Басты ақпаратРуханият

Айбарлы да айбатты сұлтан

Ол – жаугершілік заманда, бала күнінде Қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігімен, асқан талантымен құлдықтан қайраткерлікке дейін көтерілген аса ғажайып тұлға.

Байбарыс – түркі текті Бахриден шыққан мамлюктердің Египетті билеген төртінші сұлтаны. Оны тарихи шығармаларда Бейбарыс, Бибарыс деп те атайды. Арабтанушы, Мысырдағы мамлюктер тарихын зерттеуші Қайрат Сәки оны Байбарыс деп атайды.

Оның шыққан тегі – қыпшақ. Бірақ қай жердің қыпшағы дегенге келгенде әртүрлі дерек айтылып, бірі Хорезм, Дербент қыпшақтарынан десе, екіншілері маңғыстаулық еді дегенді айтады. Соңғы зерттеулер бұл дүдәмалдықтың түйінін шешіп, Байбарыс­тың қыпшақ тайпасының беріш руынан шыққан атақты әулеттің тұқымы екенін анықтауға мүмкіндік берді. Ол кезде беріш руы Қырым өңірінде тұрған (қазіргі заманда беріш көбінесе Атырау облысында қоныстанған).

Араб елдерінің «Мың бір түнмен» қатар қоятын халық романы – «Байбарыста» оның әкесі Жамақ, шешесі Әйек деп нақты есімдерін атап көрсеткен. Байбарыс өмір бойы қыпшақ тілінде сөйлеген. Алдыңғы Азиядағы араб тілдес халықтармен тілмәш арқылы түсініскен.

Мәмлүк мемлекетінің іргесін Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар мұрагерлерінің арасындағы көпжылдық кақтығыстар мен қызу тартыстардан кейін оның қызы Фатима мен күйеу баласы Ғали-Арыстан қалады. Өз мемлекетін жаудан қорғауда олар жергілікті халыққа емес, күшті де қайратты қыпшақ жігіттеріне иек артты.

Исламның сопылық бағытқа көшуіне байланысты әскерге түріктің ұлдары іріктеліп алына бастады, бұл әскери төңкерістердің алдын алудың қамы еді. Мысыр сұлтаны күзет үшін жігіттерді италиялық көпестерден сатып алды. Байбарыс Дамаскінің базарында 800 дирхемге құлдыққа сатылғаннан кейін жаңа қо­жайыны Айдакин Бундукдаридің атымен әл-Бундукдари деген есімге ие болды. Мұнда ол өз жерлестерімен қауышты. Байбарыс өзін әскери өнердің шебері ретінде таныта білді.

Кейін Байбарыстың ерекше қабілетін байқаған Айюби әулетінің сұлтаны Салих Нажумиддин оны өзінің жеке гвардиясының бір бөліміне сардар етіп алады. Сөйтіп ол енді жаңа әміршісінің атымен өзіне әл-Салихи деген есімді қабылдайды.

Ол осында жүргенде крест жорығына қатысушыларға қарсы күресте Египет әскеріне қолбасшылық етеді. Тарихшы Ибн Йиас Байбарыс туралы: «Ержүрек еді. Тураншахтың кезінде фаранджалармен қиян-кескі әл-Мансура шайқасында көз көріп, құлақ естімеген ерліктер көрсетті» деп жазады.

Айюби әулетінің соңғы сұлтаны Тураншах Аюби өлтіріліп, таққа Египеттің жаңа сұлтаны Муиззәддин Айбек отырған соң, ол мамлюктердің беделді бегі, бахри бектерінің басшысы Ақтайды да өлтіріп, өзінің кешегі қарулас серіктерін шеттете бастаған кезде, Байбарыс қыпшақтарды бастап Сирияға шығып кетеді. Содан мамлюктер Айбекті өлтіргеннен кейін ғана ол Каирға қайта оралады.

Мұнда таққа жаңа отырған Мұзаффар Сайфуддин Құтұз сұлтан оны әскеріне басшы етіп, Сирия жеріне ішкерлей кірген моңғолдарға қарсы күреске аттанады.

Айн-Жалут түбіндегі шайқаста мамлюк қолы моңғолдардың тас-талқанын шығарады. Осы соғыста Байбарыс ержүректілігімен айрықша көзге түседі. Бірақ Құтұз Байбарыстың мамлүктер арасында беделі артып бара жатқанынан сескеніп, басқаларға сый-сияпат жасағанда, Байбарыс­ты елеусіз қалдырады. Осыған өкпелеген Байбарыс өзіне ниеттес адамдармен келісіп, Каирға қайтар жолда Құтұзды өлтіреді.

Жақтастары Байбарысты Египеттің сұлтаны деп жария­лайды. Сөйтіп ол 1260 жылы әл-Мәлік әз-Заһир Рукн-әд-дин Байбарыс әл-Бұндуқтари әс-Салихи деген есіммен Египеттің тағына отырады.

