Басты ақпаратСараптама

Миграциялық үдеріс: залалы бар ма?



Газетіміздің белсенді оқырманының бірі – Мэлсь Ысқақов телефон арқылы хабарласып, №115 (4393) нөмірден «Миграциялық үрдіс: күнгей мен көлеңке» атты мақаланы оқығанын, алайда Ресейден келетін көштің залалы мен зардабына неге тоқталмағанымызды сұрады. Содан осы бағытта ізденіп көрдік.

Не істейміз, қандай амал бар?

Алдымен көші-қон нөпірі және ресейліктерді елге қабылдауда ескеру керек мәселені талдасақ.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстанға 200 мыңнан астам Ресей азаматы кірсе, 147 мыңы елден кеткенін мәлімдеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің сөзінше, 70 мың ресейлік ЖСН алды. Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау министр­лігінің мәліметі бо­йынша мигранттар саны 350 мыңға жетті. Қайсысына сенеміз, көшіп-қонушылар туралы цифр­да жүйе жоқ, бір-бірімен сәйкеспейді. Екі министрліктің дерегін салыстырып көрейікші, Ішкі істер министрінің мәліметі бойынша елде 53 мың ресейлік қалуы тиіс, алайда 70 мың ресейлік ЖСН-ді қалай алып, елге қоныстанды. Бейресми дерек көздеріндегі ақпарат шындыққа жақын секілді. Мәселен, Қазақстанның ұялы байланыс операторы Beeline-ға 1 миллион 680 мың ресейлік қосылыпты. Соның салдарынан интернеттің жылдамдығы баяулапты-мыс.

Үкімет миграцияға байла­нысты дерек пен дәйекті біріздендіріп, сенімді ақпарат берер. Маңыздысы, елге келген еріксіз мигранттарға қандай шара қолдану керек?

Нұртөре ЖҮСІП, сенатор:

«Біріншіден, жағдайды анық­тап, жедел шешім қа­былдау үшін Премьер-министр арнайы мемлекеттік комиссия құрып, оны не өзі, не орынбасарының бірі басқаруы тиіс. Комиссия келіп жатқандардың санын, жасы мен жынысын, жұмысы мен мамандығын, басқа да жеке басына қатысты, оның ішінде түрлі қылмысқа қатысын анықтауға арналған мәліметтер базасын құруы қажет.

Екіншіден, комиссия келгендердің өтініші мен басқа да тіршілікке қатысты бұйымтайын қарап, тиісті шешімді Үкіметтің қарауына ұсынуы керек. Алдымыз – қыс. Келгендердің қаржысы, азық-түлігі таусылуы мүмкін. Елдегі қымбатшылық онсыз да өршіп тұр. Стратегиялық тұрғыда ең алдымен Қазақстан тұрғындары тарықпауы тиіс. Бұл ретте мемлекеттің материал­дық-техникалық мемлекеттік резерві қаншалықты? Соның бәрі қайта есептелуі тиіс.

Үшіншіден, құзырлы органдар – Ішкі істер министрлігі, ҰҚК, Шекара қызметі мен Миграция комитеті Қазақстанның әр аймағына жергілікті өңірлер басшылыққа алатын нақты іс-әрекеттер пакетін әзірлеп, қажетті нұсқаулықтарды ұсынуы тиіс. Бірінші кезекте түрлі арандату әрекеттерінің алдын алу, ұлтаралық жанжалды болдырмау, елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға бағытталған шараларды мемлекеттік комиссияға ұсынуы қажет.

