Басты ақпаратДенсаулық

Мерекеңмен, медбике!



Бірде-бір аурухана немесе дәрігер медбикесіз жұмыс істей алмайды. Дәрігердің нұсқаулығын орындап, науқастың бар жағдайын жасауда олардың атқаратын жұмысы орасан зор және ол асқан жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан емдеу тиімділігі 20 пайыз дәрігер жазып берген ем-шараға байланысты болса, қалған 80 пайызы медбикенің соны қалай орындауына қарай шешіледі. Ертең, яғни 12 мамыр – Халықаралық медбикелер күні. Бұл мереке бүкіл әлемде 1965 жылдан бері тойланып келеді. 

Қазақстанда бүгінде 185 мыңнан астам орта буын мамандары жұмыс істейді. Ал Астанада қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық мекемелерде 6 мыңнан астам  медбике еңбек етеді. Солардың ішінде медбикелердің ең көбі жұмыс істейтін Астана қаласы әкімдігінің №1 қалалық ауруханасына барып, ақ халаттылардың адам өмірі мен денсаулығын сақтаудағы қажырлы еңбегімен танысып қайттық.

24 клиникалық бөлімшеден тұратын алып ауруханада 400 медбике күні-түні ауыр жағдайда келетін науқастардың ем-домын жасап, олардың аман-есен аяқтан тұрып кетуіне қызмет етеді. Бөлімшелердің ішінде жұмысы ең қиыны– инсульт орталығы, эндокринология бөлімшесі және стома практология бөлімшесі. Осы үшеуінің де жанынан мамандарды да, науқастарды да ауру түріне қарай күтім жасауға үйрететін мектептері ашылған. Себебі бұл үш ауру түрі бойынша да науқастар ауруханадан шыққаннан кейін де өмір бойы өз-өзіне күтім жасап жүруге мәжбүр.

– Науқастардың келіп түскен кезінен бастап сауығып кеткенге дейін қасынан табылатын жанашыр медбикелердің жұмысы жеңіл емес. Сондықтан бұл мамандыққа кез келген адам келе бермейді. Мұны таңдаған адамның мейірімі мол, осы жұмысқа төзімді, жауапкершілігі зор, шыдамды, жүрек жылуы бар, бастысы, өз мамандығын жақсы көретін жан болуы керек. Дәрігер тағайындаған ем-шараларды орындап қана қоймай, нағыз кәсіп иесі болса, науқастарды жүрек жылуымен де емдейді. Ал бізде ондай медбикелер өте көп. 100-ден аса медбике осы мекемеде 10 жылдан астам уақыт бойына тер төгіп келеді. Менің мұнда келгеніме 7 айдай болды. Содан бері  байқағаным, аурухана медбикелерінің қандай қиын болса да, өз жұмысына адал берілгендігі, соған қатты риза болдым, – дейді аурухананың аға медбикесі Раушан Әбдірахманова.

Ең ауыры – инсульт алғандарды қарау

Медбикелердің жанкешті еңбегін көрсетуімізді сұраған аға медбике бізді соларға қарай өзі бастап апарды. Алдымен инсульт алып, сал болып қалған науқастарды емдейтін  4-қабаттағы бөлімшеге бас сұқтық. 30 орындық бөлімшенің екі палатасында ең ауыр науқастар жатады екен. Айналасындағының бәрін көргенімен, денесінде жан жоқ, төсекте сүлесоқ жатқан ауыр жағдайдағы сырқаттар инсульт алғаннан кейін ақыл-есін де жоғалтып алады. Бірінің бір жақ қапталының қол-аяғы істемей, жансызданып қалған болса, көбі өздігінен тұрып, қимылдай алмайды. Тіпті тілі күрметіліп, сөйлеуден де қалғандар бар. Сондықтан оларға жөргектегі баланы қарағандай күтім жасалады. Күн сайын уақытылы дәрісін беруден бастап, тамағын ішкізу, жуындыру, ұйып қалған денесіне массаж жасау, әр 2 сағат сайын әрі-бері ауыстырып жатқызу, тіпті төсекте жатқанда бүлдірген дәретін де тазалау – медбикелер мен санитарлардың міндетіне жатады. Себебі инсульт алған бұл науқастар соның бәрін өздері жасай алмайды.

