Басты ақпаратБілім

Жеткіншек жалтақ болмасын десек…

Бұрынғы кезде әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы дүние де, мал да емес, жақсы тәрбиесі болатын. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысып, аманат ретінде қабылдайтын. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшесінің тірегі, қамқоршысы ғана емес, ер адамның бағдаршамы. Әке балаға жолдас әрі сырлас болу керек. Өйткені әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. «Бала тәрбиесімен тек педагогтар ғана айналыспауы тиіс, бұл – ата-ананың, әсіресе әкенің зор міндеті» дейді «Әкелер одағы» рес­публикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек АЙТМАҒАНБЕТ.

Мен қандай әкемін немесе Әкелер одағына қалай келдім?

– Балалар кеше ғана өмірге келген секілді еді, уақыт жылдам екен, олардың әңгімесін жуырда тыңдап, ой-көзқарасына көз салсам, едәуір өсіп, ержетіп қалған. Арман-мақсаты бар, әр нәрсеге өз көзқарасы қалыптасқан. Содан араласатын дос-жарандардан сұрастырсақ, шынында да, олар да дәл біз сияқты балалары күні бойы немен айналысады, кіммен дос болып жүр, қандай мәселелер қызықтырады дегенді мүлдем білмейді екен.

Педагогтар ата-аналар жиналысына барғанда бізден бала туралы басқа ақпараттарды сұрай бастады, ұстаздардың сұрауымен, қадағалауымен мен де балаларым туралы білмекке талпынып, олар қызығатын дүниелерді зерттей бастадым. Мен үшін бұл, шынында да, жаңалық болды. Қазақ-түрік лицейінде өзгерген балам кейін жоғары оқу орнын, әрі қарай ма­гистратура оқығанда мүлде басқа адамға, өмірге өзінің көзқарасы, жеке пікірі бар тұлғаға айналды. Бұған мектептегі, білім орындарындағы ұстаздардың, тәрбиешілердің жақсы ықпалы болғанына куә болдым, көп нәрсеге көз жеткізіп, бала тәрбиесіне қатысты олар қызыққан тақырыптарды зерттей бастадым. Қазіргі заманғы технологияға қарап отырсақ, цифрландыру өмірімізге әбден дендеп енді, адамның ой-өрісі, экономикасы өзгерді, басқа заман келді, жаhандану кезеңінде әсіресе бала тәрбиесіне жете көңіл бөліп, қарамасақ, кейін кеш қалатынымыз айдан анық болды. Сондықтан да осыдан 11 жыл бұрын Астана қаласындағы №59 мектепте ата-аналар жиналысында бір ата-ана­ның идеясымен Әкелер одағын құру туралы, «неге ата-аналар жиналысына әкелер келмейді, неге бала тәрбиесіне қатысты әкелер белсенді емес?» деген мәселе көтерілді.

Бірлестік құрылтайшысы Қуаныш Жұматаев есімді азамат болды. Ол бірде баласы оқитын мектептегі ата-аналар жиналысына келгендердің басым көп­шілігі аналар екенін көреді. Содан өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі әкелердің қатысы мен рөлінің қандай екенін ойлайды. Осылайша мектептің тыныс-тіршілігіне, жиналысына белсенді атсалыса бастаған қоғам белсендісі білім мекемесінде Әкелер кеңесін құру бастамасын өз қолына алады. Қуаныш Жұматаев осы Әкелер одағын құрып, осы істің басы-қасында болды. Өкінішке қарай, ол өмірден ерте озып, дүние салды, бірақ Әкелер одағы республика көлемінде көптеген жақсы істерге ұйытқы болып, жақсы іс-шаралар өткізіп жүр. Бұл кеңес 2011-2012 жылдары әскери-патриоттық клуб ашады. Әкелер мен балалардың қатысуымен шахмат пен футболдан жарыстар, әртүрлі бағыттағы шығармашылық байқаулар және т. б. іс-шаралар өткізеді. Сонымен қатар ер-азаматтар балалармен бірге ағаш егіп, «Әкелер аллеясын» құрады.

2012 жылы Қуаныш Жұматаев «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігін тіркейді. Кейін еліміздің әр өңірінен Әкелер одағының құрылуына атсалысып, аймақтардағы әріптестермен байланыста болады. Осылайша бұл бірлестік республикалық әкелер қозғалысына айналады.

Ата-аналар жиналысында бір  ата-ананың идея­сымен Әкелер одағын құру туралы, «неге ата-аналар жиналысына әкелер келмейді, неге бала тәрбиесіне қатысты әкелер белсенді емес?» деген мәселе көтерілді

Бұл – менің қосымша жұмысым. Қазіргі кезде зайыбым екеуміз екі бала тәрбиелеп отырмыз. Ата-ана­лар жиналысына барған уақытта кей мәселелерді әйел ата-аналармен шеше алмадық. «Ұл өсіріп отырған әке ретінде неге біз де қатыспаймыз?» деген ой туды. Содан Әкелер одағы ұйымы барын білдім, – деді ол.