Төртіншіден, Қазақстан Рес­пуб­ликасының бірқатар заңына – Көші-қон, Отбасы және неке тәрізді заңнамаларға күн тәртібінен туындайтын нормаларға, әсіресе ықтиярхат алу мерзімі мен азаматтық алу мәселелеріне қатысты өзгертулер мен толықтыру енгізуге тура келетін сияқты. 90 күнгі ықтиярхат мерзімін қайта қарау керек. Азаматтық алу үшін қазақстандық тұрғындармен некеге отыру тәртібі қатаң қадағалануы тиіс. Бұл норма да қайта қарауға жатады. Қазір некені рәсімдеу электронды әдіспен жүргізіледі. Мұндай некеге отырушылар 3 жылдан кейін оп-оңай азаматтық алудан дәмелі. Сондықтан бұл тараптағы заң баптарын қайта қарау өте маңызды.

Бесіншіден, келгендер елдегі пәтерақы мәселесін шарықтатып жібергені мәлім. Бұдан ЖОО мен колледж студенттері едәуір зардап шегіп отыр. Қыста не пәтер жоқ, не жатақхана жоқ, студенттеріміз қалай күн кешеді? Тұрақтап қалғысы келетіндердің бәріне баспана қайда? BI Group секілді құрылыс компаниялары уақытша баспана тұрғыза ала ма? Модульді баспана салу арқылы келгендерді арнайы лагерлерге орналастыру, сол жерде қазақ елінің заңдарымен, тұрмыс салтымен, мәдениетімен таныс­тыру, мемлекеттік тілді меңгеруге үйрету амалдары жасалса қалай болады? Өз тағдырын Қазақстанмен байланыстырғысы келетіндер де, уақытша ықтиярхатпен тұратындар да осындай ортақ талаптарды қабыл алуы тиіс».

Қазақстанға келген қашқындар унитарлы мемлекетке келгенін білуі тиіс, түсінбесе түсіндірудің еш артықшылығы жоқ. Неге дейсіз бе, Орал қаласында екі ресейлік ішімдікке тойып алып, көпшіліктің мазасын алса керек-ті. Содан соттың шешімімен елден шығарылды. Мұндай жағдай тағы қайталанбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.

Бұған дейін екі бөлмелі пәтер орташа 160-180 мың теңгенің аралығында болған-ды. Қазір ше, 300-450 мың теңгеге құбылды. Бұл қаржыға пәтер жалдап тұруға ел азаматтарының қалтасы көтермейді. Өйткені теңге құнсыз, жалақы мардымсыз. Амалы жоқ жастар вокзал мен мешітті жағалап жүр. Бұл – шындық

Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, бірнеше талап қойды.

Біріншісі – миграция қауіп­сіздіктің қатерлерін ғана туғызбайды, саяси интеграциялық рөлі басым. Сондықтан Қазақстанда қанша Ресей азаматы бар екенін нақтылап, жауап беру керек.

Екіншісі – әрбір қоныс аударушының қос азаматтық фактісі бойынша тексеру және нәтижесі бойынша тиесілі құқықтық шара қолдану маңызды.

Үшіншісі – ақпараттық қауіп­сіздікті қатаң бақылап, яғни әлеуметтік желілерге, келу­шілердің чаттарына контент сараптама жасалуы тиіс.

Расында, «орыс әлемі» идеясымен уланған ресейліктердің әлеуметтік желідегі аккаунтына мониторинг жүргізу – маңызды міндет. Империалистік-шовинистік саясатпен рухтанған қашқындар ұлтаралық кикілжің тудыруға себеп болуы да әбден мүмкін ғой!

Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ, Аbai.kz порталының бас редакторы:

«Әр қалада арнайы лагерлер құрылып (стадиондар, қонақүйлер), онда еріксіз мигранттарды орналастырып, оларды медициналық тексерістен өткізіп, психикалық, саяси көзқарасын білу маңызды. Бастысы, оларды балабақша мен мектепке, колледжге жұмысқа алмауы тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың ең оңтайлы жолы. Елге келген ресейліктердің арасында тыңшылық қызмет атқаратындары да болуы әбден мүмкін. Оған Қорғаныс министрлігінің маңында дрон ұшырып жүрген екі ресейлік азаматтың ұсталуы дәлел бола алады».

Нені ескерген жөн?

