Елорда тынысы

Көлік кептелісі қалай шешіледі?



Қала әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындарға көлік қозғалысы мен кептелісі мәселелерін шешуде қандай іс-шаралардың атқарылып жатқанын баяндап, алдағы жоспармен таныстырды.

«Маған жол-көлік желісін дамыту бойынша сұрақтар қойылып жатыр. Осыған байланысты атқарып жатқан жұмысымызға қысқаша тоқталып өтейін. Қалада 430 мыңға жуық автомобиль бар. Күн сайын облыстан қалаға қосымша 90 мыңға жуық көлік кіріп-шығады. Жол-көлік желісін жүйелі дамыту үшін көпірлер, көлік қиылыстары, жаңа көшелер салу, жол жөндеу жұмысы қарқынды түрде жүргізілуде. Қарбалас уақытта көлік көп жүретін учаскелердің бірі – Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Тұран даңғылдары, Сарайшық, Д.Қонаев көшелері және тағы басқа» деп жазды Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында.

Әкім жыл соңында пайдалануға берілетін Тәуелсіздік даңғылы бо­йындағы жаңа көпір көлік қозғалысы мәселесін ішінара шешетінін айтады.

«Бұл көпір жолдардағы кептелісті едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді: сол жағалауды Тәуелсіздік даңғылымен, жаңа теміржол вокзалымен, Р.Қошқарбаев даңғылымен, Ж.Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешітімен, А.Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелерімен, Б.Момышұлы даңғылымен және т. б. қосымша байланысты қамтамасыз етеді» дейді қала басшысы.

Сондай-ақ қала басшысы келесі жылы Тәуелсіздік даңғылының Қабанбай батыр даңғылына дейінгі жалғасын салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, бұл қаланың жаңа бөлігіндегі Мәңгілік ел, Қабанбай батыр даңғылдарында, Түркістан, Керей-Жәнібек хандар және Ш.Айтматов көшелеріндегі көлік ағынын сейілтеді.

«Сол сияқты келер жылы Кенесары көшесінің бойында (ҚазГЗУ университеті ауданында) Есіл өзені арқылы өтетін тағы бір көпірдің құрылысын бастау жоспарда бар. Өткен жылы Ұлы дала даңғылының бойындағы жаңа көпір мен А62 көшесінің бойында (А91 көшесінен Астана-Қарағанды тасжолына дейінгі учаскеде) көлік қозғалысы ашылған. Бұл да бірнеше көшедегі көлік қозғалысын жеңілдетті» деп сөзін жалғады Ж.Қасымбек.

Бұдан бөлек, шаһар басшысы биыл елорда 400-ге жуық қоғамдық автобус­пен толығатынын айтты.

«Олардың бір бөлігі қазірдің өзінде желіге шықты. Жоғарыда айтылған іс-шаралар, соның ішінде көшелер салу және жөндеу, ақылды бағдаршамдар орнату және автобус желілерін енгізу қаланың көлік желісін айтарлықтай жақсартады» деді ол.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button