Елорда тынысы

91 тұрғынға психологиялық көмек көрсетті

Елордада үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы көпбалалы отбасыларға, мүгедек жандарға, толық емес және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға кешенді консультациялық қызметтер, соның ішінде психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсетеді. Жыл басынан бері орталыққа заңгерлік кеңес алу үшін 142 азамат жүгінген. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында «Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» КММ директоры Бахтияр Айтпаев мәлімдеді.

Отбасыларды әлеуметтік сүйемелдеу бөлімдері орталыққа жүгінген азаматтарға мемлекет тарапынан белгіленген әлеуметтік қолдау шаралары туралы кеңес береді. Сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды аралап, тұрмыс жағдайымен танысып, шешілмей жатқан мәселелерін жазып алады, тұрмыс жағдайын жақсартуға атсалысады және өмірлік қиын жағдайдан шығуға көмек көрсетеді.

– Біздің орталыққа көбіне өмірлік қиын жағдайдағы отбасылар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, аз қамтылған, жағдайы төмен отбасылар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, мүгедектігі бар адамдар жиі келеді. Орталық қызметкерлері олардың мәселелерін шешумен айналысып келеді. 2022 жыл және 2023 жылғы 1 тоқсан қорытындысы негізінде отбасыларды әлеуметтік сүйемелдеу бөлімдерінің мамандары 273 отбасыны тұрғылықты мекенжайы бойынша аралап, олардың әлеуметтік-тұрмыс­тық жағдайымен танысып, шешілмей жүрген әлеуметтік мәселелерін жазып алды. Бір отбасында бірнеше мәселе қарастырылатын жағдайлар жиі кездеседі. Жалпы, жыл басынан бері тұрғындардан әлеуметтік қорғау бойынша – 202, тұрғын үй мәселелері бойынша – 66, денсаулық сақтау мәселелері бойынша – 29 және білім беру мәселелері бойынша 45 сұрақ түсті, – деді орталық басшысы.

Азаматтар, негізінен, бұл орталыққа атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру бойынша, денсаулық сақтау, тұрмыс жағдайын жақсарту және т. б. мәселелермен жүгінеді екен. Білім мамандары олардың әрқайсысына тиісінше көмек көрсетуде.

– «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының отбасыларды әлеуметтік сүйе­мелдеу бөлімдерінде жұмыс істейтін мамандар балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қоюға – 40, мектепке дейінгі мекемелерге жолдама алуға – 13, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін кезекке қоюға өтінімді ресім­деуде – 24, толық медициналық тексеруден өтуге 7 рет көмек көрсетті. Ағымдағы жылғы өтініштерді талдау бойынша біздің орталыққа жүгінген 91 елорда тұрғынына психологиялық көмек көрсетті. Жыл басынан бері орталыққа заңгер кеңесін алу үшін 142 азамат жүгінген, – деді директор.

Сонымен бірге «Жанұя» орталығының қызметкерлері қалада ұйымдастырылып жүрген қайырымдылық шаралардан тыс қалмайды.

– Жыл басынан бері олар қоғамдық және қайырымдылық қорларымен, сондай-ақ жеке тұлғалармен бірлесіп, 326 отбасына азық-түлік себеті мен тұрмыстық химия жиынтық­тары таратылды. Мәселен, 50 отбасыға маусымдық киім сатып алуға сертификаттар берілді. Орталықтың 2 жылдығын мерекелеуге арналған «Жанұя жылуы» қайырымдылық іс-шарасы аясында көпбалалы отбасылардан шыққан балалар арасында «Менің сүйікті отбасым» тақырыбында сурет байқауы ұйымдастырылып, оған 6-8 жас аралығындағы 17 бала қатысты. Байқаудың демеушісі «Stable construction» құрылыс компаниясы байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға кеңсе тауарларын сатып алуға жалпы сомасы 180000 теңгені құрайтын 10 сертификат табыстады. Отбасы күніне орай «Happylon» және «Mini City» балалар ойын-сауық орталық­тарына баруға 70 сертификат берілді. 20 отбасы «Қанаттылар» инклюзивті театрының ашылу салтанатына шақырту алды. 80 балаға Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт ғимаратына экскурсияға, сондай-ақ «Жазғы кино» жобасы аясында кинотеатрға баруға шақыру билеті берілді. Сүйемелдеудегі 4 отбасына «Dauletten», «Asar UME», «Қарекет» қайырымдылық қорларынан тұрғын үй табысталды, – деді Бахтияр Айтпаев.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button