Бұған дейін Ресейдің 382 азаматы біздің елде тұрақты тұру үшін және 64 азаматы Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құжат тап­сырғаны айтылған еді. Келген ресейліктердің басым көпшілігі тұрақты тұруға ниетті екені айтпаса да түсінікті. Өткенде Сауран көшесіндегі Халыққа қызмет көрсету орталығына барғанымызда, бірнеше ресейлік келешегін біздің елмен байланыстыратынын айтты да. Олардың арасында қос елдің азаматтығы бары да анықталды. Бұл ағымды біздің экономикамыз көтере ала ма? Ішкі ресурстық потенциалымыз жете ме? Міне, редакцияға хабарласқан ел ағасын осы сұрақ толғандырады екен.

– Миграцияның қоғамның этникалық құрамы мен әлеуметтік-демографиялық жағда­йына әсері ескерілуі тиіс. Соңғы күндері Ресейден келген көштің салмағын көшеде, сауда орындарында көрудеміз. Орыстар қаптап кетті. Күнделікті дүкенге барамын. Немерелеріме тәтті аламын. Нансыз асты тамақсынбаймыз ғой! Алайда соңғы күндері кешкі сағат 17.00-ден кейін нан қалмайтын болды. Неге? Өйткені сұраныс артты. Солай! Енді нан қымбаттамаса болғаны, – деп ойын ашық білдірді Мэлсь Ысқақов.

Әрине, нарықтың заңдылығы сұраныс пен ұсынысқа сай реттеледі. Нарық өз бағамын солай табады. Ресейліктердің қарасы көбейген бойда жалдамалы пәтердің бағасы екі есе қымбаттап шыға келді. Ұзақ мерзімге келген қонақтар 3, 4, 5 жұлдызды қонақүйге қаржыны шығындамайтыны анық. Олар жалдамалы пәтер іздейді. Бұған дейін екі бөлмелі пәтер орташа 160-180 мың теңгенің аралығында болған-ды. Қазір ше, 300-450 мың теңгеге құбылды. Бұл қаржыға пәтер жалдап тұруға ел азаматтарының қалтасы көтермейді. Өйткені теңге құнсыз, жалақы мардымсыз. Амалы жоқ жастар вокзал мен мешітті жағалап жүр. Бұл – шындық. Ақсақалдың ойы осыған саяды.

Ресей басшысы В.Путин мобилизация жариялағалы орыстар көштің бетін Польша, Финляндия, Норвегия, Израиль, Эстония, Литва, Моңғолия, Грузия, Армения, Өзбекстан, Қырғызстан және т. б. елге бұрды. Қазақстан мен Ресейдің арасында 7,5 мың шақырымнан асатын шекарада 30-дан астам өткізу пункті барын ескерсек, біздің елге келушілер көп болатыны айтпаса да түсінікті.

Мейлі ғой, Еуразиялық экономикалық одаққа кірген елдердің келісімшартының аясында бір-бірінің алдында міндеті бар. Сол бойынша кез келген ресейлік халық­аралық паспортсыз біздің елге келіп-кетсе, қазақстандықтар да солтүстіктегі көрші елге емін-еркін барып-қайта алады. Бұл түсінікті. Алайда оқырманымыз айтқандай, ұлы көштің залалы мен зардабы қандай болады?

Нұрлыбай ҚОШАМАНҰЛЫ, қоғам белсендісі:

«Ресейден әлемге жайылып кеткен орыстардың жалпы саны шамамен 15 миллионға жетті. Бұған алаңдамасақ, 2023 жылдың көктемінде 1,5-2 миллион ресейлік Қазақстанның еңбек нарығына келеді. Бұл аз болғандай, тәжік, қырғыз, өзбек мигранттары Қазақстанда тағы өріп жүр. Олардың да саны жыл сайын артып келеді. Ортаазиялық мигранттар Қазақстан еңбек нарығын жайлы көріп, соңғы 2 жылдың ішінде ішкі істер органдарынан 1,5 миллион рұқсатнама алып, оны тағы ұзартты. Мұндайда зиян шегетiн – iшкi еңбек нарығы, екi қолға бiр күрек таппай қиналатын тағы да қарапайым қазақтар».

