Мәдениет

Кітап мерекесі шақырады



Кеше Астанадағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында «Eurasian Book Fair – 2023» VI Еура­зиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ашылды. Шара Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйым­дастырылды.

Көрме-жәрмеңкенің негізгі мақсаты – кітап оқуды насихаттау; оқу мәдениетін қалыптастыру; жетекші баспалардың кітап өнімдерін, кітап шығару және полиграфия саласындағы жаңа технологияларды ұсыну; дүниежүзілік кітап басып шығару және полиграфия индустриясының тәжірибесін зерделеу; байланыс орнату және баспа саласындағы жетістіктерді көрсету.

Көрме-жәрмеңкеге қатысуға Қазақстан, Ресей, Түркия және Қытайдың баспа, кітап сату, ғылыми, білім беру және полиграфиялық компанияларының өкілдері, 70-ке жуық компания өтінім берді. Бес күндік ауқымды мәдени және іскерлік бағдарлама барысында қазақстандық және шетелдік жетекші баспалардың өнімдері, балалар әдебиеті мен ғылыми-көпшілік әдебиетінің жаңалықтары таныстырылады. Белгілі жазушылар мен ақындармен қолтаңба сессиялары, кітап шығарудың өзекті мәселелері талқыланатын дөңгелек үстел мәжілістері өтеді. Көрменің барлық бес күнінде балалар алаңында кітап оқулары, тасқа сурет салу, кітаптарға бетбелгі жасау және т.б. бойынша шеберлік сабақтары өтеді.

Көрме аясында «Жылдың үздік кітабы» байқауы, бағалы сыйлықтар ұтысы мен иллюстраторлар байқауы өтеді. «Eurasian Book Fair-2023» көрмесінің құрметті қонағы – Абай облысы көрмеге қатысу үшін ауқымды мәдени-іскерлік бағдарлама дайындады. Көрменің барлық күндерінде осы облыстан шыққан қаламгерлермен кездесулер, әртістер мен театр актерлерінің өнері көрсетіліп, мәдени бағдарламалардың тұсаукесері өтеді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button