Оқушыларға – қосымша білім
![](https://astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2023/08/367697575_3721602768116130_7669876112107141099_n-e1692209140798-780x470.jpg)
Жаңа оқу жылы қарсаңында Тұран даңғылында орналасқан жаңа бес қабатты Оқушылар сарайы ашылады.
«SANA» оқушылар сарайында 56 бағыт бойынша 50-ден астам үйірме жұмыс істейді. 99 оқытушы жасөспірімдердің рухани-мәдени шығармашылық әлеуетін дамытатын болады.
Ғимараттың жалпы ауданы – 8 мың шаршы метр. Онда оқушылар судо және авиа модельдеу, фото және бейне студиясы, cooking club (аспаздық клубы), Apple және Windows сыныбында білімін шыңдайды. Басты ерекшелігі – тек балаларға арналған 25 метрлі бассейн болады.
Жасөспірімдер мен балалар үшін қосымша білім беруге арналған орталыққа Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов арнайы барып, жұмысымен танысып:
– Заманауи жабдықтармен жабдықталған орталық бір уақытта 700-ге дейін оқушыны қабылдай алады. Жыл бойы жұмыс істейтін Оқушылар сарайы би, вокал, робототехника, әртүрлі спорт түрлері, әлеуметтік ғылымдар бойынша қызмет көрсетеді, – деді.
Заманауи орталық жаңа оқу жылында жұмысты толық бастауға дайын.
– Орталық мұғалімдерінің 99 пайызы жинақталды. 1 қыркүйектен толық құрамда жұмыс істейміз. Үйірме жұмысы баланың қабілетіне қарай ұйымдастырылады. Оқушы өзі бейімделіп жатқан сала бойынша жас ерекшелігіне қарай ең төменгі деңгейден жоғары деңгейге дейін шыңдалады. Мысалы, технологиялар курсында бала әуелі техниканың құрылысымен танысады, бірте-бірте роботпен жұмыс істеуге дейін жаттығады. Мұнда заманауи журналистика дағдыларын үйрету курсы бар, – дейді орталықтың білім және тәрбие бөлімінің жетекшісі Қазбек Елубайұлы.