Ол ат ойындарын, аңға шығуды, сайыстарды жақсы көретін. Қарапайымдылығымен және діндарлығымен елге танымал болған. Кедей-кепшіктерге әрдайым көңіл бөліп, көмектесіп, жетімдерді желеп-жебеп, өз қолтығына алып отырған. Билік тізгінін мықтап қолға алған Байбарыс әр қаланы күшейтіп, әрбір қалада тұрақты әскер ұстады. Мемлекеттегі тәртіпті нығайтты, сарай маңында орын алатын өзара қырқысуларды түпкілікті тоқтатты. Арналық жүйені енгізді. Байбарыстың 17 жылдық билігі кезінде мәмлүк мемлекеті көркейе түсті. Мәмлүктерге әлемнің түкпір-түкпірінен көпестер ағылып келе бастады. Барлық өзенге көпір және әрбір қалаға бір мешіттен салынды. Байбарыс шығыстағы барлық араб иеліктерінің әміршісі деген атаққа қол жеткізді.

Ол сұлтандық билікке қол жеткізген кезде қыпшақ жерлері моңғол ханы Берке билеп отыр­ған Алтын Орданың иелігінде еді. Байбарыс Хулагу әулетіне қарсы күресу мақсатымен 1262 жылы Алтын Орда ханы Беркеге достық пиғылдағы хат жазып, екі ел арасында достық қарым-­қатынас орнату үшін өз елшісін жіберді. Бұдан кейін әскери, сауда, діни, мәдени байланыс орнатты. Осыдан бастап Египет пен Алтын Орда арасында тұрақты дипломатиялық қатынас орнап, екі ел арасындағы одақтастық Алтын Орда ыдырағанға дейін сақталады.

Билік басына келісімен Байбарыс бар күш-жігерін крест жорығына қарсы шабуылға жұмсайды. Негізгі шабуыл 1265 жылы басталды. Крест тағушы франктердің қамалдары бірінен кейін бірі алынып, франктердің зәулім қамалдарын бірінен соң бірін талқандай берді.

Барлық көршілес елдер мәмлүктер мемлекетімен санасатын болды. Байбарыс тек қана талантты қолбасшы ғана емес, сондай-ақ, көреген саясаткер ретінде танылды. Ол сол кездің көптеген алыс-жақын мемлекетімен қарым-қатынас орнатты.

Бұдан кейін 1267 ж. Кіші ­Армения патшалығына, Кіші Азия селжұқтарына қарсы ­жорықтар жасап, 1267-1275 жылдары ­берберлерді бағындырады.

Байбарыс медреселер салуға көп күш жұмсайды, каналдар мен бөгеттерді жөндетеді. Сұлтан Байбарыс сол дәуірдің озық үлгісімен көптеген зәулім ғимараттар, көрнекті мешіттер, биік қорғандар мен қамалдар салдырды. Олардың бірқатары сақталған. Каир қаласында ол салдырған мешіттердің бірі қазір де «Байбарыс мешіті» деп аталады.

1277 жылы Байбарыс удан қайтыс болды. Бір деректер оны ең сенімді серігі, уәзірі, қыпшақ Қалауын у беріп өлтірді десе, екіншілері кесе түбінде қалған удан байқаусызда уланып өлді дейді. Сұлтан Байбарыс 1277 жылы шілденің 1-інде Дамаск қаласында қайтыс болып, сүйегі Дамаскідегі Салах ад-Дин (Баб ас-Сағир) зиратына қойылды.

Ақжан Машанов «әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде: «Баб ас-Сағир зираты белгілі адамдарға арналған династиялық жай көрінеді. Онда тек патшалар, пайғамбар нәсілдері, халифа нәсілдері, әмірлер немесе солардың ұстазы болған ұлы ғұламалар ғана қо­йылады екен. Сирия әмірі Сайф ад-Даула әл-Фарабиді өзіне ұстаз тұтқан. Сол себепті ол кісі оны өз қолымен осы жерге қойдырған» деп жазады.

Осылайша Байбарыс сұлтан 17 жыл Мысырда билік құрып, мәмлүктер мемлекетін ірі державаға айналдырып, Мысыр мен Сирияны крестшілер жорығынан, моңғол шапқыншылығынан қорғап қалды, бүкіл мұсылман елдеріне қорған болды.

Сұлтан Байбарыс бес рет үйленген.

Бірінші рет Сирияда жүргенде Шахрузурия деген күрд тайпасы әмірінің қызына үйленген. Одан ұрпақ жоқ.

