Мұхтар мұрасы – халық қазынасы
![](https://astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2022/09/IMG_8524-780x470.jpg)
Астананың М.Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапханада заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтiң туғанына 125 жыл толуына орай «Кiтап оқитын ел» мемлекеттiк бағдарламасы аясында жазушының негiзгi шығармаларын жастар арасында насихаттау мақсатында «Мұхтар мұрасы – халық қазынасы» тақырыбында дөнгелек үстелі мәжілісі өтті.
Іс-шараны қаланың орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева ашып, әлемнің Әуезові жайлы сөз сабақтады. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Рақымжан Тұрысбек, «Polska jebnosc» ұйымының вице-президенті Ринат Дусумов, №71 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалiмi Ақбөпе Қасымова мәнді де мағыналы сөз өрбітті. «М.Әуезов – ұлылықтың үлгiсi», «М.Әуезов – әлем әдебиеті мойындаған тұлға» тақырыптарында баяндамалар оқылып, пiкiрлер тындалды.
Жазушыға талай ақындар жыр арнаған. Қатысушылар Қасым Аманжоловтың «Мұхтар аға», Жарасқан Әбдірашұлының «Тарихы заңы», Расул Гамзатовтың «Мұхтар аға» арнауларын оқыды. №71 мектеп-лицей оқушылары мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерi «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзiнді көрсеттi. Бекзат Смағұл «Сегіз аяқ» әнiн орындаса, Абзал Мақаш, Арманбек Жәкейхан, Әдемі Піспекбаева өнерлерін көрсетті. «Әуезов әлемі» тақырыбындағы көрмеге жалпы шолу жасалды.