Қала мен Сала

Қар тазалау жұмысы жалғасуда

Астана тағы қалың қарға оранды. Түні бойы жауған ақ ұлпа қарлы боранға ұласып, қалалықтарды едәуір әбігерге салды. Осыған орай, коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бүгінде қаланы қалың қардан тазарту жұмысына күн сайын 2,3 мыңнан астам жол жұмысшы мен мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылуда.

Соңғы күндері ауа райы күрт өзгеріп, тек демалыс күндері жауған қар мөлшері бір жарым айлық нормадан асып түсті. Ауа райының күрт нашарлауына байланысты қала ішіндегі кейбір көшелермен қоғамдық көліктің жүруі қиындап, қалың қар, көктайғақ, боран салдарынан автобус бағдарлары кешігіп, қалалықтар біраз қиналып қалды.

Ережеге сәйкес, қала жолдарында кептеліс болмас үшін бірінші көлік көп жүретін көшелердің қары тазартылады. Мектептерге, балабақшаларға, ауруханаларға кіретін орындар, тротуарлар мен жолдарды тазартуға да басымдық беріледі.

Сарыарқа ауданы әкімі аппараты бөлімінің бас маманы Жансейіт Тынбаевтың айтуынша, қыс мезгілінде алдымен механикаландырылған тазарту жүргізіледі.

– Механикаландырылған тазарту жол төсемі жол-көлік құралдарының, сондай-ақ автобустардың, автобус желілерінің өтуі үшін маңыз­ды. Тұрғындардың автобусқа еш қиындықсыз отыруы үшін жаяу жүргіншілер өткелдері қолмен тазаланады, – дейді бас маман.

Жалпы мамандардың айтуынша, мұндай жағдай елордада 1996 жылдың сәуір айында болған көрінеді. Дегенмен қаланың барлық ауданы қар тазалау жұмысын қарқынды жүргізіп жатыр. Өткен түнде елорда аумағынан 36 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Кеше қала аумағынан 42 мың текше метрден астам қар шығарылды. Бас шаһардың көшелері мен жолдарын қар мен мұздан тазарту үшін 2239 жол жұмысшы мен мыңнан астам арнайы техника жұмыл­дырылды

Алматы ауданында бір түнде барлығы 1,8 мың тоннадан астам қар жиналып, 63 жол жұмысшысы мен 229 арнайы техника жұмылдырылды. Байқоңыр ауданы аумағында да қар тазалау жұмысы қызу жүргізілуде. Бұл іске барлығы 500-ге жуық жол жұмысшысы мен 100-ден аса арнайы техника шығарылды. Сарыарқа, Есіл, Нұра аудандарында да қар шығару жұмысы жалғасуда. Қазіргі уақытта бұл аймақтарда коммуналдық қызметтер негізгі көшелерді, кіреберіс қалталарды және тротуарларды қардан тазалау үшін коммуналдық қызметкерлер бар күшін салуда.

Кеше қала аумағынан 42 мың текше метрден астам қар шығарылды. Бас шаһардың көшелері мен жолдарын қар мен мұздан тазарту үшін 2239 жол жұмысшы мен мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды.

Соңғы үш күнде қаладан 71 мың текше метрден астам қар шығарылды. Дегенмен қар күреу кезінде жол жиектерінде қалған немесе кірме жолдардың жанында ретсіз тұрған машиналардың кедергі келтіретіні шындық. Бұл ретте қар күреу жұмысына жол жиектерінде қалған немесе кірме жолдардың жанында ретсіз тұрған машиналар және т. б. кедергі келтіретінін ескерсек, сала мамандары қалалықтардың көлігін жол жиегіне қалдырмауын, ыңғайсыз орындарға қоймауын, бастысы, қоғамдық көліктердің жолын бөгемеуді ескертеді.

«Өйткені көліктер жол жиегінде тұрса, арнайы техника бұл учаскелерді емін-еркін тазалай алмайды. Мұның бәрі арнайы техниканың учаскелерден өтуіне және тиісті учаскелерді тазалауына едәуір қиындық тудырып қана қоймайды, қар күреу жұмысын баяулатады» дейді мамандар.

«Қазгидромет» синоптиктерінің дерегі бойынша айлық норма 22 мм болса, Астанада соңғы бірнеше күнде ғана 37,6 мм қар жауды. 17 сәуірге қараған түні елордадан 23 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Жалпы, биыл қыс бастал­ғалы бері қала аумағындағы төрт миллион текше метрден астам жер қардан тазартылды. Бұл ретте көшелерді, жаяу жүргіншілер жолын, көпірлерді, орамішілік аумақтарды, аялдамаларды қар мен мұздан тазартуға барынша күш жұмылдырылуда. Осыған орай, қалалықтардың көктайғақ кезінде қозғалыс ережесін сақтағаны, жүргізушілер жолда мұқият болып, қауіпсіз арақашықтықты сақтағаны жөн.

 

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button