Шыны керек, біздің елдің сервистік қызметі 3-4 мил­лион адам келсе көтере ала ма? Өте өзекті сұрақ. Екінші жағы, еңбек нарығындағы бәсекенің артқаны отандастарымызға ауыр тиетіні тағы анық.

Бірнеше күн бұрын көзі жәутеңдеп жүрген ресейліктер орнығып, қажетті пәтерін жалдап, бой үйретті. Енді не керек?

Бірінші кезекте – жұмыс. Қазір келушілердің көбі элиталық орыстарға жатады. Яғни тұрақты жұмыс істеген, тіпті табысты деуге болады. Өйткені олар мініп жүрген көлікке біздің қарапайым азаматтар қол жеткізе алмайтыны сөзсіз.

Екінші кезекте – олар отбасын ертіп келген жоқ. Көпшілігі салт келді. Уақытша болса да әйел іздейтіні анық. Біздің елде «кәрі қыздар» мен ажырасқандар көп. Бұл дегеніңіз олар неке шартын жасаса, азаматтық алуы қиын болмайды.

Үшінші кезекте – олар да ет пен сүйектен жаралған, тамақ іздейді. Әсіресе ішімдік түрлеріне сұраныс артады. Сөйтіп «арақ ішу культі» басталады.

Төртінші кезекте – әлем бойынша Ресейде СПИД-тің таралуы жоғары. Көрші елде 1 миллионға жуық адам ВИЧ жұқтырғаны белгілі. Оның үстіне, коронавирустың ­«дельта» штамы кең таралуда. Елге келген қашқындардың арасында жұқпалы ауруларды тасушылар болса, біздің елдің медицинасына ауыр соққы болмай ма?

Бесінші кезекте – отандық нарықта рубльдің шамадан тыс көбею салдарынан теңге құнсызданатыны түсінікті. Дерек көздерінде ел аумағында рубльдің қоры 25-30 миллиардқа жеткені туралы ақпарат бар.

Ғалым Сатжан Мейіржанов өзінің зерттеуінде сыртқы миграцияның қауіпсіздік контексіндегі проблемаларды зерттеп, көші-қон үдерісінің практикалық нәтижесін талдайды.

Мигранттардың көптеп шоғырлануы ең бірінші ішкі нарыққа нұқсан келтіріп, аумақтық еңбек нарығында жұмыссыздық проблемасын өршітеді, ұлттық мәселелерді шешуде белгілі бір деңгейде кедергі келтіреді.

Екінші аспект – мигранттардың  белгілі бір категория­сының еңбегін көлеңкелі эко­номикаға пайдалану әрекеті артып, қылмыс түрінің көбеюі­не әкеледі.

Үшінші аспект – ішкі капиталды сыртқа шығару үдерісі артып, экономикалық қауіпсіздікке орасан зор қауіп төндіреді. Мәселен, елге келіп-кеткен ресейліктер ішкі сервистік қызмет түрлерінің қымбаттауына және ішкі нарыққа сәйкес өндірілген өнім түрлерін сыртқа әкетіп, дефицит орын алады.

Қысқасы, миграциялық ағым – елдің қауіпсіздігіне, территориялық тұтастығына кері әсер ететін құбылыс.

P.S: Миграциялық үдеріс ғаламдық деңгейдегі проблемаға айналғалы қашан! Африка мен Азияның халқы өз үйі – өлең төсегін тастап, Еуропа мен Америкаға көптеп қоныс аударуы саясаткерлердің жүрсе ойынан, жатса түсінен шықпайтын құбылысқа айналды. Қазақстан билігі мұндай жағдаймен тұңғыш рет бетпе-бет келуде. Әліптің артын бағайық!..

 

 

 

 


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button