2020 жылы елордалық одақ республикалық одақ ретінде 9 өңірде фи­лиалын ашып, жүзден астам белсенді әкелер шындап жұмыс істей бастады. Бала тәрбиесіне бейжай қарамайтын белсенді әкелер ата-аналар жиналысына қатысып, педагогтармен, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен және құзыретті министрліктермен, әкімдіктермен бірлесе отырып, балалардың мәселесін қозғап, балалар арасындағы келіспеушіліктерді шешудің оңтайлы жолын іздестіріп, бала тәрбиесіне белсене араласуда. Қазір мектептерде Әкелер кеңесі жұмыс істеп жатыр.

Басты мақсат – әкелер институтын дамыту

«Әке – асқар тау» дейміз, бірақ Әкелер одағының жұмысы елде толық емес отбасы көбейіп, олар барлық отбасының үштен бірін құраған кезде, 18 млрд теңге алимент әкелер тарапынан төленбей, баласын «көкек-­аналар» көшеге тастап жатқан қиын шақта оңай болмай тұрғанын мойындауымыз қажет.

«Дәстүрлі отбасы институтын нығайту, балаларды бірлесе отырып тәрбиелеу, олардың құқығын қорғау, саналы әке болуды насихаттау, өзекті мәселелерді қозғау, бала тәрбиесіне қа­тысты күн тәртібіндегі істерді жасауға ұмтылып отырмыз. Қазақстанда мыңдаған қоғамдық ұйым бар, 90 пайыздан астамы – әйелдер үлесінде. Белсенді әкелердің ұйымы қоғамдық ұйым ретінде қолынан келгенше бала тәрбиесіне барынша атсалысып жатыр. Әкелер одағында көпбалалы, жас, жалғызбасты, ерекше балалардың әкелері, бала асырап алған әкелер бар. Елімізде 150 мыңнан астам ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасы бар екенін білеміз. Ендеше әкелермен жұмысты жандандыру қажет, керек кеңестерді беру, құқығын қорғау, бала тәрбиесіне белсене араласу – басты мақсатымыз. Қаламыздағы білім-инновация мектебінде ата-аналармен жұмыс жақсы жолға қойылған, сондықтан сол мектеп базасында Әкелер одағын құрып, белсенді жұмыс істей бастадық. «Әкелер апталығын» ұйымдастырдық. Әртүрлі бағдарлама ұйымдастырып, оған түрлі сала қызметкерлерін, қоғам қайраткерлерін, психологтарды, педагогтарды шақырып, түрлі пікірталас, іс-шара ұйымдастырдық. Пандемия кезінде де осындай игілікті істерді тынбай жалғастырып, әкелер институтын насихаттап отырдық. «Парасатты әке» байқауын ұйымдастырып, баланың әке туралы, әкенің бала туралы қызықты эссе жазып, олардың бір-біріне бұрынғыдан да жақындауына әсер еттік деп айта аламын. «Әкелер апталығының» мектептерде өткеніне, әсіресе, әйел мұғалімдер, ата-аналар, әжелер қатты қуанғанын, бастамамыздың нәтижелі екенін көрдік, сезіндік. Насихат жұмысының арқасында кейбір мектепте ата-аналар жиналысына 30 пайыздан астам әкелер келе бастады, бала тәрбиесінде ілгерілеу байқалды, әкелер бала тәрбиесінде белсенді бола бас­тады. Шынында да, оларға ерекше ықылас, көңіл бөлу жетпейтінін түсіндік. Мысалы, мен іссапармен шетелде жиі боламын, байқағаным, онда әкелерге арналған журналдар, кітаптар, әкелерге арналған кеңес беру орталықтары, тағы басқа қажетті дүниелер жетерлік екен. Тағы бір байқағаным, бізде әкелерге, ерлерге арналған арнайы кітаптар, керек кеңестер жазылған журналдар жоқтың қасы. Әкенің балаға, баланың әкеге арналған кітаптары да мүлдем аз екен.

Сосын мектепке әкелер келгенде бірден мәселе көтермей, әке мен баланы жақындатуға арналған түрлі ойын, іс-шара өткізу керек деп ойлаймын. Кейбір мектепте қазір волейбол ойындары, тағы басқа спорт іс-шарасы тұрақты өткізіле бастады. Бейресми форматтағы кездесу үйде тығылып отырмай, әдеттегідей, ұрысып-жеки бермей, таза ауада денені шынықтыра отырып, әрі баламен етене байланысудың, араласудың, сырласудың бір жолы екенін өмірдің өзі дәлелдеді. Астана қаласында әсіресе мен жиі баратын қыздардың білім-инновация лицейінде осындай іс-шара жиі жүргізіліп тұрады».

Әкелер форумы не береді?

