Басты ақпаратЕлорда тынысы

Әлем назарында – Астана

Кешеден бері қазақ елінің елордасына мәртебелі меймандар келіп жатыр. Астана төрінде өтетін Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңестің VI саммитіне және ТМД мемлекеттері басшылары кеңесі, «Орталық Азия-Ресей» саммитіне мемлекет басшылары, сонымен қатар іскер топтар делегациялары қатысады. Демек, Астанаға екі күн бойы әлем назары аударады.

«Ақорда» резиденциясында Түркия басшысын салтанатты қарсы алу шарасы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған бір-біріне делегациялар құрамын таныстырды. Құрмет Қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Түркияның әнұрандары орындалды. Салтанатты рәсімнен кейін мемлекеттер басшылары екіжақты кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанға ілтипат білдіріп, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін ризашылығын жеткізді.

Елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға Қазақстан Республикасының І дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді. Орденді табыстау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентін елін алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы деп атап өтті.

– Сіздің бүгінгі  мемлекеттік сапарыңыз екі елдің ынтымақтастығына үлкен серпін береді деп ойлаймын. Біз Түркиямен тең дәрежедегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға баса мен береміз. Бұл – менің ерекше назарымда. Кездесуіміздің күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасып, уағдаластыққа қол жеткіземіз деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде  Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа  мамыр айында Түркияға мемлекеттік сапары мен Нью-Йорктегі екіжақты кездесуден кейін қайтадан жүздесіп отырғанына қуанышты екенін атап өтіп, қонақжайлығы үшін алғыс айтты.

– Бүгін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтас­тық кеңесінің 4-отырысын өткіземіз. Сондай-ақ ертең Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитіне қатысамыз. Сіздің көшбасшылығыңызбен жүргізілген реформалар қазақ халқының тыныштығын сақтап, әл-ауқатын жақсартатынына сенімім мол. 20 қараша күні болатын Президент сайлауы әділ әрі Жаңа Қазақстан үшін қайыр­лы болуын және сізге сол сайлауда сәттілік тілеймін, – деді Режеп Тайип Ердоған.

Сондай-ақ Түркия Президенті жаһандық және аймақтық тұрақсыздық белең алған  шақта түркі мемлекеттерінің ынтымағын одан әрі нығайту қажет екенін, сондықтан стратегиялық серіктес әрі бауырлас ел Қазақстанның қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, территориялық тұтастығына  және экономикалық әл-ауқатының жақсаруына айрықша мән беретінін жеткізді.

– Түркияға мемлекеттік сапарыңыз барысында қол қойылған 14 ынтымақтастық туралы құжат пен ортақ декларация қарым-қатынасымызға тың серпін берді. Бүгін осы келісімдерге қосымша жаңа құжаттар қосылады. Атажұртыма келген маған және менің делегацияма қонақжайлық көрсеткеніңіз үшін тағы да алғыс айтамын, – деді Режеп Тайип Ердоған.

Келіссөзден кейін Мемлекет басшыларының қатысуымен ресми делегациялардың мүшелері бірқатар екіжақты меморандумға қол қойды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button