, бір апта ішінде берілетін кезек бір минутқа жетпей «таусылып» кетеді-міс.

«Қазақстанға баратын 3 туысыма кезек алу үшін 60 адамдық чат ашып, алпысымыз алпыс жақтан аңдып отырғанымызға 3 айдан асты. Бір адамға да кезек ала алмадық» дейді Шыңжаң өлкесі Алтай аймағының тұрғыны Ерік (аты өзгертіліп алынды). Ал консул қызметкерлері болса «визаға кезек алатын адам көп, сол себепті де кезек тез таусылып кетіп жатыр» дегеннен аспайды. Біздіңше, мәселенің басы дәл осы кезек алу сайтынан басталып тұр. Яғни электронды кезек алуды жасырын түрде өз пайдасына пайдаланып отырғандар бар.

«Мен «Кезек» сайтын Үрімжідегі ҚР виза-паспорт орнының тапсырмасы бойынша 2012 жылы қолданысқа енгіздім. Біз ол кезде «артқы жақта отырып» сайтта берілетін нөмірді бақылауға мүмкіндік бермедік. Шын мәнінде, техникалық тұрғыдан бір күнде 4-5 адамға ғана кезек беріп, «кезек таусылды» деп сайтты «реттеп» қоюға болады. Меніңше, сайтты басқарушылар осындай қулыққа барып отырған болуы әбден мүмкін. Әйтпесе 170 адамның кезегі бір минутқа жетпей таусылып кетуі мүмкін емес» дейді ІТ-маманы, белгілі кәсіпкер Ақытбек Шеризатұлы.

Демек, бұл арада сайтты басқарушылар өз пайдасы үшін жұмыс істеп отыр деуге толық негіз бар. Өйткені Қытай қазақтары ең көп қолданатын WeChat-статусында «кезексіз виза ашып береміз», «бір адамға 1300 юань төлесеңіз, паспортыңызды визаға кезексіз кіргізіп береміз» деген мазмұндағы жарнамалар қаптап жүр. «Мына виза мәселесін айтпайсыздар ма? 4-5 жылдан бері Қытай паспортымызды бермей, шекараны тарс жауып қинаса, енді, міне, виза аша алмай сенделіп жүргеніміз» деп бізге хабарласқан таныс-білістер де аз емес. Біз осы жағдайды құлаққағыс етіп ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мырзаның атына хат жолдап едік. «Қазіргі уақытта ҚР СІМ және еліміздің дипломатиялық өкілдіктерінің тарапынан қолданыстағы құқықтық актілердің бұзылуына жол беріліп отырған жоқ» деп жауап қайтарыпты. Егер консулдық қызметкерлері сырттағылармен астаспаса, онда сыртта жүрген делдалдар қалай «кезексіз виза ашып береміз», «бір адамға 1300 юань төлесеңіз, паспортыңызды визаға кезексіз кіргізіп береміз» деп сенімді түрде жұртқа үндеу тастап, әлеуметтік желіде ашық жариялай алады?

Қытайдағы қандастардың арасында виза ашушылардың көбеюіне бірнеше себеп бар. 3-4 жылдан бері шекара жабық болды да, Қазақстанға көшем, келем дегендер уақытында келе алмады. Екіншіден, көбінің бұрынғы визасының уақыты өтіп кетіп, виза ашушылардың саны күрт артты. Әрине, алдағы уақытта Қазақстан мен Қытай арасында 30 күндік визасыз режим енгізілсе, қандастардың келіп-кетуіне тиімді болуы мүмкін. Алайда көшіп келгісі келетін қандастардың виза ашып келетінін ескерсек, «визасыз режим енгізіледі» деп бойды кеңге салуға болмайды. Сондықтан еліміздің қатысты орындары бұл мәселеге баса назар аударуы керек деп санаймыз. Бүгін келем деген қазаққа жағдай жасамасақ, ертең «келші» деп өзіміз зар боламыз. «Шетелден келген қазақ бізге масыл болады», «Қоғамдық тәртіпті бүлдіреді» деген сияқты бейшара идеяны сырып тастап, қазақтың кең байтақ даласын қазаққа толтырмасақ, «бос жатқан жер жау шақыратынын», «көп қорқытып, терең батыратынын», қазақтың саны көбеймей, қазақ тілінің мәртебесі өсіп, ұлттық рухымыздың күшеймейтінін ешқашан естен шығармайық. Оның үстіне, шетелден келген қазақтың бәрі «алам» деп келіп жатқан жоқ. Олармен бірге қыруар қаржы да келіп жатыр. Ең маңыздысы, шетелден келген қазақтар арасында білікті кәсіпкер, дәрігер, оқытушы, ІТ-мамандары аз емес. Қазақстанда қазір қаншама дәрігер, қаншама оқытушы жетіспей жатқанын ескерсек, мұның бәрі алдымызға өзі келген дайын байлық емес пе?! Ендеше неге қандас көшін қаңтарып, виза алуын қиындатамыз? Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қандастардың көшіп келу мәселесінде жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу қажет» деген сөзіне мүлде қайшы.

Қысқасы, Сыртқы істер министрлігі Үрімжідегі виза-паспорт орнының жұмысын қатаң бақылауға алады деп үміттенеміз. Сондай-ақ Үрімжідегі виза-паспорт орнының қызметкер санын көбейтіп, 5 күн бойы толық күн визаға қабылдауды жүзеге асыр­са, қандастарға өте қолайлы болар еді. Қазір Шыңжаң қазақтарының визасын тек Үрімжіде ғана рәсімдеуге болады. Бұл Үрімжідегі виза-паспорт орнының жұмысына күш салып отыр. Сондықтан қандастардың Бейжің, Сиань қалаларындағы елшіліктен виза рәсімдеуіне мүмкіндік жасал­ғаны дұрыс. Сондай-ақ оқуға келетін жастарды кезексіз қабылдаса жөн болар еді.

Қытайдағы қазақтар Қазақстанға келу үшін елу есік, қырық қыспақтан өтеді. Сол әзер алған бірер айлық рұқсаттың Үрімжідегі ҚР виза-паспорт орнының алдында кезек күтумен өтіп жатқаны өкінішті. Қаншама шақырым жол басып Үрімжіге барып, туыс-туғаны жоқ ірі қалада айлап кезек күтіп жату қандастарды әбден қажытты. Олардың арасында туысшылай келіп, ҚР азаматтығын алуды ниет етіп отырғандар аз емес. Егер біз осы орайды ұтымды пайдаланбасақ, енді 5-10 жылдан соң ол жақтан Қазақстанға келем деушілер де біржола азаяды. Себебі тілі кеткен ұлттың ділі де өзгереді. Мұның соңы біздің елдің диаспора саясатының жеңілісі болмақ.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button