Басты ақпаратҚала мен Сала

Жаңа атаулар беріледі

Елорда көшелеріне жаңадан және қайта атау беру туралы ұсыныстар Астана қаласы мәслихаты тұрақты комиссияларының көпшілік тыңдауында қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Ұсыныстарды Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп жария етті. Оның айтуынша, енді бұл ұсыныстар сессияға ұсынылады, содан кейін республикалық ономастика комиссиясына жіберіледі.

– Атап айтқанда, Нұра ауданы бойынша Е108 жобалық көшеге мажар ақыны Шандор Петёфидің есімін беру керек. Венгрия астанасы Будапештте Астана деп аталатын көше және Абай Құнанбайұлының ескерткіші бар. Біздің ұсынысымыз да екі мемлекет арасындағы дипломатиялық байланысты одан әрі тереңдету мақсатында қолға алынып отыр. Ал Есіл ауданы бойынша №28/1 жобалық көшеге Азияның батыс бөлігіндегі түбек, қазіргі Түркия аумағының ортаңғы бөлігі Анадолу атауын беру, №29/1 жобалық және Түркістан көшесінен басталатын, Ұлы дала даңғылында аяқталатын атаусыз көшеге Қазақстан Премьер-министрі Нұрлан Балғымбаевтың есімін беруді ұсынамыз, – деді С.Есіркеп.

Байқоңыр ауданындағы «Егемен Қазақстан» газеті көшесінің бойында орналасқан атаусыз саябаққа «Журналистер саябағы» атауы беріледі. Нұра ауданы бойынша Е13 жобалық көшеге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы кәсіби дипломат Нәзір Төреқұлұлының есімін беру көзделуде. Е29 жобалық көшеге күйші-композитор, домбырашы Тәттімбеттің есімін бермек. Ал Е33 жобалық көшеге түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау Қорқыт атаның есімін беру мақұлданды. Байқоңыр және Алматы аудандарында орналасқан әл-Фараби даңғылын Ақжол атауымен қайта атау ұсынылды. Есіл ауданы бойынша Сәбит Мұқанов көшесіне Шығыс Қазақстан облысындағы елді мекен ­атауы Шұбартау деген атауымен қайта атау туралы айтылды. Алматы ауданындағы бұрынғы Гейдар Әлиев көшесіне ақын және аудармашы, әдебиеттанушы, балалар жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың атын беру керектігі мәлімделді. А40 жобалық көшеге ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сырбай Мәуленовтің, А564 жобалық көшеге қазақ мультипликация өнерінің негізін қалаушы, суретші, кинорежиссер, профессор Әмен Қайдаровтың есімін беру көзделіп отыр. А30 жобалық көшеге белгілі жазушы-драматург, журналист Оралхан Бөкейдің есімін береді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button