– Міне, биыл VII әкелер форумын өткіздік, ол «Отбасы – ұлт тірегі» деп аталды. Басында, әрине, одақты бала тәрбиесіне қатысты ашқан болатынбыз, бірақ қоғамда әкелерге, ерлерге қатысты проблема бастан асады, әртүрлі статустағы әкелердің түрлі-түрлі проблемасы бар, оны одақ арқылы шешуге талпынып жатырмыз, – дейді Мақсұтбек Айтмағанбет.

Оның айтуынша, қазіргі кезде бала тәрбиелеп отыр­ған жалғызбасты әкелерге психологиялық көмек қажет. Мәселе шаш етектен, оны шешудің жолдары да оңай емес, бірақ ынта-ықылас бар болса, әкелерді қолдау мақсатында барлық мәселені шешуге тырысамыз. Дегенмен қоғамда әкелерге қатысты өзекті шаруа өте көп, шынында да, оларға қатысты әкелерге арналған бағдарлама, арнайы саясат, мамандар қажет екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Себебі Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, ер адамдардың орташа жасы – 67-68 жас.

АҚШ-та ер адамдардың 99-100 жасқа келуі – қалыпты жағдай. Бұл нені білдіреді? Бұл отбасы саясатындағы ақаулықтарды көрсетеді. Отбасындағы жағдай дұрыс болса, ондағы психологиялық-моральдық ахуал дұрыс жүзеге асып жатса, ол отбасының мүшелері бақытты, дені сау, бақуатты өмір сүретінін мамандар айтып отыр. Мысалы, жапон елінде ер балалар тәрбиесімен тек қана әкелер айналысады және оның нәтижесін, ұлттық құндылықтарға негізделген ғылым, білімге ұмтылысын бүкіл әлем мойындап отыр­ғанын айтуға тиіспіз.

Ал бізде керісінше жұмысқа, қыдыруға, демалысқа баруға, той-томалаққа жететін уақыт дәл бала тәрбиесіне келгенде болмай қалатыны өкінішті. Соңғы статистика бойынша 6-7 ер адам баласына күніне 15 минут уақыт бөледі. Ал бұл өте аз. Баласының кім болып өсіп келе жатқанын, арман-мақсатын білмеуі де үлкен проблема екені рас. Барлығына уақыт жетеді, бірақ бала тәрбиесімен айналысуға ықылас жетпейтіні – шындық.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын біз отбасымызбен көлікпен бір аптадай саяхаттадық. Расын айтайын, балаларымды сол уақытта жақынырақ таныдым. Олардың арманын, алға қойған мақсатын білдім. Бұрын тек жалпы ақпараттарды сұрап, қысқа қайыра салатын едік. Сол уақыттан бастап әйелім екеуміз балалармен бірге жүруге тырысамыз, – деді ол.

Барлық проблеманы саралай келе, біз «Саналы әке» бағдарламасын түзіп шықтық, онда осы мәселелердің барлығын қозғап, шешілу жолдарына ұмтыламыз. Онда баламен тығыз жұмыс істеу, бұқаралық спортты дамыту, отбасындағы проблемаларды шешуге талпынып жатырмыз, оны қазіргі Оқу-ағарту министрлігіне де ұсынып, қолдау тауып жатқанымызды айтқым келеді. Бірнеше жылдан бері отбасы институтының құндылықтарын қалпына келтіру, оның ішінде әкелер институтын дамыту проблемаларын қозғап келеміз, ол «Ашық НҚА» жүйесінде тұр, қарап, қолдасаңыздар да болады, онда «Аналар күні» мен «Әкелер күнін» атап өту туралы ұсыныстар да бар.

P.S: Шынында да, бала тәрбиесіне қатысты кейінге ысыратын, одан өзекті мәселе қазақ отбасында болмауы тиіс. Қамшымен қорқытып, белдікпен сабайтын, тентек пен теліні қара күшпен сабасына түсіретін заман келмеске кетті. Мүлде біз ойламаған, құндылықтары өзгерген қайырымсыз қоғам өмірімізге енді. Жаңа заманның ағымына сай икемделуіміз керек. Баламен бірге оқыңыз, баламен бірге армандаңыз, баламен бірге проблеманы шешіңіз – сонда ғана бәсекеге толы қазіргі заманғы қиындықтарды бала еркін еңсере алатынын ұмытпауымыз қажет. Әке баласына шын мейірімін төгіп, қиын кезде жанынан табылған кезеңде ғана оған арқа сүйер, жанашыр болмақ, бар мұң-мұқтажын бірлесе шешпек. Жақсылыққа – жақсылық, мейірімге – мейірім болары, ұрпақ сабақтастығы, отбасы бақыты жалғасары сөзсіз. Бұл іске қоғам болып атсалысу өте қажет. Өйткені дұрыс тәрбие алған бала қоғамға пайдасын тигізетін азамат болып өседі.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button