Екінші әйелі кезінде Хорезм­нен ауа көшкен Беркехан Дәулетхан әл-Хауаразмидің қызы еді. Ол – болашақ сұлтан Берке­ханның шешесі. Тарихшы әл-­Юниани: «Беркеханның шешесі әйелдердің төресі, елге белгілі, садақашыл, қайырымды еді. Қазасынан екі жыл бұрын медреседен сыртқа шығарылмасын, қажет еткен адам медресенің ішінде пайдалансын деген шартпен барлық кітаптарын Байбарыс медресесіндегі кітап­ханаға береді, оның ішінде Байбарыс күмбезіндегі мөр де бар еді» дейді.

Байбарыс кейін Нүкай деген бектің қызына, Ноғай ат-Татаридің қызына, соңғы некесі ад-Дауадар Кармун ат-Татаридің қызына үйленеді.

Байбарыс жұбайларының ­бірде-бірінің аты тарихи құжаттарда тіркелмеген. Байбарыс үйленген жұбайларынан он перзент көреді. Үш ұл, жеті қыз. Ұлдары – Беркехан, Қызыр және Саламыш. Байбарыстың кіндігінен тағы екі ұл бала болғанмен, олар екі жасында шетінеп кетеді.

Байбарыстан кейін сұлтанның үлкен ұлы Беркехан (1260 жылы Каир қаласында дүниеге келген, 1280 жылы Карак қамалында қаза табады) әкесінің орнына сұлтандық таққа отырады. Ол бұрынғы әкесінің беделді бектерін орынсыз шеттетуімен наразылыққа ұшырап, өз еркімен тақтан бас тартады. Беркехан (1277-1279 жж.) екі жыл екі ай сегіз күн ғана билік құрды. Одан кейін таққа отырған Байбарыстың ұлы Саламыш аз ғана отырды да, тақты Байбарыстың бұрынғы ең сенімді серігі Сейфуддин Қалауын иеленді.

Араб елдерінің «Мың бір түнмен» қатар қоятын халық романы – «Байбарыстың» басты кейіпкері Байбарыстың ресми толық аты-жөні: «қаһарлы патша, нағыз патша, айбатты арыстан, жеңімпаз, дін мен дүние тірегі Байбарыс бин Абдулла әл-Бундуқдари ас-Салихи ан-Наджми әл-Айуби әл-Ханафи ат-Турки – Мысыр (Египет), Шам (Сирия) және Хиджаз (Мекке мен Мәдина) сұлтаны».

Ортағасырлық тарихшылардың Байбарыстың ержүректігі және батылдығы туралы сөздері бір жерден шығады.

Байбарыстың хатшысы Ибн Абдузаһир: «Халық Байбарыстың заманында соғыс ісін одан артық білетін, одан епті, одан батырлығы артық бірде-бір атқа мінген батыр жоқ деп санайды. Патшалықты тек қылыштың күшімен алды» дейді.

Ибн Йиас: «Жеңімпаз патша Байбарыс айбарлы да айбатты, атақ-даңқы асқан, сұлтандыққа лайық, данышпан, мемлекеттің жағдайын білетін, алдында шығыс пен насрани патшалар тізе бүккен ұлы патша еді. Жорыққа көп аттанатын, батырлығымен аты шыққан, соғыста ержүрек еді. …оған абу футухат – жиһангер деген ат тағылған еді. Батырлығы мен ержүректігінің белгісі ретінде тамғасында арыстан суреті бейнеленетін» деп жазды.

Ибн Айбек ад-Дауадари: «Байбарыс ержүрек, даңқты патша, жаужүрек батыр еді. Өлімнен қорықпайтын. Айла-әдісі мол, саясаты жайлы, істері әдемі, қимылы сәтті, соғыста ақжолтай, ешқашан қорғалақтамайтын. Қатал, жылдам және аяусыз еді» деп жазыпты.

Әл-Айни: «Жеңімпаз патша қарасұр, шегір көзді. Дауысы жер жаратын. Бойында ұлылық және еріксіз құрметтеу сезімін тудыратын айбындылық бар еді. Қайсар, ержүрек, сақи, жігерлі, тұңғиық, өжет, көзсіз батыр, сұлтандық ісіне көп көңіл бөлетін» деп суреттейді.

Байбарыстың негізгі еңбегі ислам әлемін Шыңғыс ұрпақтарының шапқыншылығынан қорғап қалды. Бұған дейін жеңілу дегенді білмей келе жатқан Шыңғыс ұрпақтарын тарихта алғаш рет ойсырата жеңіп, бетін қайтарған, артынан Таяу Шығыстың қаншама елін моңғолдардан азат еткен Байбарысты ислам әлемі «ислам дінінің құтқарушысы» деп атап, құрметке бөледі. Оның кешегі ақшаға сатып алынған құл екеніне қарамай, ұлты бөтен екеніне қарамай жырға қосып, дастандар шығарды, пір тұтты.

Бекжан БЕЙСЕНБАЙ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button