Басты ақпаратҚала мен Сала

Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендетеді

Елордадағы жылу құбырларының тозу деңгейі 55,2 пайызға жеткен. Үкімет соны 2029 жылға дейін 40 пайызға төмендетуді осы салаға жауапты «Астана-Теплотранзит» АҚ алдына міндет етіп қойды. Сол мақсатта биыл 2,9 млрд теңгеге инвестициялық бағдарлама бекітілген болатын. Аталған қаржының қазіргі таңда қалай игеріліп, елордада жылу желілерін жөндеу жұмысы қалай жүріп жатқанын, жалпы бағдарламаның орындалу барысын көрсету үшін Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қалалық департаменті «Астана-Теплотранзит» АҚ нысандары бойынша баспасөз турын ұйымдастырды.

Баспасөз туры атал­ған компа­нияның қызметкерлері жылу жүйесі құбырларын жаңартып жатқан 3 телімде өтті. Оған қоғам белсенділері, Астана қалалық мәслихатының депутаттары және БАҚ өкілдері қатысты. «Астана-Теплотранзит» АҚ жылу трассасын қайта жаңарту бойынша Ж.Тәшенов көшесі, 10-үй; М.Әуезов көшесі, 27-үй; Республика даңғылы, 27-үй мекенжайлары маңындағы телімдер бойынша жұмыстар қаралды. Соның ішінде бірінші телімдегі жұмыстармен Табиғи монополияларды реттеу комитеті Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мағжан Қуанышбек таныстырды.

– Инвестициялық бағдарлама бойынша қаладағы проблемалық 15 нысанды қайта жаңарту көзделген. Соның аясында Астанада жылу желілерін ауқымды реконструкциялау жұмысы жалғасуда. Аталған акционерлік қоғам берген мәліметтер бойынша биылғы жұмыстың 60 пайызы істелді. Қалғанын қазан айының соңына дейін аяқтау көзделуде. Сондай-ақ «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша осы жылы қосымша 1 млрд 145 миллион теңге бөлінді. Жылу науқаны басталғанша барлық жұмыс аяқталады, – деді ол.

Келесі кезекте баспасөз турының қатысушылары ­М.Әуезов көшесі, 25, 27-үйлер бойындағы жылу трассасын қайта жаңарту жұмысымен танысты. Дәл сондай жұмыстар Бейбітшілік көшесі, 24, 26, 28-үйлер бо­йында және Бөгенбай батыр даңғылы, 50/1 даңғылында жүргізіліп жатыр. «Астана-­Теплотранзит» АҚ төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Марат Сейітқазиев те осы телімдегі және жалпы қаладағы жерасты жылу желісін жаңарту жұмысының барысынан мәлімет берді.

– Кәсіпорынның қызмет көрсету аумағы қала бойынша жалпы ұзындығы 957,016 шақырым жылу жүйелерінен тұрады. Елорданы жылумен қамту саласының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және жағдайын жақсарту, жаңғырту үшін компания 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруда. Аталған бағдарламамен былтыр ұзындығы 6413 метр жылу трассасы кәсіпорынның өз күшімен және мердігерлік жолмен жаңартылды. Ал биылға осы бағдарлама шеңберінде жалпы ұзындығы 8,335 шақырым жылу трассасы бойындағы диаметрі 50-400 мм құбырлар жаңартылуда. Бүгінгі таңда соның ішінде 4,900 шақырым жылу трассасындағы жұмыс­тар бітті. Бұл – жалпы жұмыс көлемінің 59 пайызы, – деді М.Сейітқазиев.

Турға қатысқан Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері бойынша комиссия төрағасы Кендебай Адамбеков жылу трассаларының тозуы әсіресе қаланың оң жағалауына тиесілі екенін айтты.

– Елордада 15 жылдан бері жылу трассаларына қатысты көп мәселе шешілді. Бірақ биыл Президент тапсырмасы бо­йынша «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы қарастырылып жатыр. 1 шілдеден бастап жылу тарифі 19 пайызға қымбаттады. Бұл жөндеу біз бен сіздің жылуға төлеп отырған қаржымызға жасалуда. Жылу құбырларының тозуы әсіресе оң жағалауға тиесілі, сол жағалауда құбырлар әлі жарамды. Қала тұрғындарының жартысы оң жағалауда тұрады. Былтыр елордада жылу жетіспегенін бәріміз білеміз. Қазір әлі де 1000 мгб жылу жетіспейді. Әр жерде 200, 500 метр қысқа жер телімдері жылыту маусымына дайындалып, ауыстырылып жатыр. Одан бөлек, қалада жаңа жылыту қазандықтары салынуда. Атап өткендей, қаладағы жылу жүйелерінің тозу деңгейін 2029 жылға дейін 40 пайызға түсіру керек болса, биылғы жұмыстар арқылы тек 4 пайыз ғана төмендейді. Бұл құбырлардың жатқанына кем дегенде 20 жыл болған. Олардың жарамдылық мерзімі – диаметріне қарай 18, 20, 25 жыл. Осы бағдарламаны жүзеге асыру арқылы қалада жылу мәселесіне қатысты 1-2 жылға қиындықтар болмайды, – деді комиссия төрағасы.

Турға қатысып, нысандарды аралап жүрген Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, ­республикалық тариф саясатының сарапшысы Марат Мұстафин «Астана-Теплотранзит» АҚ жұмысын әзірге күн жылы, жарық кезде тездетіп аяқтау үшін жұмыс қарқынын жылдамдатуы керек екенін жеткізді.

– Бұлар 100 пайыздан артық тариф сұрап еді, 19 пайыз берілді. Соның ішінде 2,9 млрд теңге инвестиция бекітілген. Ал былтыр бұлардың тарифінде 1,9 млрд болған. Бұл қаржы тарифтің ішінде, жұмыс тұтынушылардың төлемақысымен жасалуда. Үлкен бағдарлама. Қалада бұдан басқа да жұмыс көп. Сондықтан кішкене жылдамдату керек. Құбырлардың тозу деңгейі жағынан Астанада басқа қалаларға қарағанда жағдай дұрыстау. 20 жылда қаншама құбыр жаңартылды. Осы бағдарламамен жасалған жұмыстар арқасында қысқа жақсы кіруге шамасы бар, – деді ол.

Қоғам белсенділері барған үшінші нысан Республика даңғылы, 25 мекенжайында орналасқан. Жауапты маманның сөзінше, бүгінде мұндағы жұмыс 100 пайызға орындалған. Жылу желілерін тексеру қорытындысы бойынша құбырлардың айтарлықтай тозғаны анықталған. Жылу желілерінің қанағаттанарлықсыз жағдайының негізгі себебі – құбырлар мен жабдықтардың ұзақ уақыт пайдаланылуы. Бұған желіде үнемі болатын температуралық және динамикалық кернеулер, сондай-ақ сыртқы және ішкі тоттану процесі ықпал еткен.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button