Денсаулық

Күзгі тұмау қауіпті



Күзде адамдардың көбі тұмауды ауыр сырқатқа жатқызбайды. Алайда тұмаумен ауырған кезде балалар, қарттар, сонымен қатар созылмалы жүрек және өкпе ауруларымен сырқат­танатын науқастардың денсаулығына қауіп төнеді. Қала әкімдігінде өткен арнайы брифингте елордалық денсаулық сақтау саласының басшылары осы мәселеге назар аударып, қазіргі таңдағы эпидемиологиялық ахуалға баға берді.

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік Кайкенов және қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова қатысқан брифингте жедел респираторлы вирус инфекциясы мен тұмаудың қалада қалай асқынып тұрғаны айтылды. Деректеріне сүйенсек, биыл 29 қыркүйек пен 12 қазан аралығында елорда тұрғындары арасында жедел респираторлы вирус инфекциясын 7146 адам жұқтырған. 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіштерді салыстырғанда биылғы маусымдағы ауру көрсеткіші алдыңғы жылдан 19% төмен екені байқалды.

– Дәл қазір астанада ЖРВИ бойынша ауру жұқтыратындар саны артты, мұны біз ауруханаға түсіп жатқан жүкті әйелдер мен балалар санынан біліп отырмыз. Қыркүйек айының соңында күніне ауруханаға 3-4 әйел ғана түссе, қазір күн сайын 14-16 жүкті әйел келіп жатыр. Олардың дем алу жүйесінде қиындық жоқ, коронавирус та анықталмады, – дейді Б.Кайкенов.

Дәрігерлер тұмаудың белгілеріне тағы бір рет тоқталып, оларды тізбектеді. Дене қызуының көтеріліп, 39-40,5 °C-қа дейін жетуі, буын мен бұлшық еттің қақсап ауыруы, бас пен көздің ауыруы, әлсіздік, енжарлық, асқа тәбеттің болмауы немесе төмендеуі, мұрын бітіп, құрғақ жөтелдің қоймауы, тамақтың ауыруы, кейде жүрек айнып, лоқсу, іш өту де тұмау белгілеріне жатады.

– Тұмау мен ЖРВИ екеуін ­бірінен-бірін ажырату қиын. Бір айта кетерлігі, вакцинация ғана мықты профилактикалық шара, тұмауға қарсы екпе салдырып, аурудың алдын алуға болады. Биыл Астанаға Ресейден «Гриппол+» екпесінің 160 мың дозасы жеткізілді. Бүгінге дейін екпені 130 мыңнан астам елордалық азамат алды. Олардың 32 мыңы – балалар. Сонымен қатар 4 мыңнан астам жүкті әйел мен 31 мыңға жуық созылмалы ауруы бар адамдар екпе салдырды. Халықтың тұмауға қарсы екпеге деген сұранысы артқаны байқалады, – дейді С.Бейсенова.

Жергілікті бюджет қаржысына алынған екпені қаладағы 43 бастапқы медициналық санитарлық көмек беретін медициналық ұйымда салдыруға болады.

– Тұмауға қарсы вакцина алмаған адамдарды тездетіп вакцина алуға және тұрғылықты жері бойынша емханаларға баруға кеңес беремін. Ұйымдар мен кәсіпорындар басшылары, өздеріңіз басқарып отырған еңбек ұжымын иммундық қорғанысты уақытылы алуын назарда ұстауыңызды сұраймын. Себебі тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі дер кезінде вакцинациялау екенін атап өткім келеді. Тұмау вирусы жыл сайын мутацияға ұшырайды, сондықтан тұмауға қарсы вакцинаны жыл сайын эпидемияға дейінгі маусымға (­қазан-қараша айында) дейін алу керек. Вакцина алғаннан кейін иммунитет 14 күн өткен соң қалыптасады және келесі маусымға дейін сақталады, – деді бас санитар дәрігер.

Мамандардың айтуынша, Астанада тұмауды эпидемиологиялық және зертханалық бақылау жүргізу арқылы қадағалауды 8 медициналық ұйым жүзеге асыруда. Олар жыл бойы тұмауға ұқсас белгілері бар науқастардан іріктей отырып сынама алады. Вирус анықталған жағдайда тексеру нәтижесі вирусты генетикалық тексеруге жіберіледі. Бұл мақсатты топтар арасындағы эпидахуалға баға беруге септігін тигізеді.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button