– Біздің бөлімшеде осы жұмыстың бәрін 13 медбике атқарады. Оларға нұсқаулық беріп, науқастарды күн сайын 9 невролог дәрігер қарайды. Өте ауыр жағдайдағы науқастар келеді. Олардың бірқатарына тамағын блендермен уақтап, зонд арқылы беруге тура келеді. Система арқылы дәрумендер мен дәрілері ішіне жіберіледі. Көбіне ондай науқастар әрқайсысы бөлек екі палатада жатады, 6 адамдық сондай палаталарға күн сайын бір медбике мен бір санитардан бөлініп қызмет көрсетеді. Жұмыс қандай ауыр болса да, бізде кадр тұрақсыздығы жоқ. Медбикелер жұмысын жанын салып істейді. Науқастарға өз туыстарындай қарайды. Мұнда сырқаттар 15 күндей жатып емделеді, тәуір болғасын оңалту бөліміне ауыс­тырылады, – дейді аталған инсульт бөлімшесінің меңгерушісі Айгүл Қайсарбекова.

Меңгерушінің айтуынша, бөлімшенің 30 төсек орны ешқашан бос тұрмайды, үнемі сырқаттарға толы. Мамандар, негізінен, Алматы ауданы тұрғындарына қызмет көрсеткенімен, қазір «теміржолшылар» ауруханасында КТ аппарат істемей тұрғандықтан, Сарыарқа ауданының халқын да қарай береді.

– Қазір инсультке шалдығушылар саны тек Қазақстанда ғана емес, әлемде көбейіп барады. Бұрын әлемде жылына 9 млн-ға жуық адам инсульт алатын болса, қазіргі таңда жер бетінде 15 млн адам осы ауруға шалдығады. Ал Қазақстанда жылына 40 мыңнан астам адам дерттен зардап шегеді. Біздің бөлімшеде жыл сайын 1000-нан аса адам емделеді. Оның үстіне қазір инсульт алушылар жасарып бара жатқаны да қауіп тудырады. Тіпті қаладағы барлық 4 инсульт орталығы да ылғи науқастардан босамайды. Әлемдік статистика бойынша инсульт алған науқастардың 40 пайызы осы дерттен көз жұмады, тек 10 пайызы ғана еңбек етуге жарамды болып, қызметіне оралады. Қалғандары мүгедектер қатарына қосылады. Мұнда келген науқастар сырт адамның күтім көрсетуіне зәру болғандықтан, медбикелердің де жұмысы соған қарай күрделене түседі. Осы ретте орта және кіші персоналдың жұмысы үлкен жауапкершіліктен тұрады, – дейді А.Қайсарбекова.

Инсультке әдетте өмір сүру салты дұрыс емес адамдар жиі шалдығады, яғни дұрыс тамақтанбау, спортпен айналыспау, темекі шегу, арақ ішу, әсіресе, ең бастысы, стресс, қан қысымы бойынша дұрыс емделмеу, дәрісін уақытылы ішпеу – ауруға әкелетін факторлар.

– Осындай ауыр науқастармен жұмыс істейтін үздік медбикелеріміздің қатарында – Салтанат Бекболатованы атап өткім келеді. Ол мұнда 2011 жылы колледж бітірген бойда келген. Жауапкершілігі өте жоғары медбике, жұмысқа шыққан күні 24 сағат бойына тыным таппай жүре береді. Сондай-ақ Гүлсім Дүйсенованың да еңбегі зор. Жалпы медбикелеріміздің бәрі де еңбекқор, төзімді. Еңбек өтілі ең көбі – 35 жыл болса, ең азы – 5 жылдық жұмыс тәжірибесі бар медбикелер. Олар келгенде жалпы медициналық білімі ғана болады, ал осы салаға өзіміз бейімдеп, үйретіп аламыз. Айына бір рет сабақ өткіземіз. Күн сайын таңертең лездеме жиналыста да бәрін түсіндіреміз, – дейді бөлімшенің аға медбикесі Ақлима Молдабекова.

Қант диабетінен қалай емдейді?

Бұдан кейінгі барған ауыр науқастар қаралатын эндокринология бөлімшесі – қала бойынша қант диабетіне шалдыққан ересек адамдар емделетін жалғыз емдеу орны екен.

– Бұрын бөлімшеде 50 орын болған, соңғы екі жылда ауру саны азаймаса да, орын саны 32-ге қысқартылды. Қазір коронавирус пандемиясынан кейін қант диабеті ауруы әсіресе жастар арасында көбейе түсті. Бүгінгі таңда бөлімшеде 50 шақты науқас жатыр. Мұнда қант диабетімен қатар қантсыз диабет деген түрі де, сондай-ақ ұйқы, қалқанша безі, бүйрек аурулары да емделеді. Бір жылда бізден 2400-ге жуық адам, айына 150-ден астам адам емделіп шығады. Соның 70 пайызы – диабетпен ауыратындар. Бұл ауруға біріншіден, ұйқы безі қызметінің бұзылуы, екіншіден, семіздік себеп болады. Жалпы салауатты өмір салтын сақтамаудың салдарынан аурулар саны артып отыр, яғни түнімен ұйықтамау, ұйқының ауысуы, зиянды тамақтарды көп жеу, энергетиктер ішу дұрыс емес, – дейді бөлімше меңгерушісі Жанар Ұбайдоллақызы.

Мамандардың айтуынша, қант диабетінің екі түрі бар: біріншісі – инсулинге тәуелді және инсулинге тәуелсіз. Инсулинге тәуелсіз түрі бойынша науқастар үнемі дәрі ішіп жүрсе, тәуелді түріне шалдыққандар өмір бойы тамақ ішер алдында саусақтары арқылы қанына инсулин салумен өтеді. Осы ретте бөлімшеге қарас­ты Диабет мектебінің қызметі науқастарға инсулинді қалай дұрыс салу керектігін, жалпы қандай ас мәзірін қолдануды үйретуде өте маңызды. Бөлімшеге түскен науқастардың бәрі осы мектепте медбикелерден  5 күндей сабақ алады. Осындай науқастарға бөлімшедегі 25 адам қызмет көрсетсе, соның алтауы – дәрігерлер, 10 қызметкер – медбикелер және тағы 10 адам – санитарлар.

– Біздің міндетіміз – келген науқасты жылы қабақпен қарсы алып, жоғары сапалы медициналық көмек көрсету. Көбіне олар дертті болғанын білген кезде күйзеліске түсіп, ашушаң болып кетеді. Мұндай науқастар арнайы диетамен жүретін болғасын жиі қарны ашады, сондықтан тамақ ішкен сайын инсулин салғанда байқамай оның мөлшерін көп немесе жеткіліксіз салуы мүмкін. Содан олардың бастары ауырады, басы айналады, демігіп, ауа жетпей қалады. Сондай-ақ денелеріне жара шықса, тез жазылып болмайды. Ауруханада жатқан кезінде тамағын да, тазалығын да, қабағын да қадағалап отыру – медбикелердің жұмысы. Созылмалы ауру болғандықтан науқастан да, медицина мамандарынан да шыдамдылықты талап ететін дерт, – дейді бөлімшенің аға медбикесі Бекзат Базарова.

Үшінші бөлімше – стома практология орталығында да 15 медбике жұмыс істейді. Тік ішектің дұрыс жұмыс істемеуінен үлкен дәретке кіндік тұсынан тесілген арнайы саңылау арқылы шығатын мұндай науқастардың жағдайы мүлдем қиын. Олар басқа салған тағдырына мойынсұнып, өмір бойы осы халмен өмір сүреді. Сондай сырқаттарды емдеп және оларға арнайы Стома практологиялық мектепте өзіне қалай күтім жасауды бөлімшенің 4 медбикесі үйретеді. Бұл қызметтегі медбикелердің шыдамы мен төзіміне тіпті сөз жоқ.

Ғасырлық тарихын 2025 жылы атап өтетін ауруханада бұдан басқа да 21 бөлімшеде мыңдаған медицина мамандары күні-түні еңбек етіп, еліміздің денсаулық сақтау саласында адал қызмет етуде. Ақ халаттылар туралы айтылатын теріс пікірлерге қарамастан, олардың арасында өз ісін осылай сүйетін мамандар бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Сұхбат алуға барған бір сағаттың ішінде түрлі сырқаттар жатқан аурухана аурасына әрең шыдадық. Ал медбикелер мен дәрігерлер қауымы сол жерде өмір бойы қызмет етіп жүр. Әсіресе, жұмыстың ауырын, маңызды көп бөлігін атқаратын медбикелердің еңбегі ұшан-теңіз. Төл мерекесінде осындай Гиппократ антына адал барлық медбикелерді кәсіби мейрамымен құттықтап, адамдар өміріне араша тұрар абыройлы қызметтеріне табыс, өздеріне де мықты денсаулық тілейміз!


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button